2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төрт балалы ана – көпбалалы ана емес. Сондықтан дәл осы күннен бері төртінші сәбиін дүниеге әкелген әйелдер көпбалалы ана мәртебесінен де, автобустарда тегін жүру құқынан да, жалпы, барлық жеңілдіктен қағылды.
Мұның әділдікке жатпайтынын айтып шағымданған аналар Үкіметтен көк куәлікті статусымен бірге қайтарып беруді сұраған еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уәде еткендей, кәмелет жасына толмаған төрт баласы бар аналарға 6 мамырдан бастап куәлік беріле бастады. Өкініштісі сол, куәліктің өзі қайтқанмен, аналарға ең қажетті жәрдемақысы қоса қайтпады. Яғни, олар 10 504 теңгені ала алмайды. Олай болса, қайтқан куәліктің қандай қайыры бар?
Үкіметтік жұмыс тобы еліміздің барлық өңірлерін аралап, мұндай отбасылардың мәселесіне көз жеткізгеннен кейін, көпбалалы аналардың мәртебесін қайтару туралы шешім қабылдаған еді. «Бұл, біздіңше, дұрыс емес. Куәлік берілді ме, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны да беру керек. Формальді түрде ғана қайтара салды. «Осылар тыныш болсын» деп, бере салды. Қоғамда алалық болмау керек. Заң бәріне ортақ болуы шарт. Барлық төрт баласы барлардың құқығы бірдей болғанын қалаймыз. Жолда тегін жүреміз, балаларымызды 50 пайыз жеңілдікпен қыдыртамыз дейік. Мұнысына рақмет. Бірақ бұлардың ешбірі сонау ауылда, түкпірде отырған анаға керек емес. Оған бұл статустың жәрдемақысы ғана керек», – дейді елордалық тұрғын Айнұр Қарамендиева.
Айта кетейік, бұл куәліктің орта мектептерде көпбалалы отбасылардан шыққан 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасын беруге, түрлі үйірмелерге, балабақшаға баратын баласы болса, ақысынан 50 пайыз жеңілдік жасауға, көпбалалы аналарға қоғамдық көліктерде тегін жүруге, сонымен қатар көпбалалы отбасы ретінде жеңілдетілген пайыздар бойынша мемлекет ұсынып отырған баспанадан алуға септігі тиеді.
«Оның орнына былтырдан бері аз қамтылған отбасылар үшін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады. Бірақ бұл көмекті жалақысына байланысты ала алмай отырған отбасылар көп. Сондықтан да осындай дау шығуда. Алайда бұл көк куәліктің пайдасы да көп», – дейді «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамы Нұр-Сұлтан филиалының жетекшісі Мейрамхан Жәпек.