Кәсіп ашатындар – әйелдер

Кәсіп ашатындар – әйелдер

«Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаева сайлауалды науқан барысында Шортанды ауылына барды. Үгіт-насихат шаралары Ақмола облыстық штабтың ұйымдастыруымен өтті. Оған штаб мүшелері Дмитрий Васильев, Меруерт Қазбекова және партияның аймақтық белсенділері қатысты.

Дания Еспаеваның сайлауалды үгіт тобы А.Бараев атындағы астық шаруа­шылығының ғылыми-өнеркәсіп орта­лығына ат басын бұрып, орталықтың соң­ғы жетістіктерімен танысып, ғалым­дарға не қажет екенін сұрап білді. Орта­лықтағы сұрыптау зерттеуі нәтижесінде бидай, арпа, тары және басқа да дақыл­дардың 60-қа жуық жаңа түрі шығарылған.

Бұдан соң, үміткер Шортанды ауда­нының бюджеттік қызметкерлерімен, кәсіпкерлерімен кездесті. Аудандағы 1300-дей адам шағын және орта биз­неспен айналысады. Д.Еспаева сайлау­шыларды өз бағдарламасымен таныс­тырып, экономиканың басым салалары үшін төмендетілген қосымша құн салығы мөлшерлемесін енгізу сияқты ұсыныс­тарын айтты.

«Дәл осындай ауылдық елдімекен­дерде бизнесті көбіне әйелдер ашады. Нанды пісіретін кім? Шаштараз ашатын кім? Сұлулық салонын ашатын кім? Әрине, әйелдер. Біздің кездесулерімізде сайлаушыларға бағдарламамдағы негізгі тұстарды атап өтемін. Мен үшін, мына залда отырған әйелдердің менің сайлауға ұсынылуымды оң қабылдағаны маңыз­ды. Өзімді еліміздің басты лауа­зымына ұсыну арқылы – өзім үшін ғана емес, барлық қазақстандық әйелдер үшін батыл қадам жасадым. Бұл де­мократияға деген қадам, саяси және экономикалық салада әйел адамның мүмкіндігі ер адам­дармен тең екендігінің көрінісі», – деді кандидат.

Үгіт шарасы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында жалғасты. Үгіт тобы қазақстандық Агро иннова­циялық корпорация ұжымымен кездесті. Кездесу аймақтық штабтың ұйым­дастыруымен өтті.


Айдана БЕГІМ