11 жасар бала бүлдіршінді құтқарғаны үшін марапатталды

11 жасар бала бүлдіршінді құтқарғаны үшін марапатталды

Жетісай қаласында 11 жасар Мейрамбек Бекназар кәріз құдығына құлаған жас бүлдіршінді құтқарғаны үшін генерал-майор В. Беккердің алғысхатымен марапатталды. Бұл жайында облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға 2 сәуір күні кешкі сағат 19.40 шамасында болған. Мейрамбек Бекназар А.Қалыбеков көшесіндегі кәріз құдығына құлаған 2 жасар баланы құтқарып қалған.

Осы ерлігі үшін соңғы қоңырау жиынында Түркістан облысы ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы, генерал-майор В.Беккердің алғысхатын салтанатты түрде табыстады. Жиын барысында Нұрғали Жүнісов ата-анасына, мектеп директоры мен сынып жетекшісіне батыр бала тәрбиелегені үшін алғыс білдіріп, М.Бекназарды бағалы сыйлықпен марапаттады.

Мейрамбек Бекназар 2008 жылы Жетісай қаласында дүниеге келген. Отбасында 7 бала бар, ата-анасының екінші перзенті. №2 Шохан Уәлиханов атындағы мектебінің 5 а сынып оқушысы.  

Ол кішкентай бүлдіршіннің кәріз құдығына құлап көре салысымен, ойнап жүрген балалармен бірге дереу жүгіріп келген. Балалар кәрізден кішкентай бүлдіршінді көрмеген. Құдықтың іші 1 метрден аса лас су толып тұрған. Сол мезетте Мейрамбек дереу құдықтың ішіне түсіп, кәріздегі судың мойын тұсына келгеніне қарамастан баланы іздеген. Ақырында суға басын тығып, кішкентай бүлдіршінді қолымен іздеп тауып,  тұншығып жатқан 2 жасар  баланы көтеріп алып шыққан. Осылайша, Мейрамбек бүлдіршіннің өмірін сақтап қалған.

.