Ардақ Әбіжанов Қазақстанға алғаш селф-сторадж жобасын енгізген. Жеке сақтау қоймасы қызметі Еуропа мен АҚШ-та үлкен сұраныста. Адамдардың үйін, пәтерін, балконын артық заттардан босатуды қолға алған ол әріптесі Алмаспен бірге ZIP Sklad жобасын бастаған. Алматылық жігіт UIB, Warwick Business School бизнес мектептерінде білім алып, SB Capital және Ордабасы груп мекемелерінде жоғары қызметте болған. Бала кезінен кәсіппен айналысуды мақсат еткен ол жолдастарымен одан басқа Mama’s , Evolve секілді жобалардың негізін қалаған. Жұмыстарымен танысу мақсатында кәсіпкермен әңгілесудің орайы келді.
– Ардақ, ZipSklad деген атаумен селф-сторадж жобасын Қазақстанға алғаш енгізгеннің бірісіз. Жеке сақтау қоймасы қызметін бізге әкелуге не түрткі болды?
– Жалпы, саяхаттап жүргенде ойға көп нәрсе келеді. Оған қоса, шетелде жиі боламын. Ол жақта босқа жүрмей, біздің елге әкелетіндей артықшылықтарды қарап жүретін әдетім бар. Соның бірі – Self-storage, бұл жеке сақтау қызметі. Мұның басты ерекшелігі – кез келген адам өзіне қолайлы жерден, таза, қауіпсіз, тәулік бойы wi-fi қосылған әрі күзеті бар қойманы жалға ала алады. Ондай жерді тек қойма емес, офис ретінде де қолдануға болады. Мәселен, АҚШ-та осындай қоймалар 60-жылдардан бар. Еуропада да жақсы дамыған. Big Yellow деген британдық компанияны алып қарайтын, олардың Лондонда алып жатқан қоймасының көлемі 320 мың шаршы метр екен. Оның үстіне 1 миллион доллардан астамын АҚШ-қа қаржыландырды. Жалпы, әлемде мұндай қойма жақсы сұраныста. Қолданушының көбі оған қолданбайтын затын, жиһазын, құжат архивін сақтайды. Ал бізде ол мақсатта әлі күнге дейін балконды, гаражды қолданады. Осы жобаны посткеңестік аймақта ең бірінші болып 2009 жылы Ресей әкелген. Жеке қойманың не үшін керек екенін, қолайлығын түсіну үшін адамдарға уақыт керек болды. Сол процесс әлі де жалғасып келеді. Бүгінде Ресейде қойманың 50 пайызы жұмыс істеп, олар 90-95 пайызға толып тұр. Міне, ресейлік және британдық әріптестердің тәжірибесін зерттей келе, Қазақстанға да осы жобаны енгізуді шештік. Мақсатымыз – қазақстандықтардың үйін артық заттан босату. Сонда әр адамның пәтерін барынша жайлы етуіне мүмкіндігі болады.
– Мүмкін бұл жоба шетелде жақсы жұмыс істейтін шығар. Ал бізде сұраныс бар ма?
– Бүгінде адамдардың қызығушылығы күннен күнге артып келе жатыр, оған сенімдімін. Жұмыс істеп жатқанымызға екі жыл болды. 2018 жылдың соңында екінші қойманы іске қостық, үшіншісін қоспақшымыз. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласына шығу жоспарда бар. Бәріне уақыт керек. Өйткені уақыт өте адамның ойы да өзгереді, ескі әдеті де артта қалады.
– Бұл жоба қаншалықты табысты, шығынын ақтады ма?
– Жоба өзінше қызықты әрі табысты. Меніңше, кез келген бизнесті дұрыс басқарып, тынымсыз жұмыс істесең, табысқа кенелесің. Егер жолын таба алмасаң, қателік те көп болады. Шығынға ұшырайсың.
– Қандай бокстар сұраныста, олардың бағасы қандай? Оны қарапайым адамның қалтасы көтере ме?
– Көбіне сұраныста – шаршы метрі 2-де 10-ға дейінгі аралықта. Одан да үлкен көлемдегі бокстарды кішігірім кәсіпорындар, заңгерлік компаниялар интернет дүкендер алады. Ақшасы жағынан да тым қымбат емес. Бір айға – шаршы метрі 11 мың теңге. Артық заттың бәрі үйдің бір бұрышында шаң басып, үйіліп тұрғаннан гөрі, бөлек жерде тұрғаны дұрыс емес пе?!
– Өткен жылы әлемге белгілі Oceanman жобасының баламасы Evolve-ты жасап, суға жүзуді қолға алыпсыз. Біздің елде жасауға не себеп болды? Білуімізше, бұл қайырымдылық емес, коммерциялық жоба емес пе?
– Біріншіден, спорт – хоббиім. Екіншіден, өзім жүзумен айналысамын. Шыны керек, бұл жобаға аяқасты келдім. Oceanman жобасының былтырғы маусымына қатысқан жолдастарым, қазіргі серіктестерім түрткі болды. Бірде бас қосып отырғанымызда, сол жоба жайында сөз қозғап, бізде неге жасамасқа деген ой келді. Бұл жобаға өзіміз қаржы салдық, сондықтан 100 пайыз коммерциялық жоба. Алғашқы жарысымыз Бурабай көлінде болды. Көлдің бас-аяғына дейін 4 шақырым жерін қатысушылар жүзіп өтті. Түрік каналы түсіріп, бүкіл әлемге тікелей эфирде таратты. Осы арқылы еліміздегі әдемі табиғатты көрсете алдық. Ал көрікті жерге келетін турист те көбейеді. Міне, біздің мақсат осы еді. Бұл жердегі мақсат ақша тауып, пайда көру емес. «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы» демей ме қазақ?! Сонымен қатар халыққа салауатты өмір салтын ұстануды үлгі етпекпіз.
– Алғашқы жарысты ұйымдастыруда қандай да бір қиындықтар болмады ма? Жалпы, жылына қанша жарыс ұйымдастырмақшысыз?
– Ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде болды. Бұл жарыс біздің ғана емес, қатысушылардың да тарихында қалды. Себебі, Бурабайды ресми түрде жүзіп өтті. Негізі осындай шараны жылына 3-4 рет өткізуді жоспарлап отырмыз. «Асықпаған арбамен қоян алады» демей ме, бәрін уақыт көрсетеді.
– Бұған кез келген адам қатыса ала ма? Ол үшін не істеу керек? Қауіпсіздік жағы қалай болмақ?
– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жалпы ережелерге сәйкес стандартты шектеулер бар. Біз одан бас тартқанымыз жоқ. Қауіпсіздік бойынша көрсетілген халықаралық ережелер мен стандарттарды ұстанамыз. Мәселен, суда жүзушілердің жанында қайыққа мінген адамдар жүреді. Қатысушының қол-аяғы тартылып, жағдайы нашарласа, судан шығарып алып, жағада тұрған жедел жәрдемге жеткізіледі. Алғашқы көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Тіпті шара төтенше жағдайда қызметкерлердің бақылауында. Ары қарай жүзуін жалғастыру не тоқтатуы өз еркінде.
Жасы 18-ге толған кез келген адам қатыса алады. Адам жасына ешқандай шектеу қойылмаған. Бастысы, кәмелеттік жасқа толуы керек. Әлемде осындай жарыстарға 80 жастағы қариялардың да қатысқаны бар.
– Бала кезіңізде нені армандадыңыз? Жиһанкез екеніңізді білеміз, дегенмен өзіңіз жайында айтып берсеңіз?
– Адам болған соң, уақыт өткен сайын өмірге деген мақсатың да, арманың да өзгереді. Сол сияқты арман-мақсат әр кезеңде әртүрлі болды. Бірақ үнемі бизнесмен болуды ойлаппын. Бастапқыда, студенттік шақта жолдастарыммен бірге кәсіп ашып көрдім. Алайда кәсіппен шындап айналысу үшін тәжірибе жинақтау керегіне көзім жетті. Ол уақытта университетте «Үлкен төрттікке» жататын компаниялар болатын. Соған түскім келді. 3-курста Deloitte компаниясының грантын жеңіп, 19 жасымда сол компанияның аудит бөлімінде жұмыс істедім. Қызметте де өстім. Ол кезде қолыма әлі диплом тимеген. Артынан PWC компаниясында ішкі аудитпен айналыстым. Негізінен капиталды алып-сату ісін жүргізу және кеңес беру бөлімінде жұмыс істедім. Сөйтіп, «Үлкен төрттікке» жататын компанияларда 6 жылдай істеп, үлкен тәжірибе жинақтадым. «Верный капитал» компаниясында жүргенімде елімізге қатысты ірі келісімдерге атсалысып, білікті мамандарымен істеуім көп нәрсені үйретті. Кейін SB Capital және «Ордабасы груп» мекемелерінде жоғары қызметте болдым. Сол «Ордабасыда» жүріп, Mama’s, жылдам әрі дұрыс тамақтану тізбегімен айналыстым. Бұл – алғашқы жобам. Алмас Алдығаппаровпен және екеуміздің ортақ танысымызбен жасадық. Жобамыз тоқтап қалған жоқ, жүріп жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Анар ҚОНЫС