Бүгінде әлеуметтік желі қоғамдық пікір қазандай қайнап жататын ақпараттық алаңға айналды. Онда қалың көпшілік әрбір саяси оқиғаға дуылдап өз бағасын беріп жатады. Сондай оқиғалардың бірі жуырда өткен Қазақстан халқы ассамблеясында шығып сөйлеген түрлі ұлт өкілдерінің мәлімдемелері болды. Осы сессияда сөйлеген шешендердің бірі белгілі жазушы Смағұл Елубаевты әңгімеге тарттық.
– Смағұл аға, ҚХА сессиясы әдеттегідей өте жоғары деңгейде өтті. Сессия төрінде Қазақстан халқы ассамблеясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отырды. Жиынды ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев жүргізді. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты жиынға Үкімет пен Парламент басшылары, депутаттар, шет елдердің Қазақстандағы елшілері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері түгел дерлік қатысты. Бұл жиынға осыншалықты мән берілуінің мәні неде?
– Оның себебін түсіну үшін сонау бір тоқсаныншы жылдар аталатын Тәуелсіздіктің тәй-тәй қадам басқан жылдарына көз жіберу керек. Ол кезде қоғамда Қазақстан болашағына, қазақ элитасына деген сенім дәл бүгінгідей бекіп үлгерген жоқ болатын. Көрші елдерімізде азамат соғысы оты лапылдап жатты. Ал бізде ілгері басқан тәуелсіз Қазақстанды ту-талақай етпек сепаратистік көңіл күйлер сабасына түспей тұрды. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев полиэтникалық Қазақстан қоғамының жетекші өкілдері жиі бас қосатын бір қоғамдық шаңырақ құруды ұсынды. Сөйтіп, Қазақстан халқы ассамблеясы өмірге келіп, біз осы шаңырақ астында бас қоса бастадық.
Алғашқы кезде біз де осы ұйым табалдырығын тосырқап аттадық. Жүре келе көзіміздің жеткені бұл ұйым еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің іс-жүзінде бас қосатын алаңы екен. Біздің қазақ «Бір көрген – таныс, екі көрген – біліс» дейді. Осы шаңырақ астында кездесіп жүріп біз түрлі ұлт өкілдерімен таныстық, білістік, достасып кеттік. Бүгінде олармен қай жерде кездессек те жатырқап, тосырқап тұрмай, шұрқыраса кетеміз. Дөңгелек үстелдерде пікір алысамыз. Сөйлесеміз. Олардың мұң-мұқтажын тыңдаймыз. Олар да біздің, яғни, қазақ проблемасын өз ауызымыздан естиді. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дейді ғой.
Жақында Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Алматыда қазақ зиялы қауымы өкілдері мен этно-мәдени бірлестік жетекшілерінің басын тағы да қосты. Соған орай Достық үйінде ұлттық тағамдар мерекесі ұйымдастырылды. Қазақтың кең дастарқанын әртүрлі ұлттық тағамдар байытқан бұл мереке ерекше шара болды. Сөйтсек, осындай сәтті өткен әрбір жиын бізді бір-бірімізге жақындата түседі екен. Ұққанымыз, ассамблея миссиясы ұлтына қарамастан 18 миллион Қазақстан халқын бір ту астында біріктіру екен.
– Биылғы сессия несімен ерекшеленді?
– Елімізде жоғары билік ауысқан дүбірлі тарихи күндердің ізін суытпай өткендіктен, осы оқиға сессия аурасына әсер етті. Сессияда сөйлеушілердің бірі Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің студенті Милина Вавулиди: «Елбасы президенттік билікті тапсыратынын мәлімдемегенде енді ертеңгі күніміз не болады деп жыладым» деуі сондықтан. Біз «кемедегінің жаны бір» екенін еске алдық. Елестетіңізші! Даңғайыр тарих айдынында жолаушыға толы «Қазақстан» атты кеме келеді. Үсті толы түрлі ұлт өкілдерінен құралған алабажыр жұрт. Бірақ бәрінің тілегі бір. Ол – кеменің амандығы. Осы амандықты, алдымен, тілейтін Алаш жұрты. Сондықтан да біз өз сөзімізде «Қазақстан» атты кеме амандығы үшін, сол кеменің негізгі жолаушылары қазақ халқының көңіл күйіне қатысты әңгіме қозғадық.
«Қазақстан» кемесі алда да аман-есен айдынды еңсере беруі үшін оның негізгі жолаушысы – қазақ халқының жан тыныштығы қажет. Өз тілінің отыз жыл өтсе де орыс тілінің көлеңкесінде қалып келуі бүгінде қазақтың жанына тыныштық бермей отыр дегенді айтқымыз келді. «Тіл жұлдызы жанбай, ел жұлдызы жанбайды!» дедік содан. Қазақтың жанайқайын молдован қызы Алла Чечеткина айтып жіберді. «Қазақтың тіліне құрметпен қарауды бәріңнен талап етемін!» деп салды қазақтың жалпақ тілімен. Алланың бұл мәлімдемесін Елбасы іліп әкетіп: «Көрдіңдер ме, қазақшасы сіздердің көбіңізден артық! Ұялуымыз керек бұдан кейін!» деп, шала тілділерді бір түйреп, тіл тағдырына қатты алаңдайтынын білдіріп. Сөйлеушілер мен Елбасының арқасында сессияда мемлекеттік тіл тағдырына деген алаңдаушылық анық көзге ұрды. Мен үшін осы сессияның ерекшелігі осы болды.
– Осы сессия аяғында сіздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен де тілдесіп тұрғаныңыз байқалды...
– Қасым-Жомарт Кемелұлын президенттік билікке кірісуімен құттықтадым.
– Ол кісіні бұрыннан білетін бе едіңіз?
– Тек телеэкран, ақпарат құралдары арқылы ғана білетінмін. Бірінші рет жүзбе-жүз кездестік. Бұдан бұрын екі жылдай айтулы мерекелерде өзара құттықтаухат алысып тұрдық. Арамызда содан сыйластық қарым-қатынас орнаған. Содан біздің түсінігімізде осынау айтулы мемлекет қайраткерінің «ұлық болсаң, кішік бол» дегенге лайық халықшыл зиялы бейнесі қалыптасқан. Қалада туған бұл тұлға бойына халықшылдық қасиет қайдан келген деген сауалмен жүріп, бір күні оның «Әке туралы толғаныс» атты естелігін оқыдым. Ашаршылық жылдары әкесі Кемел мен атасы Тоқа бастан кешкен ғарасат майданымен аздап жүріп өткендей болдым. Ойпыр-ай, деп шошыдым. Неткен тағдыр! Байғұс қазақ көрмеген азап қалмаған екен ғой! Өз отбасы бастан кешкен сол тағдырды Қасым-Жомарт Кемелұлы жүрегінен қан тамшылап отырып қағазға түсіріпті. Біз бұл тұлғаның рухани тамырының ұлт тағдырымен тым терең табысып жатқанын түсіндік. Оған тән халықшылдық, кішіпейілдік деген қасиеттердің қайнары қайда жатқанын көрдік.
– Әңгімеңізге рақмет!