Nur Otan партиясының XVIII съезінде Елбасы халықтың тұрмыс сапасын одан ары жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл орайда тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру жергілікті атқарушы органның басты міндеті саналатынын айта кеткен жөн.
Бүгінде Елбасы тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру мақсатында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар басты назарға алынып, оларға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған жаңа жобалар да іске аса бастады. Аталған мақсатты жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік органдар да халыққа әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.
Соның бірі – Қазақстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы қызметкерлерінің Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбалалы аналарға арнап өткізген арнайы коучинг-сессиясы. Академияның өңірлік филиалдарында ұйымдастырылған іс-шарада 25 көпбалалы анаға кәсіби 25 коуч қызмет етті. Сессия кезінде коучтар аналармен диалог құрып, олардың өмірінде кездескен кедергілерін тыңдап, кеңес берді. Тұрғындар бұл кездесуден керемет әсер алғанын жасырмады.
– Күш-қуатым арта түскендей болды. Алда қолға алғалы отырған ісімді тиянақты орындап, аяғына дейін сәтті жеткізгім келеді. Бастысы бұған дейінгі басымдағы барлық проблеманы реттеп, шаруаларым жүзеге аспай қалады-ау деген қорқыныштан арылдым. Көп мәселені нақты әрекеттер жоспарын жасап, оның шешілу жолдарын ойластырып шешуге болады. Барлығы да өз қолымда, – дейді сессияға қатысушы.
Коучтар командасын халықаралық деңгейдегі ICU-дің сертификатталған коучтары құрады. Олардың ішінде Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары мен қызметкерлері де бар. Сессия соңында коучтар да өз әсерлерімен бөлісті.
Қазақстан коучинг орталығының басшысы Ғалия Нұрбекова өмірде қиын жағдайларға тап болған аналарға қазір нақты көмек пен жеке көзқарас қажет дейді. Ол сондай-ақ коучингтің тамаша әдіс екенін атап өтті.
– Академия өзінің 25 жылдық мерейтойында ардагерлерді, көпбалалы отбасыларды, белгілі бір қажеттіліктері бар адамдарды және жастарды қолдауға бағытталған 25 әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды бастап кетті. Коучинг – бұл адамның қиындықтарды жеңуге, қалаған мақсатқа жетуіне көмектесетін және ол үшін ең жақсы болатын шешімдер, жолдар, қадамдар табуға көмектесетін технология. Осы технологияның арқасында көп мәселе оңтайлы шешімін тапты. Ал коуч дегеніміз – психолог емес, «дұрыс сұрақтар» қою арқылы клиентке жаңа мүмкіндіктерді, оның міндеттерін шешу үшін ең жақсы нұсқаларды табуға, әрекет етуге шабыттандыруға, нақты жоспарды белгілеуге, қалағанды іске асыру қадамдарын көрсетуге көмектесетін маман. Маманның кеңесіне жүгіну біраз жайттардың көлеңкелі тұстарын ашып береді. Сондықтан бұл бастама тұрғындар үшін пайдалы боларына сенімдімін, – деді Мемлекеттік басқару академиясының қызметкері Әлібек Мұқашев.
Кездесуде ата-аналар коучингте жұмыс істеп жатқанда, кішкентай бүлдіршіндер аниматорлармен ойнап, көңіл көтерді. Ал олардың үлкен балалары ағылшын тілі бойынша тестілеуден өтті. Оның қорытындысы бойынша Мемлекеттік басқару академиясында ақысыз негізде ағылшын тілінен 25 сабақ өтуге мүмкіндік алған 15 бала іріктелді. Тәжірибелі лингвист-сарапшылар бүлдіршіндерге арнайы ойын түрінде 5 апталық оқу бағдарламасын әзірледі. Балаларға арналған оқу бағдарламасын іске асыру барысында ана тілінде және ағылшын тілінде дыбыстандырылған түрлі-түсті иллюстрациялар мен түрлі оқу роликтері пайдаланылды