Елордалықтар cаяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады

Елордалықтар cаяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2019 жылғы 31 мамырда «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға» арналған кешенді іс-шаралар ұйымдастырмақ.

Шараның мақсаты – Азаттық жолында және ашаршылық қасіретінен, құрбан болған бабаларымызды еске алу, рухына тағзым ету. Өнегелі іс арқылы өскелең ұрпақтың санасына, бойына отансүйгіштік, елжандылық һәм ұлтжандылық қасиеттерді сіңіру. «Рухани жаңғыру» арқылы ел мұраты хақында, тұтастық пен бірлік арқылы ұлттық рухты жаңғыртуға үлес қосу.

ryhaniat.kz

Іс-шара «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде еске алу қабырғасына гүл қою рәсімінен басталып, 12:00-де «Жастар» шағын ауданында орналасқан «Қараөткел» мұсылман зиратындағы Кенесары хан сарбаздары және Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының рухына құран бағыштап, зиярат етумен жалғасады. Бабалар рухына тағзым ету шарасына ұлт зиялылары мен қоғам белсенділері қатысады. Сонымен қатар, аза тұту күніне орай белгілі суретші Алмас Сырғабайдың «Жоқ, ұмытуға болмайды» атты жеке көрмесінің тұсау кесері ұйымдастырылады.

Кешенді іс-шара аясында № 76 мектеп-лицейде «Алаш алқасы» ғылыми-танымдық интеллектуалды жастар клубының алғашқы отырысы өтеді. Шараға белгілі алаштанушы-ғалымдар мен жас зерттеушілер, ұлт тарихы мен руханиятына қызығушылық танытқан жалпы көпшілік қатысады. Бұл жаңа жоба алдағы уақытта Алаштың әр қайраткеріне бағытталып, әр айда тұрақты түрде өтеді.

Аталған кешенді іс-шаралар қорытындысы Оқушылар сарайының театр залында өтеді. «Қасірет пен тағзым» рухани-танымдық кешінде театрландырылған қойылым және монолог ұсынылады. Сонымен қатар, зұлмат жылдар жайында бейнесюжеттер көрсетіледі. Сол заманның күйі шертіліп, мұңды әндері орындалады. Сондай-ақ,  саяси қуғын-сүргін құрбандарының, Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары, ғалымдар өз пікірлерін ортаға салады.