Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету туралы қаулыға қол қойды.
Қаулыға сай А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады. 2019 жылғы 1 қазанға дейін ақынның мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар бекітіліп, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі кешенді жаңғырады. Сондай-ақ қаулы бойынша 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, ақынның еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде шаралар қабылданады.