Сенат басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен жалпы отырыста Парламенттің Жоғарғы палатасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін беру жөнінде шешім қабылдады.
Қазақстан Президенті лауазымына кіріскендегі сөзінде Қ.Тоқаев қазақстандық мемлекеттілік пен парламентаризмді қалыптастырудағы және дамытудағы тарихи рөлін танудың белгісі ретінде Елбасыға осындай мәртебе беру бастамасын жария еткен болатын.
Бұл бастаманы қолдап сөйлеген сенатор Талғат Мұсабаев Қазақстан парламентаризмін дамыту үдерісі – Елбасының ақылға салынған саяси стратегиясының нәтижесі екеніне назар аудартты.
– Биліктің барлық тармақтары арасында тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін құру арқылы ел Парламенті тек заң шығару тетігіне ғана емес, мемлекеттің орнықты дамуына бағытталған мақсаттарына да жауап беретін беделді мемлекеттік органға айналды. Парламент ұлттық мемлекеттіліктің негіздерін бекітуде, Қазақстанның қоғамдық өмірінің барлық салаларында заңнамалық базасын дамытуда іргелі рөл атқарады. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлына «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы ұсынылған идеяны уақытылы және дұрыс деп санаймын! – деді ғарышкер.
Оның дәйектеуінше, Н.Назарбаев Парламенттің беделін шетелде танытуға, сондай-ақ демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет негіздерін қалыптастыруға баға жетпес үлес қосты.
«Осы мәртебені Елбасыға беру – ел дамуының стратегиялық бағытын айқындаушы, мемлекет негізін қалаушы тұлға ретіндегі тарихи еңбегін бағалаудың айқын көрінісі», – деген пікірде сенатор.
Оның әріптесі Ә.Бектаев бұл шешім «Сенат қабырғасында қабылданған тарихи және маңызды шешімдердің бірі де бірегейі болатынына» сенім білдірді.
– «Құрметті сенатор» мәртебесін беру – отандық қос палаталы парламентаризмнің негізін салған және оның дамуына теңдессіз үлес қосқан, еліміздің бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз ете отырып, стратегиялық даму бағдарын айқындаған Елбасының сіңірген тарихи еңбегін мойындаудың тағы да бір белгісі. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өте қиын өтпелі кезеңнен өтті. Заманауи мемлекет құрудың бар ауыртпалығын да, жауапкершілігін де Нұрсұлтан Назарбаев өз мойнына алды. Сол кездегі басынан өткен қиындықтарды тек Елбасының өзі ғана біледі. Біз біле бермейміз, бірақ сезінеміз, – деді ол.
Сондай ауыр жағдайда Қазақстанның Конституциясы қабылданып, екі палаталы Парламенті құрылды, қаншама заңдар, ел экономикасын көтеру жолында көптеген маңызды шешімдер қабылданды.
– Елін сүйген, елі сенген Елбасының әлем мойындаған, әлем құрметтеген абызға айналуы біздің халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тектілігінің, Ұлы дала ұрпақтарының ананың сүтімен, атаның қанымен сіңген ерекше қасиетінің бір көрінісі деп те айтуға болады. Текті елде ғана текті ұл туады. Текті ұлын төбеге көтеріп ту еткен ел ғана өзінің тектілігін жоғалтпайтыны да тарихтан белгілі. Сондықтан да Қазақстанның Тұңғыш Президентіне бүкіл дүниежүзі бас иіп, құрмет көрсетіп отырғанда, біздің бүгінгі қабылдайтын шешіміміз теңізге тамған тамшыдай ғана екені анық. Елбасыға «Құрметті сенатор» мәртебесінің берілуі Сенаттың абыройын асырып, біздің барлығымызға, Сенат депутаттарына қосымша жауапкершілік жүктейтіні даусыз, – деді Ә.Бектаев.
Сенатор В.Волков та осы бастаманы қоштай сөйледі:
«Егемен Қазақстанның барлық жетістіктері, оның жоғарғы халықаралық беделі, тұрақты және орнықты дамуы – Тұңғыш Президентіміздің есімімен байланысты!» – деді ол.
Бұл бастаманы сенаторлар бірауыздан қолдады.