Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясы жанындағы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына бөлінетін Ұлттық Қор мен бюджеттік қаражатты тиімді пайдалануды бақылау бойынша комиссия мүшелері мен оның төрағасы, Мәжіліс депутаты Глеб Щегельский «Щучинск-Зеренді» тас жолдың құрылыс барысымен танысты. Онда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы «Көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту» бойынша орындауға бөлінген қаржының нысаналы әрі тиімді жұмсалымын бақылау бойынша комиссия жұмысы жүргізілді.
«Щучинск-Зеренді» тас жолы курторттық екі аймақ Бурабай мен Зерендінің ортасын жалғайтын негізгі жол саналады. Жалпы ұзындығы 80 шақырым болатын автожолға қайта жөндеу жұмыстарын «Казахдорстрой» ЖШС жүргізіп жатыр. Бас мердігер жобаға сәйкес жол бойына 63 су өткізу құбырын, 2 демалыс алаңын, 4 автобус павильонын, 15 шақырым қар ұстайтын қоршаулар мен 14 шақырым тосқауыл қоршауларын орнатуы тиіс.
«Қазавтожол ҰҚ» АҚ Ақмола облыстық филиалының басшысы Төлеген Абудллин жолдың құрылыс барысымен таныстырып, жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– 2019 жылы жолшылар көлік жолының 16 шақырымына төменгі қабатына асфальт-бетон, 32,4 шақырымына жоғары қабатына ұсақ түйіршікті асфальт-бетон төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жол-құрылыс материалдары толық көлемде дайын. Бүгінде жер төсемдерін кептіру, жол жиектерін айналма жолға сәйкес келтіру, айналма жолды салу үшін тасқын суларды бұру бойынша жұмыстар атқарылуда. Жобаны 2019 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланды, – деді ол.
Сонымен қатар Зеренді кентіндегі бағдаршам қиылыстарын және М.Ғабдуллин, Серафимовка ауылдарының жанынан өтетін автожолдың бойын жарықтандыру бойынша жұмыс қарқынды жүруде. Осы жоба аясында Зеренді кентіндегі ДЭУ-73 (жолға қызмет көрсету кешені) және Щучинск қаласындағы ДЭУ-5 қайта құру қарастырылған. Қайта жаңарту жұмыстары негізінде «Щучинск-Зеренді» бағытындағы жол II және III техникалық санаттағы асфальт-бетонды екі жолақты автожол болады. 80 шақырымға созылған жобаның жалпы құны 15 млрд теңгені құрады. Бүгінгі күнге дейін 11,7 млрд теңге игерілді. Ал құрылыс жұмыстарына 423 адам мен 207 жол-құрылыс техникасы тартылды.
Бурабай мен Зеренді курортты аймағын жалғайтын маңызды құрылыс бойынша туризм саласына тоқталып өткен Ақмола облысының әкімі Марат Иғали туризмнің маңызды жобаларымен таныстырды. Оның ішінде жол құрылысы, жол бойындағы дәмхана, қонақүй мен тұрғындарға арналған сервис сапасын жақсарту бойынша атқарылған ілкімді істерді атап өтті.
Жолдың салыну объектісіне барған мәжілісмендер құрылыс техникасының мүмкіндіктерін көріп, атқарылып жатқан жұмысқа оң бағасын берді. Олар өз кезегінде қазақстандықтардың сапалы өмір сүруінің бір тармағы жолдың жақсы боулына байланысты екенін тілге тиек етіп, жобаны уақытында аяқтауды тапсырды.