Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Алматы қаласына келді. Штаб мүшелері алматылық кәсіпкерлермен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында бұл салаға ерекше басымдық берілгенін айтты.
– Бағдарламада Елбасы саясатының сабақтастығы, заңның үстемдігін қамтамасыз ететін әділдік және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған өрлеу қағидалары атап көрсетілген. Өрлеудің негізгі басымдықтарының бірі – кәсіпкерлікті қолдау. Сол арқылы бизнес үшін несие қолжетімділігін арттыру, отандық өндірушілерге жүйелі қолдау көрсету, кәсіпкерлікті қорғау, бизнес мектептер ашу сияқты нақты ұсыныстар қарастырылған. Одан бөлек, біздің кандидат мемлекет пен бизнестің әлеуметтік серіктестігін қарқынды дамытуға да үлкен басымдық беріп отыр, – деді штаб басшысы Мәулен Әшімбаев.
Штаб мүшесі, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бизнеске ең алдымен тұрақтылық қажет екенін айтты.
Алматылық жұртшылықпен кездесуде бағдарламаның негізгі басымдықтары мен халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты ұсыныстар сөз болды.
Сонымен қатар Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлар құрамымен және жергілікті студенттермен кездесіп, Бағдарламада білім беру саласын жетілдіру ісіне айрықша мән берілгенін айтты. Одан бөлек, штаб мүшелері ІТ технология саласында белсенділігімен танылып жүрген жас мамандармен және қаладағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.
Айдана БЕГІМ