Ауылдық кандидат – Атырауда

Ауылдық кандидат – Атырауда

«Ауыл» партиясының кандидаты Төлеутай Рақымбеков үгіт-насихат жұмыстарымен Атырау өңіріндегі бірқатар кәсіпорындарды аралады. «Сарайшық» кәсіпорнында ұсақ малдан 14 түрлі өнім шығарады, бұл – еліміздегі ғана емес, бүкіл ТМД көлеміндегі бірегей аграрлық ферма.

Президентікке үміткер Төлеутай Рақым­беков оның жай-жапсарымен танысып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қол­данудың тетіктерін түсіндірді. «Төлеутай Сатайұлымен кездестік, сөйлестік, сауалда­рымызды қойдық. Болашақта ауыл шаруа­шылығын дамыту үшін 40-50 қожалықты біріктіріп, соның ішінде бір қожалықты негізгі шаруашылық ретінде белгілеу керек деді. Сол қожалыққа үкіметтен ақша бөлініп, шаруа­шылықтарды дамытуға күш салынады. Бұл ауылдық жерлерді дамытудың бір парасы ғана деп ойлаймын», – деді шаруа қожалық басшысы.

Атырау облысында алма бағы шаруа­шы­лығы бас-аяғы 160 гектар аумаққа 40 мың түп ағаш отырғызған.

«Аймақтың құрғақ және қатаң климатын ескерсек, бұл – өте батыл бастама. Енді осы тә­жірибені кеңінен қолданып, саланың да­муына тың серпін беруге болады», – дейді үміткер.

Атыраудағы Дамбы балық инспекция­сында ғылыми балық аулау процесімен та­нысып, балықшылармен жүздескен кандидат халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауыл шаруашылығы маманда­рының жағдайын жақсартудың өзектілігіне тоқталды.

«Өңірдегі балықшылардың еңбекақысын өсіру керек. Балық шаруашылығын тиісті бағытқа қойып дамытқан жағдайда, яғни кәсіп түрі ретінде субсидия бөлініп дамытсақ, кәсіп­керлер үшін қосымша салық алынып тасталса, балықшылардың әлеуметтік ахуалы ретке келтірілсе, онда бұл сала ел экономикасына көл-көсір пайда әкелетіні сөзсіз», – деді ол.

 

Айдана БЕГІМ