Нұр-Сұлтан қаласына еліміздің №1 инвесторының және сауда серіктесінің лидері тұңғыш ресми сапармен келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен келіссөз жүргізді. Алдымен, Ақордада биік мәртебелі еуропалық мейманды ресми қарсы алу рәсімі өткізілді. Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Туск жеке жүздесті.
Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес басшысының сапары Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы байланыстың дамуына тың серпін беретінін айтты.
– Сіздің бұл сапарыңыздың мәні зор. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз алда тек кеңейе беретініне сенімдімін. Екі тарап та қойылған мақсаттарға жетуге ұмтылып отырғанын ескерсек, біздің қарым-қатынасымыздың болашағы жарқын, – деді Қ.Тоқаев.
Өз кезегінде Дональд Туск Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдірді.
– Қонақжайлық танытқандарыңыз үшін көп рақмет. Біздің ортақ тәжірибеміз де, өзара қарым-қатынасымыздың ортақ тарихы да бар. Географиялық ара-қашықтықтың үлкен болғанына қарамастан, Қазақстан біз үшін тек өңірлік тұрғыда ғана емес, сондай-ақ жаһандық деңгейде де маңызды әрі тұрақты серіктес саналады, – деді Еуропалық кеңес басшысы.
Әңгімелесу барысында жүздесушілер әралуан саладағы Қазақстан мен Еуроодақ ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.
Ақордадағы келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Туск бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдына шығып, брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Еуропалық кеңес басшысына ризашылық білдірді және бұл сапардың Қазақстандағы «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнімен» тұспа-тұс келгенінің символдық мәні барына назар аудартты. Өйткені өткен ғасырда репрессияға ұшыраған Алаш азаматтары қазақ елінің азаттығы, оның әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналуы үшін жанын қиды. Ал Еуропамен тығыз байланысымыз – тікелей Тәуелсіздіктің жемісі.
– Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Еуропалық одақпен «екінші буын» келісіміне қол қойған бірінші елге айналды. Бұл біздің байланысымыздың ары қарай беки түскенін көрсетеді. Біз Еуропа елдерінің бәрімен стратегиялық, серіктестік қатынасымызды нығайтуға белсенді атсалысудамыз. Қазақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасы мен Еуропалық одақтың Орталық Азияға арналған стратегиясы әртүрлі саладағы табысты өзара іс-қимылдарымыздың үлгісі болып есептеледі. Осы жетістіктерді ескере отырып, Еуроодақпен ынтымақтастығымыздың келешегіне оптимизммен қараймыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Туск журналистерге келіссөз барысында жаһандық және өңірлік мәселелердің кең ауқымы бойынша, сондай-ақ энергетика, көлік және цифрлық коммуникация салаларына қатысты екіжақты ынтымақтастықты тереңдету турасында өнімді пікір алмасқандарын хабарлады.