Парламентшілер саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Ақмол ауылындағы «Қасірет қақпасы» монументіне гүл шоқтарын қойды. Олар «Алаш», «АЛЖИР» залдарын аралады, «АЛЖИР-дің ызғарлы суығы» деректі фильмін көрді.
«Бүгін біз 20 ғасырдағы қуғын-сүргін құрбандарын аза тұтып, еске аламыз. Бірақ сталиндік зұлымдықтар жайлаған ауыр жылдардағы қазақ халқының ең жақсы қасиеттері туралы да айтамыз. Туғандар бір-бірін жоғалтқан, ажырап қалған қиын кезеңде біздің халқымыз қатыгез болған жоқ, қайта өздерінің ең үздік ұлттық ерекшеліктерін – қайырымдылықты, ынтымақты, қиындықта көмек қолын созатын асыл қасиеттерін сақтап қалды. Ғасырлар бойғы өзіне тән даналығын танытты. Біз бұл күннің мән-мағынасын қазақстандықтардың жаңа буынына міндетті түрде айтуымыз керек. Халқымыз бастан кешкен ауыр сынақтарды еске алу біздің ұлы игілігімізді – Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап, бағалауға септеседі», – деді Сенат төрағасы.