БҒМ дерегінше, барлық өңірлерде шеру өткізуге дайындық үшін арнайы жұмыс топтары құрылды. Мерекелік шара дайындығын үйлестіруші жауапты мамандар анықталды, режиссерлер белгіленді, сондай-ақ парад жүретін бағыттар түзіліп, жергілікті атқарушы органдармен келісілген.
– Биыл шеру тек облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда ғана ұйымдастырылады. Парад 1 маусым күні еліміздің барлық дерлік аймағында қатар басталады: яғни, сағат 10.00-де бастау алады. Тек бірқатар өңірлерде, атап айтқанда, Қызылорда, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Тараз, Атырау және Ақтауда бұл күні ауа температурасының ысуына байланысты 1 маусым күні сағат 9.00-де басталады, – деп хабарлады Білім және ғылым министрлігі.
Ведомство жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сілтеме жасай отырып, шеруге 2,5 мың білім беру ұйымының 98 309 оқушысы, студенттері, педагогтары мен ата-аналары қатысатынын мәлімдеді.
Парадқа қатысушылардың ең көп саны Қызылорда (8,5 мың адам), Ақтөбе (7 929 адам), Нұр-Сұлтан (7 830 адам), Қарағанды (7,5 мың адам), Ақтау және Павлодар (7 мың адамнан) қалаларында тіркелген.
Шеруге қатысушылардың негізгі ұстынын 780 черлидерлер мен мажореткалар командасы, 534 қазақ және орыс халық аспаптары ансамблі, 136 барабаншылар отряды, 91 үрмелі оркестр, хор және би ұжымдары, сондай-ақ жалпы қарасы 266 команда болатын кадеттер, спортшылар, педагогтар құрамақ.
Парадқа қатысушылардың қауіпсіздігін, сонымен қатар оларды медициналық сүйемелдеуді және сумен қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдар өз жауапкершілігіне алыпты.