«Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Қазақстан президентіне сайлауға түсіп жатқан Әміржан Қосанов Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының тұрғындарымен кездесті. Іс-шарада кандидаттың сайлауалды платформасы терең талқыланды. Үміткер түрлі өзекті қоғамдық мәселелерге қатысты өз ұстанымын жеткізіді.
Жұртшылық өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өңірлік үгіт-насихат жұмысы жөнінде баяндап берді.
Алматыдағы Ұлттық кітапханада үміткер Әміржан Қосановтың қалалық сайлауалды штабының мүшелері және сенімді өкілдерінен құралған үгіт-насихат тобы мәдениет қызметкерлерімен кездесті. Кездесудің модераторы қалалық штаб бастығы Мақсат Жақау болды.
Штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды платформасын таныстырып, кандидаттың түрлі мәселеге көзқарасы жайлы баяндады.
Сондай-ақ олар қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Белсенділік танытқан шараға қатысушылар түрлі мәселе бойынша өз пікірлерімен бөлісіп отырды.
Ә.Қосановтың облыстық сайлауалды штабында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын бақылаушылар үшін семинар өткізілді. Саясаттанушы Дос Көшім тренинг аясында бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау кезінде орын алуы ықтимал түрлі жағдайлардағы әрекеттері жайлы түсіндірді.
Сонымен қатар штаб мүшелері тұрғындармен кездесіп, кандидат туралы баяндап берді, сайлау платформасын түсіндіріп, үгіт-насихат материалдарын таратты.
Айдана БЕГІМ