Штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болды. Мұнда Азия чемпионы Исабек Бекзат пен кандидаттың сенімді өкілі Азиз Анетов қала тұрғындары мен қонақтарын кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды.
Сонымен қатар таэквандодан спорт шебері Дәулет Манапов қоғам қайраткері, ұлттық спортты дамытуда ерекше үлес қосқан Сәдібек Түгелдің қайраткерлігі жайлы айтып берді.
Штаб мүшелері одан кейін Арыстанбаб кесенесіне барып, қасиетті Рамазан айында құран бағыштап, құрбандыққа қой шалды. Ел ақсақалдары ақ батасын беріп, президенттіктен үміткер Сәдібек Түгелге сәттілік тіледі. Іс-шара киелі жерлерге автошерумен жалғасты.
– «Түркістан – екі дүние есігі, Түркістан – Ер Түріктің бесігі" деген сөз текке айтылмаған. Бұл қалаға зиярат етуге келушілер күн санап артып жатыр. Бұл туризмнің дамуына ықпал етеді. Туристерге ұлттық құндылықтарымызды тиімді насихаттай алсақ, онда түркі жұртының бесігіне балаған Түркістанымызға дүйім жұрт ағылады. Былтыр Түркістанның атауы облысқа беріліп, орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Біздің кандидат Сәдібек Түгел бұл шешімді ұлт құндылығын құрметтеуге жасалған қадам деп бағалады, – дейді сенімді өкіл Исабек Бекзат.
Айдана БЕГІМ