Ұлттық ойындар ұлықталған күн

Ұлттық ойындар ұлықталған күн

Жамбыл өңірінде бір аптаға созылған спорттың төрт түрінен өткен ел біріншілігінде 15 өңірдің құрамалары бақ сынады. Қазақстан чемпионатында жамбылдықтар да ауыз толтырып айтарлықтай жеңіске қол жеткізді.

Яғни, аударыспақтан өткен жарыста 5 салмақ дәрежесі бо­йынша 60 балуан сынға түсіп, тартысқа толы белдесулерде кім мықты деген сауалға жауап іздеді. Аударыспақтан өткен аламанда жамбылдықтар бір алтын, бір күміс, бір қола жүлдені қоржынымызға салды. 80 келі салмақ дәрежесінде жарысқа қатысқан сом білекті сайыпқыранымыз Нұржігіт Әмзеев өзінің нағыз бабында екенін көрсетіп алтыннан алқа тақса, алыптар бәсекесінде додаға араласқан Данияр Смайылов екінші орынды қанағат тұтты. 70 келі салмақта белдескен Дәулет Ережепбаевқа үшінші орын бұйырды. 60 келі салмақ дәрежесінде Түркістан облысынан келген Ермек Құралбай қарсылас шыдатпаса, 70 келі салмақта ақтөбелік Шыңғысхан Ержанов жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. 90 келі салмақ дәрежесінде Шығыс Қазақстан облысының үміті Мансұр Тамикенов топ жарса, +90 келі салмақ дәрежесінде Түркістан облысынан келген Біржан Қосалиев жеңімпаз атанды. Жалпы, бұл чемпионатта жекелеген спорт түрлерінің жеңімпаздарына 70 мың теңге, екінші орын иегерлеріне 50 мың, үшінші орын алған спортшыларға 35 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалды. Ұлтымыздың тағы бір ғажайып спорты – теңге ілу. Бұл жарысқа еліміздің әр қиырынан келген 20 спортшы қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Нәтижесінде, Түркістан облысының мықтысы Рахат Қамбаров 4 ұпай иеленіп бірінші орынға табан тіресе, ұпайы тең болса да, жылдамдық жағынан алда болған түркістандық тағы бір қатысушы Нұрбағлан Сәдуақас күміс жүлдеге, жерлесіміз Айдын Әшімжан үшінші орынға лайық деп танылды. Аламанда арулар да бақ сынағанын айта кеткен жөн. Жамбы атудан өткен дода тіпті тартысқа толы болды. Мұнда 22 спортшы сынға түсіп, жылдамдықпен қатар мергендіктерін де көрсете білді. Құралайды көзге атқан мергендер аламанында 29 ұпайға қол жеткізген қызылордалық Ғалымжан Өміртай жеңімпаз атанса, жерлесіміз Абзал Тұ­лы­беков кезекті мәрте күміс жүл­дені мойнына ілді. Қола медаль түркістандық Ералхан Айкөздің еншісінде кетті. Осы аламан жаңалығымен де қуантты. Жамбы ату додасында үш бірдей аруымыздың бақ сынағанын айта кеткен ләзім. Ал көкпар десе, кез келген қазақтың қаны қызып, делебесі қозатыны жасырын емес. Бұл тұрғыдан келгенде жамбылдық­тардың орны ерекше. Бұған дейін өткен 18 чемпионатта 9 мәрте топ жарған «Әулиеата» көкпаршылар командасы қатарынан оза шауып, осы жолы оныншы мәрте чем­пион атанады деген жанкүйерлер сенімі ақталды. Шыны керек, атшабарға жиналған жанкүйерлер үшін үшінші орынға таласқан Атыраудың «Нарын» командасы мен Ақмола облысының ­«Же­ке­батыр» командасы арасын­да­­ғы кездесу аса бір маңызға ие бол­ған жоқ. Жартылай финалда «Әулиеатаға» 16:2 есебімен ойсырай ұтылған «Жекебатырдың» «Нарыннан» да айласын асыра алмасын жұрт жақсы білді. Содан да болса керек, «тез бітсе екен» деп финалды асыға күтіп отырды. Қола жүлде ақмолалықтарды 10:0 есебімен күйрете жеңген атыраулықтарға бұйырды. «Нарын» сапындағы Қайыржан Сүлейменов 3 салым салса, Алмат Жүнісовтің екі мәрте, Александр Пупенконың бір мәрте қанжығасы майланды. Ынтымақ Әліпбаев, Айбек Болатов, Ұлан Байтөреев, Нұржан Ерахан секілді шабан­доздар да «Нарынның» қола жүлде иеленуіне қомақты үлес қосты. Жұрт көптен күткен финал да басталды. Жалпы, дәл осы «Әулиеата» мен «Құлагер» командалары арасындағы кездесу қашанда қызық. Жерлестеріміз сан мәрте құдайы көршілерімізден басым түскенімен, соңғы екі жылда «Құлагер» чемпион атан­ған болатын. Осы жолы олар топ жарғанда «Әулиеатаға» бір табан жақындайтын еді. Ойынның бірінші кезеңі тең аяқталды. Кездесу басында Құрманбек Тұрғанбек қанжығасын майлап, «Әулие­атаны» есепте алға шығарды. Бұдан соң «Құлагер» ойыншысы Әділет Мамыт таразы басын те­ңестірді. Құрманбек тағы да «Әулиеатаны» жеңіске жетеледі. Алай­да «құлагерлік» Әбуғали Әб­діжаппаров көрсеткішті қайтадан 2:2-ге жеткізді. Бұдан кейін тек «Құлагер» шабандоздары шабуылдаумен болды. Екінші ке­зең жамбылдықтар үшін сәтті бастала қойған жоқ. Салған жерден шабуылға көшкен «Құлагер» командасының шабандозы Бәйдібек Сабыров қанжығасын майлап, командасын рухтандырды. Бұдан соң «Әулиеата» ойыншылары тұлпарға қамшы басты. Есеп 4:3-ке жеткен соң «әулиеаталықтар» сәтті қорғана білді. Ара-тұра шабуылдарға да иек артты. Жарыс қорытындысы бойынша топ жарған «Әулиеата» командасына 1 миллион теңгенің сертификаты тапсырылса, екінші орын алған «Құлагер» командасына 700 мыңның, үшінші орын ие­ленген «Нарын» командасына 400 мың­ның сертификаты табыс­талды. Марапаттау рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбаса­ры Бекболат Орынбеков, облыс әкі­мінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев және өзге мәртебелі меймандар қатысты.

 

Жамбыл облысы