Түркістанда түркі әлемі бас қосты

Түркістанда түркі әлемі бас қосты

Түркі тілдес әлемнің мәдени және рухани орталығы – Түркістан қаласы тарихының, фольклорының, мәдениетінің халықарлық өркениеттегі маңызын айқындау, тәжірибе алмасу және пікірлермен бөлісу мақсатында «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты халықарлық конференциясы өтті.

Шараны Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және Тұңғыш Президенттің Жарлығымен облыс орталығына ай­нал­ған Түркістан қаласын қайта түлету, түркі мәдениетін жан-жақты дәріптеу үшін Түркістан облысы әкімдігі мен Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ұйымдас­­тырды.

«Түркістан – түркі әлемінің бесігі» бейнебаянын тамашалаумен басталған конференцияға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қ.Ясауи атын­дағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдра­силов, Түркия мемлекеті, Мармара уни­верситетінің докторы, профессор Женгиз Томар, Халықаралық Түрік академиясының ғылым бөлімінің аға сарапшысы, профессор Қадыралы Қонқобаев, Өзбекстан Ғылымдар ака­демиясының профессоры Сарыгүл Бахадырова, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Ясауитану ғылыми-зерттеу орта­лығы директоры Досай Кенжетай сияқты ғалымдар қатысты.

Пленарлық отырысты Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Абдрасилов Болатбек ашып, жүргізіп отырды. Алқалы басқосуда сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы қасиетті Түркістанның әлемдік тарих­тағы орнын зерттеуді мақсат тұтқан халықаралық конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар Елба­сының «Ұлы даланың жеті қыры» ма­қаласы аясында қолға алынған конфе­ренция Түркістан облысының рухани-ғылыми саласын жаңа сатыға көтереді деген сенімін білдірді.

«Түркістан қаласының түркі әле­міндегі орнын ғылыми тұрғыдан тара­зылайтын бұл конференцияның ма­ңызы зор. Түркі халықтары үшін Түр­кіс­тан қаласының тарихтағы орны әрқашан да қастерлі. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақ­станның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» деп атап өтті. Бауырлас елдердің ортақ тарихында Түркістан – киелі мекен, Қожа Ахмет Ясауи түркі халқының ұстазы ретінде дәріптелген. Ясауи жатқан жер «бақыттың астанасы» ретінде танылған», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Ежелгі Түркістан өркениетінің жо­ғары деңгейде дамығанына тоқтаған өңір басшысы:

«Түркістан мен оған жақын орналас­қан шаһарларда ғылым дамыды, ірі кітапханалар жұмыс істеді. Өркениетке тән белгілер мен жетістіктердің бәрі табылды.

Сол замандардың өзінде Түркістанда суландыру жүйесі, кәріз жүйесі, темір балқыту кәсіпорындары болды», – деді ол.

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда Әзірет Сұлтан музейінің маңы мен Күл­төбе қалашығында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тарихшылар архео­логиялық қазба жұмыстары арқылы Түркістаннан су жүйелерінің орнын тауып, Қазақ даласында қала мәдениеті дамығанын дәлелдей түсті.

Облыс басшысы, осы тарихты ес­кере келе Түркістан облысын дамыту бойынша негізгі 5 бағыттың нақты­лан­ғанын жеткізді және Түркістанды қал­пына келтіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстары мен бағыттарын атап өтті.

Атап айтқанда, солардың бірі – Түркістан қаласының тарихи және идеологиялық негіздемесін қалып­тастыру.

Осыған сәйкес, Түркістанды ең ірі зиярат, туризм, сауда, дін және қолөнер орталығына айналдыру бойынша нақты жұмыстар атқарылады.

Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауидің мұраларын дәріптеу бағытында игі істер қолға алынбақ.

Түркістанда Ясауи музейі салынып жатыр. Бұл орталық Ұлы дала ғұлама­сының ілімін терең зерттеп, оның мәнін ұғуға, елді ізгілікке шақыруға үлес қосады деген сенім мол.

2018 жылы қаламызға келген турис­тердің саны 1,5 миллионнан асып отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан сайын еселене түседі.

Өйткені облыс орталығына айнал­ған Түркістан қаласы шығыстық және заманауи үлгідегі ғимараттармен то­лығуда.

Елбасының қолдауымен ондаған нысандардың құрылысы екі ауысыммен жүріп жатыр. Биылдың өзінде әкім­шілік-іскерлік орталығы, медиаорталық және саябақ тапсырылады деп жос­парланған. Сонымен бірге, шығыс моншасы, амфитеатр, қабылдау орта­лығы және әуенді субұрқақ та ел игі­лігіне беріледі.

Биыл жыл соңына дейін 2 350 пә­терлі 52 тұрғын үй тұрғындарға тапсы­рылады. Сондай-ақ жаңа мектеп те ашылады.

Түркістан қаласында көшелерді жөндеу, абаттандыру жұмыстары қар­қынды жүріп жатыр.

Әкім алдағы екі-үш жыл көлемінде-ақ Түркістанның елеулі өзгеріске ұшы­райтынын айтты.

«Сол бағытта жұмыс атқарып жа­тырмыз. Түркістан облысын эконо­ми­ка­сы, туризмі, ауыл шаруашылығы, өн­дірісі және ғылымы мен мәдениеті да­мыған өңірге айналдырамыз. Ал Түр­кіс­тан қаласы өңірдің қозғаушы күші ре­тінде жаңаша бағытта дамитын болады.

Осы қадамдар арқылы барша түр­кінің ғылымы мен білімі, діні, руха­нияты, тарихы, әдебиеті мен музыкасы зерттелетін орталықтар бой көтереді.       Келешекте Түркістан түркі тілдес халықтардың басын қосатын, қазақтың тарихын әлем жұртшылығына таны­татын және туризмі дамыған үлкен рухани орталыққа айналатыны анық.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қолға алынған конференция Түркістан облысының рухани-ғылыми саласын жаңа сатыға көтереді деп сенемін», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Ғылыми конференцияға келген халықаралық Түркі академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы мен Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елінің профессор ғалымдары «Ұлы да­ланың жеті қыры: түркі мәдениетін дамытудың өзектілігі», «Қасиетті Түр­кістан және діни сакралды құнды­лық­тар», «Ежелгі массагеттер: Томирис және қарақалпақ халық эпосы «Қырық қыз», «Қ.Ясауидың мәдени мұрасы», «Ясауи, «пир-и Түркістан» түрік елінің ұстазы», «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәде­ни қорық-мұражайы туралы» сияқты баяндамалар жасалды.

«Ұлы даланың жеті қыры: түркі мә­дениетін дамытудың өзектілігі» атты баяндамасын түрік тілінде оқыған ХҚТУ-дің бірінші проеректоры қыз­ме­тін атқарып жүрген шығыстанушы, Яса­уиді зерттеуші, профессор Женгиз Томар:

«Жасыратыны жоқ кезінде тарих бұрмаланды. Соның зардабын әлі тар­тып жатырмыз. Енді біз түркі халықтары ортақ дүниелерді бірлесе зерттеуге күш салуымыз керек. Оған міндетті түрде ға­лымдарды жұмылдыруымыз керек», – дейді Женгиз Томар.

Женгиз Томардың айтқандарын толығырақ тәржімалай отырып, оның маңызын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев Елбасы­ның түркі әлемінің дамуына қосып отырған үлесі зор екендігін айта келе, «Нұрсұлтан Әбішұлы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түркі әле­мі үшін өте үлкен маңызы бар екі тұл­ғаның атын атап өтеді. Бірі – Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз болса, екіншісі – Қожа Ахмет Ясауи бабамызды айтады. Мәселен, әл-Фараби туралы көптеген зерттеуді жасай отырып, бір ғана әл-Фараби емес, оның төртеу екенін байқаймыз. Сол себепті, әл-Фараби сияқты мықты тұлғалары­мыз­дың артында қалған ғылыми үлкен еңбектерін ары қарай зерттеуді жал­ғастыра отырып, болашақ ұрпаққа жет­кізуді өзіміздің парызымыз деп са­най­мыз. Облыс басшысы айтып кеткендей, Ясауиді Түркістансыз, Түркістанды Ясауисіз елестетуге болмайды. Екеуі де егіз ұғым іспетті. Расында да, Ясауи тек түркі әлемі емес, бүкіл адамзат, күллі әлемде адамға, Аллаға сүйіспеншілікті бауырға, достыққа үндеген болатын. Шыны керек, қазір ислам әлемінде орын алып жатқан келеңсіздіктердің орын алуын айтсақ, Ясауидің ілімде­рінің ол жерлерге толық жетпегендігін көрсетеді. Сондықтан Ясауи бабамыз­дың ілімдері ол жаққа толық жеткенде ислам әлеміндегі діни мәселелер осын­шалықты орын алмас еді. Сол себепті, Ясауидің ілімдерін болашаққа жеткізу біздердің, мына ғалымдардың басты міндеті болып есептеледі. Түркістан – біздің де үлкен сеніміміз,үлкен үмітіміз. Сондықтан Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани, мәдени және діни орталығына айналады. Қазіргі Түркіс­тан қаласындағы қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстары мен басқа да жұмыстар соны көрсетеді. Осы тұрғыда Ясауидің тарихи миссиясын баршаға жеткізуді сезінуіміз керек және бұған барынша жауапты қарауымыз керек», – деді ол.

«Көп елдерді араладым. Тіпті кейбір мемлекеттерде өмір сүріп жатқан түркі тілдес халықтар өз тілін, дінін ұмытып қалған. Бірақ соның көбі өзінің түркі екенін біледі. Енді соның барлығын біріктіруіміз керек. Ол үшін Түркістан­ның орыны ерекше. Өйткені түркі халықтарының арасында Қожа Ахмет Ясауи үлкен маңызға ие. Сондықтан бірігу принцпі Түркістаннан басталуы керек», – деді Халықаралық Түрік ака­демиясының ғылым бөлімінің аға сарапшысы, профессор Қадыралы Қонқобаев өз сөзінде.

Мағжан Жұмабаевтың:

«Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой», – деген қанатты өлең шумағының мәні өте үлкен екенін жеткізген БжҒМ Ғы­лым комитеті, философия, саясаттану және дінтану институтының ф.ғ.д., профессоры Бақытжан Сатершинов «Қасиетті Түркістан және діни сакралды құндылықтар» атты баяндамасында Елбасы мақаласындағы айтылған­дар­дың маңызын айтып, ұлы дала жұр­тының өткен тарихына тоқталды.

Ал Қырғызстаннан келген, Қыр­ғызстан Халықаралық университетінің қызметкері, доцент, доктор Мақсат Ма­мырканов «Қ.Ясауидың мәдени мұ­расы» тақырыбында Ясауидің сопылық ілімдері мен ғұламалық болмысын айтып, ислам дінінің қырғыз жеріне қалай жеткенін де атап өтті.

Секция бірнеше бағыт бойынша өтті. Атап айтсақ, Қ.Ясауидің әлемдік мәдениеттегі орны мен тағылымы, Түр­кістан – түркі дүниесінің киелі мекені, рухани темірқазығы, Түркістан – Ұлы жібек жолы бойындағы ірі қолөнер мен музыка орталығы, Түркістан – түркі әлемінің генезисі тақырыптары бо­йынша жалғасты.


Түркістан облысы