Сыр өңірінде төл өнеріміз ұлықталды

Сыр өңірінде төл өнеріміз ұлықталды

Айтулы шара Сыр өңіріне жетті. А.Тоқмағамбетов атын­дағы қалалық мәдениет үйінде өткен кешке жыр-терме жанры бойынша Алмас Алматов, Жәкен Омаров, дәстүрлі ән өнері бойын­­ша Ерлан Рысқали, Шол­пан Дәржанова, Гүлмира Сари­на, күйшілер Батыржан Мықты­баев, Арман Жүдебаев және т.б. танымал өнер майтал­мандары қатысты. Сыр өңірі концерттік бағдарламаға Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, Серік Жақсы­ғұ­лов, Ақмарал Ноғайбаева, Мұхаммедәлі Бек­пейіс, Майра Сәрсенбаева, Шолпан Биім­бетова сынды дәстүрлі өнерді жанына серік еткен әншілер мен күйшілерді қосты.

Жыраулық өнерді жалғаушы Алмас Алматов тізгінін ұстаған концертте сахна төрінде қазақ халқының дәстүрлі әндері мен термелері шырқалып, күйі күм­бір­леді. Өнерпаздардың өнеріне қошемет көрсетті. Залда ине шаншар орын болмады.

Кеште Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес сөз алып, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласы­ның «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» тарауында ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауға баса назар аударғанын атап өтті. Ол соны­мен қатар партияның ұлт­тық құндылықтарды ұлық­тауға әркез әзір екеніне тоқталды.

– Елбасының сындарлы сая­саты­ның маңызды бағыты­ның бірі – ұлттық құндылықтарды, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көздің қара­шы­ғындай сақтау, келешек ұрпаққа аманат ету. Осы тұрғы­дан келгенде, партия­мыздың 20 жылдығына орай «Ұлы даланың көне сарындары» атты ұйымдас­ты­рылып отырған респуб­ли­ка­лық фестиваль жыр, ән, күй өзенінің арнасын тағы бір ашып, көпшіліктің жігерін жанып, рухын көтереді деп есептеймін. «Өнер – өміршең, тарих – мәң­гілік» деген дана халқымыз. Төл тарихын ұлықтап, ұлттық өнерін дәріптейтін халықтың елдігі мәңгілік болмақ. Ендеше, Nur Otan партиясы қашанда ұлттық өнерді қолдап, демеу болатынын атап өткім келеді. Еліміздің барлық өңірін аралап, сүлейлер салған сара жолды жалғап, жыр жалауын желбіретіп, мақам сазын мөлдіретіп, киелі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаз­дарға шынайы алғыс білдіреміз, – деді Е.Айтөреұлы.