Алматыдағы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатта осы білім ордасының түлегі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған, Қорғаныс министрлігінде жауапты басшылық қызмет атқарған, кейін Ұлттық қауіпсіздік академиясын басқарып, қазір Орталық Азиядағы халықаралық есірткіге қарсы күрес орталығы директорының орынбасары қызметін атқарып жүрген кәсіби маман, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовке арналған алғашқы әскери дайындық сыныбы ашылып, «Ұлы дала қыраны» атты арда азаматтың өмір тарихынан сыр шертер кітаптың тұсауы кесілді. Сонымен қатар мектеп қабырғасына Әділ Шаяхметовтің өнегелі өмірін жас буынға үлгі ету мақсатында «Тамыры терең тектілік» тақырыбындағы стенд ілінді.
«Ұлы дала қыраны» кітабы бірнеше бөлімді қамтыған. Алғашқы бөлімде Әділ Шаяхметұлының қатаң тәртіп пен адал қызметіне құрылған өмір жолы жазылса, қалған бөлімдерде мектеп-интернат ұстаздарының шәкірті жайлы естеліктері, оқушылардың арнау өлеңдері мен ғибратты өмір тарихынан сыр шертер суреттер берілген.
Айтулы іс-шараға генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева, Қазақстан Генералдар кеңесінің төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, ҰҚК Алматы қаласы бойынша Ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник Әбдімәлік Райымқұловтар, сонымен қатар Орынша Қарабалина-Қазыбаева, Гүлжауһар Жексембина сынды ұстаздар, азаматтың отбасы, туыстары мен құлын-тайдай бірге өскен сыныптас достары және әріптестері жиналды.
Әділ Шаяхметовке арналған кабинеттің ашылуының лентасын кесу рәсімін Сәт Тоқпақбаев пен Орынша Қарабалина-Қазыбаева жасады. Сонымен қатар «Ұлы дала қыраны» атты кітаптың тұсаукесеріне салтанатты жиын өтті.
«Әділ Шаяхметов ҰҚК-де ұзақ жыл бойы мінсіз қызмет етіп келеді. Бұл – еліміздің қауіпсіздігін, шекараның берік болуын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган. Өзінің қажырлы еңбегінің, ізденімпаздығының арқасында ол қатардағы қызметкерден бастап ҰҚК төрағасы қызметін атқарды. Генерал-лейтенант шенін иеленді. Әділ Шаяхметұлының жоғары деңгейдегі мемлекеттік қайраткер дәрежесіне жетуі – оның білімінің тереңдігі мен дайындығының жоғары деңгейде болғанының арқасы», – деген генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев осы шараны ұйымдастырған мектеп-интернат директоры Роза Ербозымқызына, игі істерге атсалысқан оқытушылар мен оқушыларға да ризашылығын білдірді.
«Әділ Шаяхметов осы мектепке ылғи келіп, ондағы іс-шараларға қатысады. Оқу орнының барлық өзекті проблемасын біледі. Оны шын пейілімен шешуге көмектеседі. Түрлі іс басында жүрген азаматтар тура осындай болса, ұлтымыздың тіні берік болар еді.
Әділ Шаяхметов ауылындағы мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға, спорт кешенін салғызуға ықпал етті. Бұл мектепке де қамқорлығын көрсетуде. Ұстаздарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан жан. Осындай азаматтардың қатары көбейіп, жастарға қамқорлық көрсетсе еліміздің де дәулеті көтерілетін еді», – деді қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева.
Біз өнегелі өмір жолында елге зор еңбек сіңіріп, көптің құрмет-қошеметіне бөленген Әділ Шаяхметұлын да әңгімеге тарттық.
«Бұл мектепте күнделікті сабақпен қатар әскери дайындыққа, спортқа үлкен көңіл бөлінеді. Түлектерінің көбі мемлекеттік қызметтерде, бизнесте, БАҚ-та, өнерде жүр. Мектепте Қамқоршылар кеңесі құрылған. Кезінде бізді білім нәрімен сусындатқан Орынша Қарабалина-Қазыбаева апайымыз бастаған ұлағатты ұстаздарымыздың біразы бүгінде зейнет демалысында. Мектеп тынысымен үнемі танысып отырамын. Білім ордасында ұстаздардың ұйғаруымен атыма арнап әскери дайындық сыныбын ашып, «Ұлы дала қыраны» кітабын шығарғаны мен үшін өте үлкен құрмет», – дейді генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов.