Карантин: Тағы қанша қалада әуежай ашылады?

Карантин: Тағы қанша қалада әуежай ашылады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізді, – деп хабарлайды akorda.kz. Жиында Президент әуежайлардың жұмысы қалпына келетінін айтты. «Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады. Көптеген шектеулер алынып тасталды. Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн. Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс. Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан, өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент жиында карантиннен соң, халықтың әлеуметтік тұрмысын қайта түзеуге жіті назар аударылатынын тоқталды.