Парламент Сенатының бұл жалпы отырысы тарихта қалатын болады. Жиында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Құрметті сенатор» мәртебесі берілді. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевқа салтанатты түрде төсбелгі мен тиісті куәлік табысталды.
Қатардағы сенатордан басты бір айырмашылығы сол, «Құрметті сенатор» мәртебесі нақты мерзіммен шектелмейді.
Ресми рәсімде қатысушыларға қайырылған Елбасы барлық депутатқа қолдау көрсеткені және еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты.
– Көпшілігіңізбен соңғы 30 жыл бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Көптеген қиындықты бірге еңсердік. Маған «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы шешім қабылдағандарыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қолға алынған реформаларды тиімді жүзеге асыру ісінде Парламенттің сапалы заң шығару қызметінің маңызды екеніне ерекше екпін түсірді.
– Еліміз бүкіл әлемге танымал болды. Экономикамыз дамуда, азаматтарымыздың тұрмыс деңгейі артты. Біз мемлекетті жаңғыртуға бағытталған бірнеше бағдарлама қабылдадық. Сіздер оларды жүзеге асыруға белсене атсалысып келесіздер. Реформалардың табысты болуы сіздердің жұмыстарыңызға байланысты, – деді Н.Назарбаев.
Ол қоғамның тұрақтылығын нығайту және дамудың стратегиялық бағдарының сабақтастығын қамтамасыз ету үшін президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанына назар аудартты.
– Біздің басты жетістігіміз – елдегі тұрақтылық пен тыныштық. Қабылдаған шешіміме қатысты әлемдік қоғамдастықтың үнқатысына таң қалдым. Біз бүкіл әлемге билік транзиті мәселесін қалай шешуге болатынын көрсеттік, – деді Елбасы.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды одан ары дамыту және өркендету ісінде жас ұрпақтың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Өз кезегінде Сенат төрағасы «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы шешім – еліміздің Тұңғыш Президентінің мемлекеттіліктің іргетасын қалаудағы, еліміздің стратегиялық даму жолын анықтаудағы еңбегін лайықты мойындау екенін айтты. Елбасының бұл ерен үлесін халықаралық қоғамдастық та таныған.
«Қос палаталы Парламентті қалыптастырудағы Сіздің жасампаз үлесіңіз бен кәсібилігіңіз үшін сенаторлардың Сізге деген зор құрметінің белгісі ретінде осы мәртебені қабыл алыңыз», – деді Д.Назарбаева.
Айта кету керек, осының алдында, 30 мамырдағы жоғарғы палатаның отырысында сенаторлар Мемлекет басшысының Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Құрметті сенатор» атағын беру туралы бастамасын бірауыздан қолдаған болатын.
Осы отырыста да бірқатар депутат сөз алып, Елбасыға «Құрметті сенатор» мәртебесін беруді қолдайтындарын паш етті.
Жария етілгеніндей, осы мәртебесіне сай, Нұрсұлтан Назарбаев Сенаттың, палата Бюросының, тұрақты комитеттерінің отырысына қатысуға құқылы болады. Бұған қоса, сенаторлар алдында сөз сөйлеп, айрықша маңызды проблемалар бойынша көзқарасын білдіруіне мүмкіндігі бар.
«Сенаторлар үшін бұл үлкен құрмет, сондай-ақ зор жауапкершілік», – деді Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы.
Ол барлық депутат атынан Тұңғыш Президентке елімізді жарқын болашаққа бастау және Қазақстан халқының өмірін жақсарту жолында жаңа жетістіктерге жете беруін тіледі.
Елдос СЕНБАЙ