42 500 теңге: жәрдемақыны кім алды?

42 500 теңге: жәрдемақыны кім алды?

Коронавирус жайлап, жұмыс орындары қысқарғалы қазақстандықтардың көбі табысынан айырылды. Қа­зір төтенше жағдай режимі тоқтағанымен, карантин та­лап­тары сақталып отыр. Бұл келеңсіз жағдай халықтың әл-ауқатының на­шарлауына әсер еткені айтпаса да түсінікті. Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен төтенше жағдай барысында та­бысынан айырылғандарға 42 500 теңге көлемінде ай сайын жәрдемақы беріп тұру көзделген  болатын. Бірақ мұ­ның да түрлі «жыры» кездесті. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің ақ­паратынша, әлеуметтік төлем ен­гізілген сәттен бері 42 500 тең­ге алсақ деп 8 миллиондай адам өті­ніш беріпті. Министрлік мә­лім­дегендей, бас-аяғы 4 млн 539 мың адамға әлеуметтік төлем та­ғайындалған. Екінші айда 2,1 мил­лион азаматқа төленген. Бұ­дан бұрын ведомство 16 сәуірге дейін өтініш жіберген азаматтар 42 500 теңгені алуға құқылы еке­нін хабарлаған болатын. Сон­дай-ақ 11-мамырға дейін түс­кен өтініштің барлығы қара­лып, ережеге сай әлеуметтік тө­лем тағайындалатын болады. Жал­пы, осы көмекті алу үшін 3 млн 300 мыңға жуық азамат бірың­ғай жиынтық төлемін енгізген. Қазір әлеуметтік төлемді тө­леу тоқтағанымен, оның айна­ла­сындағы дау-дамай біраз жер­ге барды. Дегенмен дау-дамай мә­селесіне тоқталмас бұрын өті­­ніш берушілердің саны жай­лы сөз еткіміз келеді. Байқа­саңыз­дар, 8 млн-дай адамның өті­ніш беруі жай ғана статистика емес. Бұл – біздің қоғамның қа­зіргі таным-түсінігі мен елдегі әлеу­меттік жағдайдың өлшемі. Се­бебі елімізде еңбекке қабілет­ті азаматтар саны 9 млн-нан аса­ды. Егер олардың 8 млн-дайы 42 мың теңге алуға өтініш берсе, не коронавирус экономиканы шы­нымен тұралатып тастады, не біздің қоғамда мемлекеттен «түк тартып» қалуға тырысатын­дар аз емес деген сөз. Яғни, істеп жүрген жұмысы, жинаған азды-көп­ті қоры болса да төтенше жағ­дай кезінде нәпақасыз қал­ған­дарға арналған 42 мыңға та­ласа кетуден бас тартпағандар бол­ғаны. Бұл біздің қоғамда адам пиғылының нашарлау тұс­тары әлі сақталғанын байқатады. Жә, бұл енді басқа әңгіме. Біз әл­гі 42 500 теңгенің жырына келейік. Жұрт 42 500 теңгені жаппай алуға асықты, үміттілер көп бол­ды, тиісінше сұрақ та аз емес еді. «Қаржы түспей жатыр, төлем ке­шікті» деп байбалам сал­ған­дар­дың қатары артты. Оның бір ұшы өтініш берушілердің өздеріне кеп тіреледі. Қаржылай қолдауға ие болуға барлығының бірдей құқы жоқ. Талап сондай. Сол себепті бір қармап қалайын деген мақсатпен ел тұрғындары түрлі айла-әдіске барғаны да жасырын емес. Төтенше жағдайға дейін былай да жұмыс істеуге құлшынысы болмай жүргендер мен кірісі онсыз да қомақты жандардың өзгелермен қатар өтініш беруі, кейбір азаматтардың асығыстық танытып, өтінішті бірнеше рет жіберуі, құзырлы мамандардың оларды тексеруге уақытын сарп етуі, деректі қате беру не­месе бөгде біреудің атынан жол­дау, қазір жұмыс істемейтін банктердің мәліметтерін жіберу, марқұм болып кеткен адамның атынан өтініш беру, шетелге көшіп кеткендердің атынан төлем алуға дәмелену. Аталған жайт қаражаттың қалтаға уақытылы түспеуіне, халық арасында дүрбе­лең тууына алып келді. Сөйтіп, ел ішінде әлгі ақшаны алғандар да, оған қол жеткізе алмағандар да шықты. Мәселен, өзіне тиесілі қаржы­ны ала алмағандардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Орынбасар Өміржол. Екі баланың анасы қазір үйде жұмыссыз отыр. Өзге табыс көзі жоқ. Оның ай­туын­ша, enbek.kz арқылы 8 сәуір­­де өті­ніш жолдаған. Ал 16 сә­уір­де берген өтінішіне сізге тө­лем та­ғайындалады, алайда жеке есеп­шот нөміріңіз қате деген ха­бар­лама келеді. «Қателік кеткен бо­лар деп қайта жібердім. Kaspi банк­ке хабарласып, есепшот нө­мі­рімді нақтыладым. Оған де­йін де аударымдар жасап келдім ғой. Еш­қандай қателік жоқ. Осы­лай­ша, 42 500 теңгені ала ал­­ма­дық», – дейді Орынбасар. Ол тө­тен­ше жағ­дай соңына дейін күтті. Түсіп қа­лар деген үмітпен банк кар­та­сын жиі тексеріп тұр­ды. Бірақ ...   Бастапқы кезде техникалық ақау салдарынан азаматтардың көбі өтініштерін жібере алмай, уа­қытын жоғалтты. Сондықтан бі­рінші айдағы төлемнен қа­ғыл­ғандар қаншама?! Тиісті өті­ніш­терді онлайн қабылдайтын ре­сур­стардың дер кезінде қабыл­дай алмауы, аударымдардың уақытылы жасалмауы Үкіметке үлкен сын болғаны да жасырын емес. Дегенмен министрлік жедел шаралар қабылдап, eGov-ке («Электрондық үкімет» порталы) кіру үшін компьютері жоқ адамдар үшін Telegram-ботты іске қосты. Осылайша, азаматтар өтінішін ұялы телефон арқылы да беруге қол жеткізген.  

Екі сөйлеу ер жігітке жараспағанмен...

Әу баста 42 500 теңгені заң­сыз алғандардың қылмыстық жа­уап­қа тартылатыны туралы ақ­парат тарады. Кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетов оған бола қылмыстық жауап­кер­шілік көзделмейтінін ай­тып, «Еңбек инспекциясы 2013 жылы әкімдерге берілген, сол се­бепті адамдарды жауапқа тар­та алмаймыз» деп түсіндірді ми­­нистр. Өйткені сөз басында айт­қа­нымыздай өтініш берген­дер­дің ішінде табысынан айы­рыл­­мағандар да болған. Абырой болғанда олардың арасында өздерінің қателескенін түсініп, келген қаржыны кері аударуға асыққандар да кездесті. Айталық, бізбен пікірлескен Елдос Еркін елор­дадағы құрылыс компа­ния­ла­рының бірінде күзетші бо­лып қызмет істейді. Төтенше жағ­­дай кезінде де жұмысы тоқ­та­­мады, табысы бар. Талап бо­йын­ша әлеуметтік төлем алуға құқы жоқ. Дегенмен көптен қал­май, өтініш бергендердің бірі. «Ко­ронавирусқа байланысты біз­дің ұйымның барлық жұмысы тоқ­тады. Күзет қызметі ғана қа­лып­ты жұмысын жалғастырып келе жатыр. Жұмысы тоқтағаны, тоқ­та­мағаны бар мен білетін жан­ның барлығы 42 500 теңгеге өті­ніш беріп алып жатты. Мен де жұрттан қалмай, өтінішті тол­тыра салғанмын. 3 күннен соң «сізге 42 500 теңге түсті» деген СМС хабарлама келді. Кейін жазаға тартылатынын естіп, Kaspi Gold қосымшасы арқылы кері аудардым» дейді. Әрине, адам­гершілік тұрғыдан қайта қай­та­рып бергендер де бар. Тағы біреу­лер биліктің қамшысы тие ме деп қайтарып берді. Сөйте тұра жазалау тетігі қа­рас­тырыл­ма­ғандықтан түскен ақша­ны қай­та­рып бермегендер де кез­десті. Жалпы, әлеуметтік көмекті тағайындаудың алғашқы ережесі бекітілгенде кейін біраз мәселенің туындауына себеп болған бірқатар жағдай кездесті. Бір шешім қа­был­данса, келесі күні оның күші жойылды. Нақтылық болған жоқ. Алдымен өкілетті орган жұ­мыс берушінің еңбекақысы сақтал­май­тын демалысқа жібергені туралы бұйрығын қоса тіркеуді талап еткен болатын. Кейін бұл талап күшін жойды. Бірде «Тө­тенше жағдай болмаса да, басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес. Сондықтан біз қара­па­йым халықты артынша тек­се­­ріп жатпаймыз. Жеке тұлға­лар, жеке кәсіпкерлер болсын, еш­кім­нің үйін аралап, тексер­­мей­міз. Ештеңеге уайымда­­ма­ңыз­дар» деген министр Бір­жан Нұрымбетов енді бірде қар­­жы­ны заңсыз алғандардан кері қай­таруды талап ету қажет деп са­найтынын айтты. Тіпті, министр­лік банк реквизиттерін жариялап та үлгерді. Сөйтіп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұ­мыс берушілерге төлемді қай­тару туралы өз талабын қой­ды. Бұл да әлеуметтік қорғау жүйесінің олқы тұсын байқатты. Бұл оқиғаларға қарап біз Конституцияда көрсе­тіл­ген «әлеуметтік мемле­кет» құру жолында әлі де біраз сүрі­ніп-қабынатын шығармыз де­ген ой түйдік. Өйткені мемле­кет әлеу­меттік қамтамасыз ету ісінде соңғы 2 жылда жиі қате­лес­се, ха­лық та әлеуметтік жауап­кер­ші­лікті тым жақсы сезіне бер­мей­тін, өзімшілдеу ұстанымда екенін бай­қатып қалды.  

Карантин талабын бұзуға итермеледік

Төтенше жағдай режимінің басты талабы көшеге шықпау, азаматтардың топтасып жүруіне тыйым салу екенін ескерсек, 42 500 теңгенің жыры бұл та­лап­­ты да аяқасты етті. Үйде оты­­руы тиіс халық әлеуметтік төлемнің та­ғайындалуымен сырт­қа лап қойды. Тәртіпке ба­ғын­­бағандар жетерлік. Әлеумет­тік кө­мекті алу үшін азаматтар тиіс­ті мекемелердің алдында топ-тобымен жиналып қалды, тіпті жаға жыртысып, төбелесіп қа­лып жатқандары да болды. Есепшот ашу үшін улап-шулап, бір-бірін басып жаншып, иін ті­рескен жерде карантин талап­тары жөнінде айтудың өзі артық. 42 мың үшін далаға шығып кеткендер карантин талабын елемейтін болды. Шектеулерді бұзуға бой үйретіп кеткен тәрізді. Соңғы кездері қалаларда адам қарасының көбеюі де содан болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, 42 500 теңгені береміз деу арқылы адамдарды COVID-19 індеті емес, қаржы алаңдататынын байқадық. Сонымен қатар бұл шара кезінде қазақстандықтардың денсаулық сақтау ісіне көзқарасын да көрген тәріздіміз. Бұқара үшін вирус жұқтырудан аман болу емес, мемлекет беретін үлестен қалып қою ғана өзекті тәрізді. Біздің пайымдауымызша, бұл дұрыс ұстаным емес. Өйткені ХХІ ғасырдың сын-қатерінің бірі ретінде денсаулыққа төнер қауіптің рөлі артып келе жатқаны бай­қалады. Дерт жұқтырудан сақ­тану, оны емдеуден арзанға түсетінін, тіпті тегін болатынын түсінсек керек еді.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ