Nur Otan партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының аграрлық сектор бағыты бойынша комиссия отырысы өтті. Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев жетекшілік еткен жиынға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың және басқа да салалық қауымдастық пен кәсіподақ өкілдері қатысты.
Бағдарламаға сәйкес кездесуде елге заманауи агротехнологияларды кеңінен тарту және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, мал шаруашылығы мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе талқыланды. Партиялық куратор Жексенбай Дүйсебаев өз кезегінде партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасында негізгі салаларды дамытудың жаңа стратегиясы ұсынылғанын, соның бірі аграрлық сектор екенін ерекше атап өтті.
Басқосуда баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров күн тәртібіндегі негізгі екі мәселеге кеңінен тоқталды.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі қойылған міндеттерді қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдан бастап аграрлық ғылым мен білім беруді, сондай-ақ АӨК субъектілерінде білім тарату жүйесін реформалауды, оларды бизнес пен технология қажеттілігіне қайта өңдеуді бастады. Мәселен, ғылыми зерттеулер сапасын жақсарту үшін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» құрылымын қайта құрылымдау жүргізілді. Оның нәтижесінде, жұмыс істеп тұрған 23 ғылыми зертеу институтының 13-і қалды. Ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы мен тәжірибелік өндірістік шаруашылық саны 18-ге дейін артты. Сондай-ақ 22 білім тарату орталығы құрылды, – деді А.Сейпелұлы.
Ол сондай-ақ 2018-2019 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландыру 1,8 есеге, яғни 4,2 млрд теңгеден 7,5 млрд теңгеге дейін артқанын айта келе, барлық қабылданған және жоспарланған шара Елбасының агроөнеркәсіптік кешен алдына қойған тапсырмаларын орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық ғылым мен білім беруді реформалауды бастады. Бұл негізінен бизнестің қажеттіліктеріне бейімделу және қолданыстағы технологияларды әлемде тарату екенін айта кеткен жөн. Зерттеулер сапасын жақсарту және ғылымның бизнес қажеттіліктеріне бағдарлануы агроөнеркәсіптік сектордағы (АҚШ, Бразилия) инновацияларды табысты қолданатын елдердің тәжірибесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Онда ғылымды қолданбалы міндеттерге және ғалымдарды мақсатты оқытуға назар аудару қажет, – дейді ол.
Баяндама барысында Айдарбек Сапаров асылтұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті.
– Асылтұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты тиімділігін арттыру, нарықтық экономика жағдайында, аграрлық секторда жаңғырту және цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру асылтұқымды мал шаруашылығын тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы құқықтық және нормативтік базаны құру мақсатында мал шаруашылығы саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру заң жобасы әзірленген. Заң жобасының негізгі тұжырымдамалық түзетулері республикада асылтұқымды мал шаруашылығын одан ары жетілдіруге, мал шаруашылығы субъектілерінің қызметін жүзеге асырудың тәсілдерін өзгертуге бағытталған, – деп түйіндеді баяндамасын.
Талқылауда Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов сөз алып, қазіргі кезге дейін қолданылатын малдың генетикалық әлеуетін көтеру бойынша әдістер мен тәсілдер оң нәтижеге қол жеткізбегенін, осыған байланысты өзгерістер мен толықтырулар қарастыру қажет деген ойын білдірді.
– Мал шаруашылығы саласын дамыту қарқыны, жалпы мал шаруашылығы дамыған мемлекеттер деңгейінен көп кейін қалып отыр. Мал шаруашылығында оң өзгерістерге жету үшін өсіріп отырған мал тұқымдарының генетикалық әлеует деңгейін көтеру және республикада мал өнімділігі деңгейін жоғарылату мен мал басы санының өсу қарқынын жеделдету бойынша селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді жетілдіру қажет, – дейді ол.
Жиын соңында комиссия мүшелерінің бірқатар ескертулері ескерілді. Оның барлық мүдделі мемлекеттік органмен, жергілікті атқарушы органдармен келісілгені, сондай-ақ мақұлдағаннан кейін Премьер-министр Кеңсесі қарауына ұсынылып, заң жобасы белгіленген мерзімде Парламент Мәжілісіне жіберілетіні айтылды. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.