Головкин осы жекпе-жек үшін 2 миллион доллар алмақ
Бүгін, 9 маусым күні Нью-Йоркте қазақстандық Геннадий Головкин мен канадалық Стив Роллс жұдырық түйістірді. Бұл Генаның біраз уақыт үзілістен кейін шаршы алаңға жаңа тыныспен, жаңа бапкермен қайта оралуы.
Madison Square Garden аренасында өткен бокс кешінің андеркартында тағы екі қазақстандық бокстасты. Әли Ахмедов америкалық Маркус МакДэниэлді нокаутпен жеңіп, екінші орта салмақтағы WBC International титулын иеленді.
Ал бірінші орта салмақ деңгейінде өткен жекпе-жекте қазақстандық Бақтияр Аюбов америкалық Брайан Себельоға есе жіберді.
Нью-Йорк атлетикалық комиссиясының мәліметінше, Головкин осы жекпе-жек үшін 2 миллион доллар алмақ. Бірақ БАҚ деректеріне сүйенсек, GGG аталған қаржыдан да көп, яғни 15 миллионға жуық долларды қалтаға басуы мүмкін. Ал Роллс болса 300 мың доллар сыйақы алады. Бұл оның карьерасындағы ең жоғарғы сыйақы ретінде тіркелмек.
Бірінші раунд аңдысумен, бірін-бірі бақылаумен өтсе, екінші раундта қос боксшы да біршама батыл қимылдарға барды. Үшінші раундта Головкиннің дәл соққылары Роллсты есеңгіретіп жібере жаздады. Соған қарамастан канадалық төпелеген соққыдан сытылып шығып шабуылдауға тырысты.
Ал төртінші раундта Головкиннің сериялы соққылары Роллсты нокаутқа түсіріп тынды. Аса ауыр соққыдан канадалық боксшы орнынан көтеріле алған жоқ. Бұл Головкиннің карьерасындағы 39-ы жеңісі.