Өз таңдауын жасағаннан кейін отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шыққан Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент сайлауын «тарихи ерекше күн» деп атады.
Оның байламынша, сайлаудың ашық әрі демократиялық түрде өтуі үшін билік тарапынан барлық қажетті жағдай жасалған.
– Менің ойымша, әр сайлау, әсіресе, Президент сайлауы – «шайқас алаңы» немесе қақтығысу үшін себеп емес. Бұл – үміткерлердің ұсыныстары, пікірлері мен бағдарламалары бәсекеге түсетін дода. Біздің халқымыз елде болып жатқан саяси оқиғаларға ешқашан бейжай қараған емес. Осы жолы да Қазақстан халқы өзінің азаматтық белсенділігін танытып, мемлекетіміздің болашағы үшін дауыс береді деп үміттенемін, – деп мәлімдеді Қ.Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы қазақстандық және шетелдік журналистердің сауалдарына жауап берді.
Елдос СЕНБАЙ