Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабының үгіт-насихат жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласындағы жақтастар форумымен аяқталды. Белгілі эстрада жұлдыздарының ән-күйімен ашылған шараға Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, партияның сайлауалды штабының өкілдері, жұлдыздар мен спортшылар қатысты. Сондай-ақ Қ.Тоқаевтың еліміздің әр өңіріндегі қолдаушылары сәлемдерін бейнежазба түрінде жолдады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумның құрметті қонағы болды.
Қ.Тоқаев жиналғандар алдында Н.Назарбаев саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету ең негізгі мақсат екенін айтты.
– Халқымыз тарихи таңдаудың табалдырығында тұр. Барлығымыз бірге жарқын болашаққа жол саламыз. Біздің бағдарламамыз бүкіл халықтың игілігіне бағытталған сабақтастықты, әділдікті және өрлеуді мақсат етеді. Біз міндетті түрде бұл мақсатқа жетеміз. Басты міндетіміз – мемлекетіміздің әлеуетін нығайту үшін Елбасы стратегиясын жүзеге асыру! – деді Мемлекет басшысы лауазымына кандидат.
Қасым-Жомарт Кемелұлы электоралды кампания кезінде өзіне үлкен қолдау көрсеткен жақтастарына алғыс білдірді. Ол сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тағы бір тоқталып өтті. Олардың негізгілеріне Қазақстанның әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына енуі, халықтың тұрмысын жоғары деңгейге көтеру, азаматтардың еңбек етуі үшін қолайлы жағдай жасау, заң үстемдігін нығайту, әлеуметтік әділдікті нығайту мен шағын және орта бизнесті қолдау жатады. Алға қойған мақсаттарға жету жолында ауқымды реформалар жүргізіледі.
Кандидат жастар саясатына ерекше тоқталды. Реформаның кілті жастардың қолында екенін айтты.
– Біздің басты мақсатымыз – Елбасы стратегиясын іске асыру, мемлекет потенциалын пайдалану, қоғамда татулық пен бейбітшілікті сақтау, Қазақстанды барынша дамыған елдер қатарына қосу, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, азаматтардың еңбегіне қолайлы жағдай қалыптастыру, шағын және орта бизнесті қолдау. Ал бұл үшін реформа керек. Реформаның негізгі қозғаушы күші – өздеріңсіңдер, – деді ол жастарға қарата.
Осы орайда Мемлекет басшысы жастарға қолдағы мүмкіндікті жібермеуге кеңес берді. Көп оқыған, озық ойлы, адал еңбектенген адамның ғана арманы орындалатынын айтты.
– Реформаның қозғаушы күші – сіздерсіздер. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Мүмкіндіктерді уыстан шығарып алмай, алға ұмтылыңыздар! – деген Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың таңдауы – бұл өзінің және тәуелсіз мемлекетіміздің, халықтың болашағы үшін жасалған таңдау екенін тілге тиек етті.
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев форумға жиналғандарды мемлекеттілікті нығайтып, бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін Тұңғыш Президент саясатының сабақтастығын таңдауға шақыра отырып:
– Қасым-Жомарт Тоқаев – Елбасы Н.Назарбаевтың саясатын жалғастырушы. Қазақстанның ары қарай гүлденуі мен елдің әрбір тұрғынының ауқатты өмір сүруін қамтамасыз ете алатын кандидат. Қазақстандықтар Тұңғыш Президентіміздің саясатының сабақтастығы үшін, тәуелсіздік үшін, бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін, жаңа жұмыс орындары үшін, қолжетімді баспана үшін, сапалы медицина мен білім үшін және біздің кандидатымыз үшін дауыс береді деп сенеміз! – деді.
Жалпы, билік партиясы Тоқаевтың кандидатурасын үгіттеу мақсатында республика бойынша 113 мың шара өткізді. Одан бөлек, кандидаттың сенімді тұлғалары 228 қоғамдық қабылдау өткізіп, 21 мың азаматпен бетпе-бет әңгімелескен.
Бір айлық науқан кезінде, партия өкілдерінің мәліметінше, азаматтардан 23 308 хат келіп түскен екен. Соның ішінде 26,3 пайызы – әлеуметтік мәселелер (зейнетақы, алимент, мүгедектікті анықтау, атаулы әлеуметтік көмек, т.б) аясында болса, 22,8 пайызы – үй мен жер мәселесіне, 16 пайызы – тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласы, 10,9 пайызы жұмысқа тұру мен еңбек дауларын қамтыған.
Осы жұмыстардың барлығы партия өкілдерінің шамамен 11 млн азаматты қамтуына мүмкіндік берген.
Республикалық штабтың Team Qazaqstan жастар қанаты саяси науқанның барлық кезеңіне қатысып, негізінен танымал жастар мен жұлдыздардан құралған бұл топ 156 шара өткізіп, оған республиканың әр өңірінен 50 мыңдай адам тартылған.
Жалпы, бір айдай уақыт ішінде сайлауалды кампания кезінде әлеуметтік желілерде 43 мыңнан астам түрлі материал жарияланған. Желі арқылы түскен 500 мыңнан астам хаттың ішінде 110 мыңы үміткерге жолданған тілек болса, шамамен тағы 400 мыңға жақыны ұсыныс пен тапсырыс ретінде жазылыпты.
Өңірлер ішінде Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары күшті белсенділік танытқан. Одан кейін Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан 30 мыңдай хат келген. Штаб өкілдерінің айтуынша, хаттардың көбі ауыл халқы мен шағын қала тұрғындарынан түсіпті.
Келіп түскен хаттарда негізінен қаржы жүйесінің дамуы, экологиялық қауіпсіздік, мемлекеттік институттардың рөлі, инклюзивті экономиканы дамыту жұмыстары, оқыту мәселелері секілді жүйелі проблемалар мен белгілі бір бөлігі жол құрылысы, елдімекендердің жағдайы, балалар орталығын ашу, халықты көгілдір отынмен, сапалы ауызсумен қамту секілді жергілікті және құқықтық мәселелер, жемқорлық пен әділетсіздікке қатысты, үй сатып алуда қолдау іздеу, өз кәсібін ашу секілді мәселелер жазылған.
Тақырып жағынан негізінен әлеуметтік қамсыздандыру, оқыту жүйесі, ТКШ мәселелері, денсаулық сақтау мен жұмысқа тұру мен еңбек даулары мәселелері ең көп көтерілген. Осы орайда штаб өкілдері олардың ішінен өзектілерін теріп алып, мамандардың талқысына салып, мемлекеттік органдарға жөнелтуге уәде етті. Ал инфрақұрылым мен елдімекендердің жағдайына байланысты хаттарды өңірлерді дамыту бағдарламасына енгіземіз деп отыр.
Қорыта айтар болсақ, Тоқаевтың сайлауалды штабының мәліметінше, белсенділер бір айда қыруар жұмыс атқарған. Жүздеген мың азаматпен көзбе-көз немесе желіде әңгімелесе отырып, күн тәртібіндегі мәселелерді анықтай алды. Олар халықтың мұндай белсенділіктерінің сайлаудан кейін де тоқтап қалмауын күтеді.
Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Қ.Тоқаевты қолдау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы зиялы қауым және этно-мәдени бірлестік өкілдерімен де кездесу өткізді.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенат депутаты:
–Тәуелсіздік алғалы биыл президент сайлауы Қазақстанда алтыншы рет өтіп отыр. Әр сайлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Соңғы үш сайлауда осындай республикалық қоғамдық штаб құрылды. Биылғы сайлауалды науқанда республикалық қоғамдық штаб құрамына қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғалымдар қосылды. Қызылорда облысында болдым. Жергілікті халықпен, жұмысшы топпен, мұғалім және дәрігерлермен, кәсіпкерлермен кездесіп, сайлауға қатысуға халықтың басым бөлігі құлшынып отырғанын байқадық. Өйткені биылғы сайлауға бірінші рет Елбасы қатыспағандықтан, ендігі ел тізгінін кім ұстайды деп алаңдаған жұрттың белсенділігі артқанын көрдік. Барлық кездесуде халық елдің ынтымағы мен бірлігін бірінші орынға қоятынын жеткізді. Сонымен қатар елді алаңдатқан бірқатар мәселелер де ортаға салынды. Мәселен, Қазақстанда өндірілетін табиғи байлықтар халық игіліне жұмсалса, сыбайлас жемқорлық жойылса, жұмыссыздық мәселесі шешілсе, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға баспана берілсе деген тілектер айтылды. Жалпы, халықтың ертеңгі күнге артқан үміті зор. Халық таңдауымен сайланған кандидаттан өз бағдарламасында қамтылған бағыттардың түгел жүзеге асуын күтеміз.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты:
–Сайлауалды науқан кезінде өңірлерді араладық. Батыс Қазақстанның шалғай аудандарында болып, халықтың көзқарасын білдік. Сол кезде елді бірінші кезекте тыныштық пен тұрақтылық толғандыратынына көз жеткіздік. Әлеуметтік мәселеге назар аударылуын сұрағандар да болды. Nur Otan партиясы ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасында құрғақ сөз емес, шынайы шешімдер қамтылғанын көруге болады. Партия кандидаты жеңіске жеткен жағдайда алда үлкен қызу еңбек майданы тұр. Үгіт-насихат тобына іріктелген барлық азамат осы жауапкершілікті сезініп отыр. Сайлау барлық демократиялық құндылықтарға сай өтті. Қандай да бір заңбұзушылықтар тіркелген болса, заң бойынша тиісті шаралар қабылданады деп ойлаймын.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:
–Республикалық қоғамдық штаб аз уақыт ішінде өте белсенді жұмыс атқарды. Бүкіл өңірлер мен әлеуметтік салалар түгел қамтылды. Әсіресе, жастарға басымдық берілді. Халықпен тікелей кездесу өткізуден бөлек, әлеуметтік желілер арқылы онлайн насихат жүргіздік. Халықтың сұрағы мен оларды алаңдатқан мәселе көп. Сондықтан халықты толғандырған мәселелердің қашан шешілетінін кесіп айтып, түбегейлі шешу мүмкін болмаған қиындықтарға қатысты жағдайды түсіндіріп, баяндау қажет болды. Осыдан Республикалық штаб тек кандидат насихатымен ғана емес, халықтың көкейіндегі мәселелерді шешумен де айналысқанын көреміз. Ешкімге бос уәде берген жоқпыз. Партия кандидаты не үшін президент сайлауына түсіп жатыр, қандай бағдарлама ұсынады, елді қай бағытта алып жүреді деген тақырыптарды түгел қамтуға тырыстық. Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, барлық өңірлерде мәселелер ортақ екенін байқадық. Мен Шығыс Қазақстанды араладым. Өзім туып-өскен жердің мәселелерін бұрыннан білемін. Осыдан бұрын шығыс өңіріне ресми сапар жасаған президент те біраз тақырыпты көтеріп, халықтың пікірін тыңдап қайтқан болатын. Өз кезегінде біз де елдің көңіліндегісін дөп басып, ойындағы сұрақтарға жауап бердік. Кешегі сайлауда белсенділік өте жоғары болғанын атап өткен жөн. Бұрын студенттерді сайлауға қатысуға шақырып, қадағалау қажет болса, осы жолы олар саяси науқанға ерікті түрде қатысты. Өйткені олар өздерінің болашағы қандай болары бүгінгі сайлауға байланысты екенін жақсы түсінді.
Майя БЕКБАЕВА,
Kazakh TV телеарнасының директоры:
– Әріптестерімді Республикалық қоғамдық штаб жұмысының сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Шын мәнінде, өте көп жұмыс атқарылды. Өнер майталмандары, спортшылар мен ел танитын өзге де тұлғалар қоғамдық штаб құрамында Қазақстан өңірлерін аралағанын білесіздер. Олар халыққа партия кандидатының сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, оларды сайлау күні азаматтық парыздарын орындап, дауыс беруге үндеді. Бейбітшілік пен халықтың әл-ауқатының жақсы болуына мүдделілер өз таңдауларын жасап, дауыс беру құқығын пайдаланды деп ойлаймын.
Бекболат ТІЛЕУХАН,
Мәжіліс депутаты:
– Республикалық қоғамдық штаб мүшелері қатарында Қарағанды, Атырау, Орал, Ақтөбе, Ақтау өңірлерінде елмен жүздесіп, халықтың жағдайымен танысып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әлеуметтік мәселе бойынша күрмеуі қиын сұрақтар қойылмады. Халық арасында «Ең бастысы, тыныштық болсын!» деген тілек басым болды.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ,
Мәжіліс депутаты:
– Сайлауалды нау- қан кезінде 12 өңірде болдым. Халықпен ашық кездесулер өтті. Азаматтарды қабылдап, оларды толғандырған мәселелерді жазып, ұсыныстарын қағазға түсіріп алдық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы елдің дамуын жан-жақты қамтамасыз ететін шешімдер ұсынады. Бағдарламаның басты қағидаты – тәуелсіздікті нығайтып, азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Қасым-Жомарт Кемелұлы ауызсу, жол мәселесін шешуді, аз қамтылған жанұяларды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Әр отбасыға әлеуметтік карта бекітіп, сол арқылы оларды мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету қарастырылған. Одан бөлек, жастарды жұмыспен қамту, олардың бизнес бастамаларын қолдау бағдарламалары жүзеге асатын болады. Сайлауалды бағдарламаның ең өзекті тұсы – жемқорлыққа қарсы күреске негізделген. Бұл қазіргі қоғамның ең үлкен дерті екені белгілі. Жемқорлықты жоймай, қоғамдық даму болмайды. Жыл сайын мыңға жуық азамат сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапкершілікке тартылады. Менің ойымша, мемлекеттік бюджетке ешкімнің қол сұғуына жол бермеу керек. Сондықтан бұл Қазақстанды алға ілгерілетудегі маңызды қадам деп ойлаймын.
Бақытгүл ХАМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты:
–Республикалық қоғамдық штаб Елбасы сенген тұлғаның еңбегін елге көрсету мақсатында құрылады. Сондықтан біздің міндетіміз – партия кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуына қосқан үлесін, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріне сіңірген еңбегін халыққа жеткізу болды. Штаб мүшелері өздеріне артылған міндетті толық орындады дей аламын. Бұған олардың халық тарапынан ыстық ықыласқа бөленіп, алғыс арқалап қайтқаны дәлел.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы:
– Республикалық қоғамдық штаб тапсырмасымен Маңғыстау мен Орал өңірінде болдым. Сапар барысында халықтың сайлауға деген ықыласы бөлек екенін байқадым. Сайлауалды науқан кезінде Nur Otan партиясының жұмысы өте жүйелі ұйымдастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламасының соңын «Менің платформам ашық. Кімде-кім халықтың көңілінен шығатын дәйекті ұсыныстар жасайтын болса, оларды қабылдауға, бағдарламама қосуға дайынмын» деп аяқтады. Сонда партия кандидатының платформасына екі бірдей ұсыныс жасадым. Олардың бірі – кешегі қан майданда ұрысқа араласқан, соғыстан кейін ел экономикасын көтерген ардагерлерге қолдау көрсету болса, екіншісі – денсаулығын қар жастанып, мұз төсенген соғыста жоғалтқан азаматтарға лайықты медициналық көмек пен қолжетімді дәрі-дәрмек ұсыну жөнінде болды. Ұсыныстарым Президент платформасына қосылғанын көргеннен кейін, ел аралаған кезде, халыққа орамды ойлар мен қоғамдық пікір ескерілетінін айтып, халықты белсенді болуға шақырдым.