Орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында канадалық Стив Роллспен қолғап түйістіріп, нокаутпен жеңіске жетті. Бұл GGG-дің тоғыз айлық үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралуы. Күллі әлемді әдемі боксымен тәнті еткен Головкин үлкен боксқа әдемі орала білді. Өзінің үлкен күреске әзір екенін анық аңғартты.
Тура тоғыз ай бұрын мексикалық Сауль «Канело» Альварес ұпай санымен Головкинді жеңіп кетіп, бүкіл титулын тарпа бас салғанда еңсеміздің түсіп, көңіліміздің жабырқау тартқаны жасырын емес. Бірақ бокс тарихына көз салып қарасақ, жеңіліс дәмін татпаған мықтылар кемде-кем. Қайта жеңіліс – үлкен жетістіктер алдындағы аз-маз тынығу, ентігін басу, күш жинау секілді көрінеді кейде. Мұхаммед Әли де, Майк Тайсон да талай мәрте рингтен жеңіліп түскен. Қазір кәсіпқой бокс әлемінде атой салып жүргендердің тең жартысы жеңістің қадірін жақсы білетін боксшылар. Жеңіл салмақта белбеу біткенді жиып жүрген украиналық Василий Ломаченко да, жасы 50-ге тақаса да жұдырықтасуды қоймаған филиппиндік Мэнни Пакьяо да жеңілген. Тіпті сол Альварестің өзі 2013 жылы америкалық Флойд Мейвезерден оңбай таяқ жеген. Сондықтан бокстағы жеңіліс дегеніңіз соншалықты бір трагедия емес. Ең бастысы, Головкин оралды. Атағы шартарапқа жайылған DAZN стримингтік сервисімен үш жылға келісімшарт жасасты. Ондағы шарт бойынша Головкин үш жылда алты кездесу өткізбек. Роллсқа қарсы салған сойқаны – соның алғашқысы. Канадалық та оңай қарсылас емес екен. Талай мәрте қорғаныстан сытылып шығып, шабуылдап қалуға тырысты. Екінші раундта біршама белсендірек болғаны да рас. Бірақ жекпе-жекке, жеңіске шөліркеп келген Головкин техникалық тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да 35 жастағы қарсыласынан басым түсіп жатты. Сериялы соққылардың соңы ауыр нокаутқа әкеліп соқты. Тап бір осыдан 2-3 жыл бұрынғы ойнақ салған Головкинді көргендей болдық. Бұл – 37 жастағы Головкиннің карьерасындағы 39-шы жеңісі. Оның 35-ін нокаутпен аяқтаған. Енді алда мәнді де мәртебелі бес кездесу күтіп тұр. Екіншісі, әлбетте дәл қазір орта салмақтағы WBC, WBA (Super) және IBF белдіктерін иеленген Альвареске қарсы өтсе деп арман етеміз. Мұны кешегі жекпе-жектен кейін Генаның өзі де айтып қалды.
– Мені қолдаған жандардың бәріне алғыс айтамын. Екінші қадамым әлдеқайда үлкен болмақ. Бүгін өте бақыттымын. Алғашқы раундтарда ештеңе сезген де жоқпын. Біраз бокстасуға тырыстым. Мен өз нокаутыммен қайта оралдым. Бұл – менің стилім. DAZN-мен үлкен келісімшарт, көрермендердің қызу қолдауы адамды бақытты ете түседі. Келесі кездесудің қыркүйекте, «Канелоға» қарсы өтетініне сенемін. Әрине, мұның үлкен бизнес екенін бәрі біледі. Дегенмен біздің жекпе-жегіміз міндетті түрде болады. «Канеломен» болған екі кездесуден үлкен тәжірибе жинадым. Тиісті қорытынды шығардым. Үшінші кездесу мүлде басқаша болады. Оны жеңгім келеді, ал белдіктер соншалықты маңызды емес, – дейді Головкин.
Головкин өз карьерасында төртінші рет өмірі жеңіліп көрмеген боксшыны нокаутқа жіберіп отыр. Бұған дейін ресейлік Михаил Макаровты, америкалық Доминик Уэйдті және британиялық Келл Брукті нокаутпен ұтқан болатын. Бұлардың барлығы дерлік GGG-мен жолыққанға дейін жеңіліс дәмін татпаған боксшылар. Енді Головкин шаршы алаңға күзде оралады. Шамамен үш айдан соң. Егер «Канело» кездесуге келісіп жатса, онда ғасыр жекпе-жегінің нүктесі қойылмақ. Мейлі, кімнің пайдасына болса да. Мексика ұланы келіспеген күннің өзінде Головкиннің келесі қарсыласының осал болмасы белгілі.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ