Докторанттардың жарияланымына қойылатын талап жеңілдетілді

Докторанттардың жарияланымына қойылатын талап жеңілдетілді

Диссертацияны қорғау кезіндегі жарияланымдарға қойылатын талаптар қайта қарастырылды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов айтты.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы ҚР БҒМ-нің тиісті бұйрығы ҚР Әділет министрлігінде тіркелген. "Бұған дейін докторант қорғау кезеңіне дейін жету үшін 7 мақала жариялауға тиісті болатын. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін докторанттар сапасы күмән тудыратын журналдарда жарияланымдар жасауға мәжбүр болды. Біздің ғалымдардың мақалалары халықаралық базалардан алынып тасталған, түкке тұрмайтын журналдарда  жарияланған кездер де болатын. Осыған байланысты біз бұл тәжірибені өзгерту бойынша шешім қабылдадық, - деп жазды министр facebook парақшасында. Асхат Аймағанбетов бұл бағытта енді қарапайым ереже жұмыс істейтінін айтады. "Сапасы төмен журналдарда 7 мақала жариялағанның орнына, жоғары квартильге кіретін басылымдарда мақалалар жарияланса жеткілікті. Ал бірінші квартиль құрамына кіретін журналдарда бір ғылыми мақала шыққан болса, өзге жарияланымдар талап етілмейді,-деп жазды ол. Бұл шара сапасыз жарияланымдардың санын азайтып, жүктемені жеңілдетеді және ғалымдарды  жоғары деңгейдегі ғылыми мақалалар жазуға ынталандыратын көрінеді.