Мамыр айында Премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанда 5G қолданысқа енгізу бойынша жиналыс өткізіп, жаңа технология көмегімен цифрлық экономика мүмкіндіктерін арттыру мәселесін талқыға салды. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, Қазақстан жаңа желіні іске қосуға кіріскен АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария, Эстония сияқты мемлекеттердің ондығына кіреді. Қазақстан территориясын жыл соңына дейін 5G технологиясымен қамтуға бағытталған пилоттық жоба Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге аспақ. Жоспар бойынша, 5G байланыс желісі 50 мыңнан көп тұрғыны бар елдімекеннің барлығына тартылады.
5G – қазір қолданыста жүрген 4G орнына келетін ұялы байланыстың бесінші толқыны. Мұндағы қысқартылған G сөзі «generation» – толқын, буын деген мағынаны береді. Ең алғашқы 1G желісі 1984 жылы қолданысқа енді. 3G, 4G, 5G арасындағы негізгі айырмашылық деректерді жіберудегі жылдамдыққа негізделген. Қарапайым тілмен айтқанда, әр жаңа толқын сайын мобильді интернет деректерді бұрынғыдан жылдамырақ өңдеп, оның жұмысы жетілдіріліп отырады. Мысалы, 3G кезінде интернет жылдамдығы 3,6 Мбит/с, 4G-да 1 Гбит/с болса, 5G-дың іске қосылуымен желіде ақпарат алмасу жылдамдығы 20 Гбит/с дейін қысқарады.
Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында ақпарат және байланыс саласына бөлінген инвестиция 21,8 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 27,5% көп. Бұл саладағы инвестицияның көп бөлігі Алматы қаласының үлесіне тиесілі 8,1 млрд теңге). Алматыдан инвестиция көлемі бойынша көшбасшылар қатарына Нұр-Сұлтан қаласы (3,8 млрд теңге) мен Солтүстік Қазақстан облысы (2,7 млрд теңге) кіреді.
Халықаралық International Data Corporation ұйымы жүргізген зерттеулерге сәйкес, 2019 жылы әлемде 5G-мен жұмыс істейтін 6,7 млн смартфон нарыққа шығады. Бұл әзірге барлық смартфондардың небәрі 0,5% құрап отыр. Қолданыстағы телефондардың шамамен барлығы дерлік (95,4%) 4G интернет желісінде қызмет көрсете алады. Олардың жалпы саны – 1,3 млрд дана.
Сарапшылар 2023 жылға қарай 5G смартфондарының саны артып, нарықтың 26%-ын (401,3 млн дана) жаулап алады деп болжайды. Бұл 4G смартфондарының үлесін 71,7%-ға дейін қысқартады. Ал әлі де 3G желісіне қосылған смартфондар 2023 жылы нарықтың бар-жоғы 2,2% еншісінде сақтап қалады.
Сәуір айының соңында ranking.kz жариялаған деректер бойынша, мобильді интернет абоненттерінің саны өскені байқалған. Мәселен, наурыз айының аяғына қарай елде 14,6 млн мобильді интернет абоненті болған. Бұл мобильді интернет қолданушылар саны бір жылда 7,2% артқанын көрсетеді.
5G форматының тестілік нұсқасы 2018 жылы 23 сәуірде оңтүстік-батыс Қытайдағы Чунцин мегаполисінде таныстырылды. Оңтүстік Кореяда өткен Пхенчхан қысқы олимпиадасы кезінде KT мобильді операторы Ericsson компаниясымен бірлесіп 5G желісін тестілеуден өткізді. Желіні тестілеу кезінде қойылған Interactive Time Slice видеодемонстрациясы Олимпиаданың ең үздік бағдарламасына айналды.
Өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2019 жылдың ортасынан бастап Қазақстанда 5G технологиясы енгізіле бастайды деген жаңалықпен қуантқан еді. Ізінше сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев та ТМД көлемінде 5G технологиясын бірлесіп дамытуды ұсынды.
– Технопарктер интеграциясы мен бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру ТМД аумағында жоғары технологиялық өндірісті жолға қоюға мүмкіндік береді. Батыс елдері 5G форматындағы интернетті белсенді қолданады, онсыз жасанды интеллект қызметін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бізге 5G дамытуды қолға алу керек. Біз мұны жекелеген елдер болып жасай алмаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның осы бағытта мақсаттары барын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та айтқан. Ол «Елде 5G енгізуге салынған инфрақұрылымды ішкі нарықтан бөлек, Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияны Каспий теңізі арқылы Еуропамен байланыстыратын телекоммуникациялық магистраль жобасына қолдануға болады. Бұл жоба Еуропа мен Азияның ақпарат алмасу орталықтарын байланыстырып, Қазақстан, Қытай, Грузия, Әзірбайжан, Түркия мен Германия территориясын қамтиды» деді. Министрдің айтуынша, 2018 жылы 1 250 ауылдық елдімекенде 20 мың шақырымға созылатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы басталған. Бұл аймақтарда 2,5 млн қазақстандық тұрады. Бірақ 5G-дан бұрын 4G байланыс желісі әлі жетпеген ауылдар да бар. Мәселен, 2021 жылға қарай 3 мыңға жуық ауылға 4G интернеті қосылады. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар Павлодар және Қостанай облыстарында жүргізілмек.