Қалауымыз – қуатты Қазақстан

Қалауымыз – қуатты Қазақстан

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаңа сайланған Мемлекет басшысын ұлықтау салтанаты өтті. Осылайша, 9 маусымдағы сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде Қазақстан Президенті қызметіне кірісті.

Қабылданған дәстүр бойынша Мем­лекеттік ту мен Президент байрағы, сон­дай-ақ Қазақстан Конституциясы Тәуел­сіздік сарайының үлкен залына әкелінген соң, Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемле­кет­тік күзет қызметі бастығының рапор­тын қабылдап, ішке кірді.

Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қ.Тоқаев халыққа ант берді:

– Қазақстан халқына адал қызмет ету­ге, Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салта­натты түрде ант етемін! – деді ол.

Жаңа сайланған Қазақстан Прези­ден­тінің қызметке кірісу құрметіне Мем­ле­кеттік әнұран ойналып, зең­біректерден 21 рет оқ атылды. Сондай-ақ Ақорда ре­зи­денциясының үстінде Қазақстанның Мемлекеттік туы көтерілді.

Орталық сайлау комиссиясының төра­ғасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Президентінің куә­лігін тапсырды.

Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөй­леген сөзінде зор сенім артып, қолдау көр­сеткен үшін қазақстандықтардың бәрі­не алғыс айтты және қазіргі қазақ мем­лекеттілігінің негізін қалаушы Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рө­лін атап өтті.

– Бұл сайлау, шын мәнінде, демок­ра­тия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңын­да нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі бол­ды. Барлық саяси күш өкілдері қа­тысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түс­кен әділ дода болды. «Сайлау – бұл қа­тысушылардың пікірі ғана жеңіске же­тетін жарыс» дейді. Расында, әділ пікір. Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің хал­қымыздың даналығы, парасаты жеңді. Ен­деше, бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі! – деді Президент.

Ол азаматтарымыздың Қазақстанның ал­дағы даму жолын бірге айқындағанына ек­пін түсірді.

– 9 маусымда Қазақстанның жарқын бо­лашағы үшін дауыс берген әрбір аза­маттың пікірі – біз үшін өте маңызды! Өйт­кені халқымыздың татулығы, ын­тымағы, бірлігі – ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз. Пре­зидент ретінде халқымызға мынаны айт­қым келеді: еліміздің әр азаматының мүд­десін қорғау – менің басты мақсатым. Олар­ды саяси көзқарастары мен ұста­нымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түр­лі саяси және қоғам қайраткерлерінен ке­ліп түскен құнды ұсыныстарды, бас­тамаларды жұмысымда міндетті түрде ес­керемін. Ашық және әділ жұмыс істей­міз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Ота­ны­мыз бар! Тағдырымыз – бір! Біз хал­қы­мыздың жарқын болашағы үшін бәрі­міз бірге еңбек етеміз! – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Оның байламынша, бұл сайлауда сай­лаушылар Қазақстанның Тұңғыш Пре­зидентінің стратегиялық бағдарын қол­дап дауыс берді. Өйткені Н.Назарбаев бү­кіл әлем мойындаған қазақстандық даму моделін жасады. Қазақстанның көк бай­рағын дүниежүзінде желбіретті.

– Осы күндері менің атыма азамат­тары­мыздан көптеген өтініш-тілек келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, стра­тегиясын сақтау және оны одан ары ны­ғайту. Шын мәнінде, халықтың дәл осын­дай өтініш-тілек айтуы – заңды, орын­ды. Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық дең­гейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасы­ның халқымыз үшін және әлем қауым­дастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз, – деді Мемлекет басшысы.

Ол сайлау науқаны барысында еліміздің көптеген өңірін аралағанын еске салды. Ол елдің сұранысы мен қажетті­ліктеріне қаныққан.

– Саяси тұғырнамам – бұл азаматтары­мыз­дың басты қажеттіліктеріне жауап. Бі­рінші кезекте, мен Қазақстанның Үшін­ші жаңғыруын жүзеге асыру, Бес инсти­туттық реформаны ілгерілету және мем­лекетіміздің басқа да аса маңызды страте­гиялық құжаттарын орындау бағытында жұмыс істейтін боламын. Басқаша айтқанда Елбасы Стратегиясын іске асыруға еңбек етемін. Республикамыз орнықты дамудың жаңа деңгейіне шығуы үшін жаңа тәсілдер мен жаңа шешімдер қажет. Олар жуық арада жарияланатын болады, – деді Қ.Тоқаев.


Екіншіден, ел Президенті өткір тұрған әлеуметтік проблемаларды шешумен, аса мұқтаж азаматтарға көмек көрсетумен нақты айналысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

– Үкіметке осы салада байыпты нәти­желерге қол жеткізу үшін шаралар әзір­леуге тапсырма берілді. Біз әлеуметтік сая­сатты салмақты түрде жаңартуымыз керек. Үшіншіден, қазақстандық кәсіп­керлерді қолдаймын, инвестициялар тартып, қорғайтын боламын, іскерлік белсенділікті ынталандырамын, кең ауқымды орта тапты қалыптастырамын. Төртіншіден, менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Және ең бастысы: әрдайым және барлық жерде Қазақстанның ұлттық мүдделерін табанды түрде ілгерілететін боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде әлем қарқынды өзгерістер дәуіріне аяқ басты. Технологиялар, эко­номика және әлеуметтік тәртіп ауысуда. Адамдардың, әсіресе, жастардың дүние­танымы өзгеруде. Бұл да ел басшылығының басты назарында болмақ.

– Қазақстанның алдынан жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер бас кө­теруде. Көптеген жыл бойы халықаралық саясатпен айналысқан адам ретінде мен жаңа дәуірдің туып келе жатқанын сезіну­демін. Сауда соғыстары, халықаралық қатынастардағы тайталастар, бұрынғы қауіпсіздік тетіктерінің күйреуі, өңірлік қақтығыстардың өршуі – осының барлығы жаңа геосаяси шынайылық болып отыр. Алдағы бірнеше жылда қандай елдердің өрге шығарына, ал қайсыларының әлемдік дамудың жиегінде қалып қоярына қатысты қазіргі заманның басты мәселесі шешіледі. Экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресс – бұл заманауи сын-қатерлерге деген біздің дұрыс жауабымыз болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Ол Қазақстанның әлемге ашық екенін, үздік жетістіктерге, озық технологияларға ұмтылып отырғанын баса айтты.

– Адамдар игілігіне арналған жасампаз өзгерістер – міне, менің прогресс туралы тү­сінігім осындай. Бұл ретте билік халық­тың мұң-мұқтажын тыңдауға, жергілікті жерлердегі түйткілді мәселелерді шешуге, азаматтар алдында ұдайы есеп беріп оты­руға міндетті. Уәде бере бермеуі керек, жұмыс істеуі қажет! Осы қағиданы Үкі­мет­тің барлық мүшесі мен әкімдер ұстануға тиіс болады, – деді Қазақстан Президенті.

Ол Мемлекет басшысы ретінде эконо­микалық дамудың жалпылама сандарына емес, барлық азаматтың шынайы әл-ауқатына мән-маңыз беретінін нықтады. Сондықтан «стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдау кезінде ха­лықтың басым көпшілігінің ұстанымы сөзсіз ескерілетінін» мәлімдеді.

– Біздің мемлекеттік биліктің фор­муласы: күшті, уәкілетті Президент – беделді, пәрменді Парламент – халыққа есеп беретін Үкімет болады. Дәл осындай саяси жүйе күрделі геосаяси шынайылық­тағы мемлекетіміздің қажеттілік­теріне барынша толық жауап береді, ал­дымызда тұрған стратегиялық міндеттерді орын­дауға септеседі. Сонымен бірге, қоғамды саяси трансформациялау үдерісі жалға­сатын болады, – деді Қ.Тоқаев.

Ол мемлекеттік басқару жүйесіне тек лайықты, білімді адамдар меритократия негізінде келуге тиістігіне екпін түсірді.

Тұтастай алғанда, жаңа Президент биліктің халық алдындағы жауапкершілігін жоғарылатуға ниетті.

Азаматтық қоғамды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

– Қадірлі қауым! Менің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарым – үлкен мін­деттің алдындағы халықпен кеңесу болды. 2019 жылдың 13 мамырында #BIRGE жалпыхалықтық акциясы басталды. Оның басты мақсаты – ел дамуындағы ең маңыз­ды міндеттерді анықтау. Қазақстанның барлық аймағынан түрлі ұсыныс жиналды. Бүгінге дейін 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түсті. #BIRGE акциясына қа­ты­сып, азаматтық белсенділік танытқан барша халыққа шын жүректен алғысымды білдіремін. Енді қоғамдағы өзекті мәсе­лелерді айқын көріп отырмыз. Оның шешу жолдарын білеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол «Бүгін халықты не мазалайды?» деген сауал қойып, оның жауабын да өзі айтты.

– Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап, мемлекеттік орган­дардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді. Халықты толғандырып отыр­ған басты мәселе – табыс көлемінің азаю­ы. Халықаралық қаржы нарықтары­ның тұрақсыздануы, теңгенің дева­ль­вация­сы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтар арасындағы алшақтық – біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге бол­майды. Демек, дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет, – деді Президент.

Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі де – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізде бірыңғай экологиялық саясат түзілмек. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек.

Келесі өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету. Таза ауызсу әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет.

Тағы бір маңызды, халықты мазалай­тын мәселе – жолдардың сапасы. Сәй­ке­сінше, автожолдардың жағдайын жақсарту биліктің негізгі мақсаттарының бірі.


ХХІ ғасырдағы ауқымды міндеттердің бірі – цифрландыру. Ол мемлекеттік қызметтер көрсетуден бастап, болашақ экономикасының жаңа салаларын құруға дейінгі барлық бағытты қамтиды. Елбасы бекіткен «Цифрлы Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасы орындалатыны қадап айтылды.

– Біздің азаматтарды билік пен қоғам­ның диалогын дамыту мәселесі қатты толғандырады. Мұндай сұхбаттастық пікірлердің әралуандылығын мойындауға құрылуы тиіс. Пікір – сан алуан, ал ұлт – біртұтас. Міне, басты бағдар – осы! Осы орайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешім қабылдадым. Оған жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады. Ұлттық кеңестің бірінші отырысы биылғы тамыз айында өткізіледі, – деп хабарлады Мемлекет басшысы.

Ол билік халыққа берген уәдесін орындауға міндетті екенін мәлім етті. Биліктің басты миссиясы да сонда. Осы арқылы елдегі тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайту мүмкін болмақ.

Сол себепті, ел Президенті өзінің сай­лауалды тұғырнамасын жүзеге асырудың егжей-тегжейлі жоспары әзірленетіні жөнінде хабардар етті. Халықтан түскен ұсыныстар мен үздік идеялар да осы құжатта көрініс таппақ.

– Келесі маңызды бағыттарға баса мән беруіміз керек. Бірінші бағыт – халықтың табысын арттыру. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономи­калық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкімет­тің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуына ар­нал­­ған нақты міндеттерді айқындай­мыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Екінші бағыт – жемқорлықты жою. 1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың дең­гейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Мемлекет басшысының пайымдауынша, жемқорлық – мемлекеттің дамуын те­жейтін кесел, қоғамдағы өзара сенімге, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Президент сыбайлас жемқор­лыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізбек.

– Үшінші бағыт – сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Сот – заң үстемдігінің кепілі. Тиісінше, судьялардың жоғары кәсіби және адамгершілік талап­тарына сай болуы – үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – ха­лықтың сеніміне ие болу, – деді Қ.Тоқаев.

Төртінші бағыт – жаңа жұмыс орын­дарын ашу және халықты лайықты жа­лақымен қамту болмақ. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – стратегиялық маңыз­ды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қара­жатын алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.

Бесінші бағыт – тұрғын үй мәселесін шешу. Ел Президенті түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аудармақ. Билік алдында «Бірыңғай тұрғын үй саясатын» жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды.

Алтыншы бағыт – әділетті әлеуметтік саясат.

– Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта бірінші кезекте не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәсе­лелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағ­дарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жетінші бағыт – өңірлерді дамытудың жаңа бағдары.

– Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан». Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене арала­сатын болады. Сегізінші бағыт – «Рухани жаңғыру» құндылықтары басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы халқымыздың бойындағы асыл қасиет. Бұл қасиет ел бірлігін және ұлтымыздың жа­сам­паздығын нығайтады, бәсекеге қабі­летті мемлекет болуға жол аша­ды. Қа­зақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Ендеше, бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Тоғызыншы басымдықты міндет сыртқы саясатқа арналды.

Сөз соңында Қазақстан Президенті жас ұрпаққа қайырылды.

– Қазақстанды өркендетуде, прогрес­тің қозғаушы күші болуда сіздер шешуші рөл атқаратын боласыздар. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы іске қосылды. Менің міндетім – сіздер ең үлкен армандарыңызды жүзеге асырула­рыңыз және төл «табыс тарихын» түзуле­ріңіз үшін барлық мүмкіндік жасау болмақ. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгей­леріне жас әрі дарынды басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттік кадрлық резерв» қалыптастырылады. Біздің жас­тарымыз – мақсаткер, еңбексүйгіш, жасампаз. Олай болса, Қазақстанның болашағы – сенімді қолда! – деп түйді сөзін Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт берді.

Рәсім соңында ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдады. Мемлекет басшы­сының алдынан қазақ Армиясының әскер түрлері салтанатты сап түзеп өтті.

Ұлықтау рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, әкімдер, президенттікке үміт­керлер, Nur Otan партиясының басшы­лығы, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, жастар көшбасшылары, діни конфессия өкілдері, еліміздегі шет мемлекеттердің елшілері және басқалары, жалпы алғанда, 2 500-дей адам қатысты.