Түркістан – тарихы тереңде жатқан, түркітілдес елдердің рухани астанасы. Киелі қаланы мекен еткен әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында исі қазақтың мақтаныштары – 21 хан, 56 батыр, 21 би мен 8 сұлтан, жүздеген игі жақсы жерленген. Бұл Түркістанның қазақ елі үшін ерекше құрметке ие екенін білдіреді. Ер түріктің бесігіне баланған Түркістанға облыс атауы берілгені мен Түркістанның облыс орталығы атанғанына бір жыл толды. Кеше облыс басшылығы мерейтой қарсаңында Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізді.
– Түркістан облыс орталығы мәртебесіне ие болғалы Елбасының тікелей қолдауымен қалада халықаралық деңгейдегі ғимараттардың құрылысы басталды. Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау және Turkistan арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тарихи жарлықтарға қол қойылды. Осы жарлықтарға сәйкес, облыс орталығында ауқымды құрылыс басталғанын білесіздер. Биыл амфитеатр, әуенді субұрқақ, 900 орындық мектеп, қабылдау орталығы, әкімдік ғимараты мен мыңдаған пәтер пайдалануға беріледі. Халықаралық әуежай, стадион, оқушылар сарайы, Ясауи музейі және өзге де нысандардың құрылысы жүріп жатыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев.
Айта кетейік, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастырудың 4 бағыты айқындалған. Бірінші, Түркістан – қазақ халқы мен түркітілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы 4 бағыт бойынша идеологиялық жұмыстар қолға алынбақ. Оның бірқатары Түркістан облысының 1 жылдығы мерейтойы қарсаңында басталып та кеткен, бұл ретте 46 шара өткізбек. Мысалы, «Түркістаным–Тұраным» облыстық музейлер мен кітапханаларда дөңгелек үстелдер мен кездесулер, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің кеңейтілген көрме экспозициясы өткізілсе, облыстың көрікті орындары мен оқиғаларынан сыр шертетін «Ұлы дала Түркістаны» атты фотоэкспедициясы ұйымдастырылды. Кеше Túrkіstan tórіnde атты сұхбат-сырласу кеші басталды, онда елге танымал тұлғалар түрлі тақырыпта ой қозғады.
Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек Нұр-Сұлтан қаласында «Төле би» 10 сериялы кинохикаясының тұсаукесері өтетінін жеткізді. 25 минуттық фильммен бірге, «Оқсыз оқиғасы», «Түркістан» және «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмі көрерменге жол тартады.
Облыс мерейтойында футболдан 2007-2008 жылы туған жасөспірім ұлдар арасындағы облыс чемпионаты, «Бір мезетте – Тұран тұлғасы» тақырыбында білім беру ұйымдары жанынан ашылған мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлерінде шығармашылық жобалар сағаты өткізіледі.
Облыс мешіттерінде қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылады. Жастар жылына орай, «Түркістанға тарту» акциясы кезінде Facebook, Instаgram әлеуметтік желілерінде жастар мен қонақтарға викториналық сұрақтар қойылып, естелік сыйлықтар таратылады. Ал бүгін БАҚ өкілдері арасындағы облыстың ашық спартакиадасы ашылады. Осы күні облыстың жас ақындары арасында «Түркістанда түлеген төл тарихым» атты мүшәйра өтеді. Түркістан қаласында облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері «Құтты өлке өнімдері» жәрмеңкесінде бас қоспақ. «Есім хан» алаңында «Түркістан – жастар қаласы» фестивалі өтеді. Бәйдібек ауданы Қошқарата ауылында жастардың «Алтыбақан» көңілді кеші, аудан, қалалардан келген оқушылардың қатысуымен Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде «Облыс тарихы» тақырыбында облыстық керуен шеру ұйымдастырылады. 17-18 маусым күндері Түркістанда және Төлеби ауданында Түркістан өңірін кеңінен насихаттау мақсатында республикалық пресс-тур жоспарланған. Осы тектес іс-шараларды 20 маусым күні облыс әкімінің жүлдесіне арналған жайдарманшылардың жазғы фестивалі қорытындылайды.