Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биылғы жыл басталғалы бері Қазақстан халқына медициналық қызметтер көрсеткені үшін емханалар мен жеке клиникаларға 464 миллиард теңге аударған. Бұл төлемдер қазақстандықтарға арналған кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында төленіп отыр.
– 2019 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша қор осы қызметтерді жеткізушілерге 464 млрд теңге төледі. Бұл кепілдендірілген медкөмек көлемі аясында бекітілген келісімшарттар сомасының 53,5%-ын құрайды, – деді қордың басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекова.
Бұл ретте ел тұрғындарын тегін емдеуі үшін мемлекет 2019 жылы медициналық ұйымдарға жалпы алғанда, 868 миллиард теңге бермек. Салыстыра кету үшін айтсақ, бұл қаражат 2018 жылғыдан 6%-ға көп.
– Халыққа медициналық көмек көрсету кестесі бойынша жұмыс жалғасуда. Бөлінген қаржы медициналық мекемелердің операциялық шығыстарын жабу үшін жеткілікті, – деді Б.Жақселекова.
Осы жылы қазақстандықтарға мемлекеттік тапсырыс аясында барлығы 1 416 медұйым тегін емдеу-диагностикалық қызметтерін ұсынуда. Оның 708-і – жеке клиника. Былтырғыға қарағанда, бюджеттен қаржыландырылатын жеке ұйым саны 64-ке артқан.
Мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсететін жеке медициналық ұйымдардың көбі Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, сонымен қатар Қызылорда және Жамбыл облыстарында шоғырланған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін медкөмек бойынша қаржы операторы рөлін атқарады және ел Үкіметі бекіткен көлемде халық үшін медициналық қызметтерді сатып алады.