Кез келген мемлекеттің ұлттық ұстыны да, ең асқақ шыңы да, ары да, бары да, өмірінің сәні мен мәні де – тілі. Одан айырылған, «халықаралық тіл» деп аталатындардың біріне көшіп алған мемлекеттің басқа құндылықтарына қуанып, баймын деп тасуының, бықсық дүниеге мастанып, шалқуының өзі әбестік.
Мемлекеттіліктің тұғыры ретінде мемлекеттік тілдің қуатты болуы, оның өрісінің кеңеюі, тұншықпай, тынысының ашылуы, сөйтіп, ана тіліміз арқылы жас ұрпақ бойына ұлттық мінез жаппай сіңуі үшін ел Үкіметі бірқатар жаңа шараларды қолға алмақ.
Осы орайда 2020-2024 жылдарға арналған «Мемлекеттік тіл және Қазақстан халқының тілдері» атты жаңа мемлекеттік бағдарлама жобасы әзірленді.
Бұл бағдарламаның мақсаттары – ғаламат. Ол қазақ тілін ұлттық және мемлекеттік тіл ғана емес, сондай-ақ енді Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынас тіліне айналдырмақ және оның осы биік мәртебедегі толыққанды қызметін қамтамасыз ететін стратегиялық тұғырнама құрмақ, осы жолда жүйелі іс-шаралар жүзеге асырылмақ.
Бұл ретте бесжылдық бағдарламаның міндеттері де елдің көптен күткен ойын дөп басып, құлаққа жағымды естіледі. Олардың ішіндегі негізгі төртеуіне тоқталсақ, бұлар – біріншіден, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту; екіншіден, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін арттыру; үшіншіден, мемлекеттік тілді насихаттау және оның әлеуметтік беделін көтеру; төртіншіден, Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту.
Бұдан бөлек, құжатта жаңа әліпби негізінде қазақ тілінің салалық терминдік жүйесін жетілдіру, біріздендіру және жазу нормаларын қалыптандыру; «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» мегажобасын іске асыру; қазақ тілінің білім беру саласындағы қызметін кеңейту; мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру; мәдениет, халыққа қызмет көрсету, БАҚ және бизнес саласында қазақ тілінің қолданысын реттеу бағыттарында жобалар іске қосылмақ.
Мемлекеттік бағдарлама жобасында тіпті «қазақ-ағылшын қостілділігін дамыту» жайында сөз болып отыр (орысша нұсқасында бұл «развитие казахско-английского билингвизма» деп аталған).
Жасыратыны жоқ, ұлтжанды азаматтар қияда емес, іргеде отырған Ресейдің мемлекеттік тіліне жабыса, жармаса бермеу керегін, оның тілі Қазақстанның қолдауынсыз-ақ дамитынын, тәуелсіздігі қалыптасқан елге өз тілін толыққанды өркендетпей тұрып, серіктесінің тілін ілгерілетуге бюджетін шығындағаны оғаштау тірлік екенін билікке айтудай-ақ айтып келеді.
Ал ағылшын тілін қазақстандықтарға үйрету – маңызды шара. Өйткені біз ағылшыншаға сүйенген жоғары технологиялар заманында өмір сүрудеміз. Демек, қазақ баласы ғылыми ең озық жаңалықтарды игеруі, соның бастау көздерінен сусындауы, ойы өрісті, білімі жан-жақты болуы үшін де дәл осы әмбебап жаһандық тілді меңгеруі шарт.
Бұл керек десеңіз, тәуелсіздігімізді нығайту үшін қажет. Мәселен, тіл жанашыры болып саналатын ағаларымыздың бірі шетелге шыққанда, айналадағы жұртшылық ағылшын тілінде «былдырлағанда» қатты қысылып, өзін ыңғайсыз сезінетінін, сонда әлдеқайдан орысша сөздерді құлағы шала қалса, көңілі жадырап, ол адаммен тілдесіп қалуға тартып тұратынын мойындағаны бар. Бұл, әрине, ғасырларға созылған отаршылдықтың салдары. Ағылшын тілін білсе, азаматтарымыз жат жерде көршінің тілін сарыла күтпесі сөзсіз.
Қазақ тілімен қатар ағылшын тілін дамыту дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы дамыған 30 ел қатарына қосылуға да ықпал етпек.
Егер жаңа бағдарлама осы күйінде қабылданып, өмірге жолдама алар болса, қазақ елінің ұзақ жылғы аңсарлы бір арманы жүзеге асуы ықтимал. Атап айтқанда, жаңа мембағдарламаның мақсатты көрсеткіштері, нысаналы индикаторлары қатарында «мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде меңгерген тұрғындардың үлесін» келесі 2020 жылы – 91 пайызға, 2021 жылы – 92 пайызға, 2022 жылы – 93 пайызға, 2023 жылы – 94 пайызға, ал 2024 жылы 95 пайызға жеткізу көзделуде.
Бұған қоса, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақша контенттің үлесін арттыру қарастырылған. Нәтижесінде, бюджеттен қаржыландырылатын БАҚ-тардың 2020 жылы – 74 пайызы, 2021 жылы – 75 пайызы, 2022 жылы – 76 пайызы, 2023 жылы – 77 пайызы, 2024 жылы 78 пайызы қазақ тілінде мақала жазып, теле-радиохабарларын осы тілімізде таратуы керек.
Мұның сыртында жазу кезінде латын әліпбиін пайдаланатын азаматтардың үлесі 2022 жылы – 10%, 2023 жылы – 20%, 2024 жылы 30%-ды құрайды деп күтілуде.
Республикада және шетелде қазақ тілі мен әдебиетін танымал етуге және мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шаралар саны 2020 жылы – 100, 2021 жылы – 105, 2022 жылы – 110, 2023 жылы – 115, ал 2024 жылы 120-ға жетпек.
Бағдарламаны іске асыруға тек республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты ғана емес, сонымен бірге ел заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражаттар жұмсалатын болады. Қаржыландыру көлемі әр жылдағы республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатыны мәлімделді.
Мәдениет және спорт министрлігінің түсіндіруінше, бұл құжат Қазақстанда қалыптасқан тілдік жағдайды талдауға негізделуде. Ол тіл құрылысы және тіл саясаты мәселелерімен айналысатын сарапшылар қауымдастығының пікірлері мен ұсыныстарын ескеретін көрінеді.
– Жобаны әзірлеу кезінде алдыңғы бағдарламаны – «Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру нәтижесінде түзілген елдегі тілдік ахуал егжей-тегжейлі талданды. 20-дан астам шетелдің мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мәселелерді құқықтық реттеу тәжірибесі зерделенді, – дейді ведомство.
Оның сендіруінше, жаңа бағдарламада көзделген барлық іс-шаралар мемлекеттік тілді «жалпы мемлекеттік және ұлттық бірегейліктің маңызды факторы» ретінде дамытудың басымдығына қызмет етпек.
Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін қолданыстағы заңнама, нормативтік-құқықтық база жетілдіріледі. Негізгі бағдарламалық іс-шаралар меморгандардың стратегиялық жоспарларына кіріктіріледі.
Министрлік 2011-2019 жылдарға арналған қолданыстағы мембағдарламаның орындалу сапасын бағамдау аясында қоғамдық пікірге жүгініп, сауалнама жүргізген екен. Сонда сұрақтарға жауап берген азаматтардың 45,3 пайызы «сарабдал, ойластырылған, ұлттық келісімді қалыптастыратын дұрыс саясат жүргізілуде» деп бағаласа, үштен бір бөлігіндейі – 28,6 пайызы «барлығы дұрыс айтады, бірақ сөздері мен іс-әрекеттерінің арасында сәйкессіздік бар» деп есептейтінін айтқан.
Респонденттердің 13 пайызы «қазақ тілін саналы түрде қолдау, басқа тілдерді елемеу және оларға қысым көрсету жүруде» деп санайды, ал 8,2 пайызы керісінше, билік «тұрақтылықты сақтау мақсатында қазақ тілінің мүддесін аяққа таптауда» деп сынаған. Бұларға сауалнамаға қатысушылардың тағы 2,9% пайызы қосылады. Олардың да жүргізіліп жатқан тіл саясатына көңілдері толмайды.
Жаңа бағдарлама жобасында айтылғандай, қазіргі кезде қазақстандықтар келесідей болып жіктеледі: қазақтілділер; қазақ-орыс қостілділер; орыстілділер; қазақ-орыс-ағылшын үштілділер.
Сонымен, министрліктің байламынша, қазіргі тілдік жағдай келесідей сипатта: біріншіден, қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны артып келеді. Ресми мәліметтерде анықталғандай, Қазақстандағы түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 95,5 пайызы, ұйғырлардың 93,7 пайызы, қырғыздардың 92,7 пайызы қазақ тілінде сөйлей алады. Ал 12 пайызы тілімізді тіпті сауатты оқып, жаза алатындай жоғары деңгейде меңгерген.
Славян диаспоралары ішінде орыстардың небәрі 25 пайызы, украиндардың 21,05 пайызы, белорустардың 19 пайызы ауызекі қазақ тілін түсінеді. Бұдан бөлек, поляктардың 20,9 пайызы, неміс этностарының 24 пайызы да тілді осы деңгейде ғана меңгерген. Осы аталған этностар ішінде қазақша сауаттылары, яғни мемлекеттік тілде оқып, жаза білетіндерінің үлесі бар-жоғы – 2,9%! Қалғаны тілімізді білмейді, білуге де ұмтылмайды. «Бұл мемлекеттік тілді қолдану сапасын арттыруды талап етеді» деген нық байлам жасалады бағдарламада.
Дегенмен, екіншіден, Қазақстанда қазақтар санының өсуі тілдің лайықты тұғырына қонуына ықпал етуде. «Халқымыздың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгереді» деген нысаналы меже де негізінен, осыған иек артады.
«Мемлекеттік тілдің демографиялық базасының күшеюі қоғамдық санадағы сапалы өзгерістерге әкелді. Этносаралық қарым-қатынас саласында да, ресми коммуникацияда да мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңеюде», – дейді министрлік.
2009 жылғы халық санағы мәліметтері бойынша жалпы алғанда, қазақстандықтардың 74 пайызы – қазақ тілін ауызша түсінетіні, соның ішінде 64,8 пайызы – еркін оқитыны, 62 пайызы еркін жазатыны белгілі болды.
Бір қызығы сол, 2018 жылғы соңғы әлеуметтік зерттеулер кезінде орыс диаспорасы өкілдерінің 2,7 пайызы және өзге этнос өкілдерінің 9,4 пайызы қазақ тілін «ана тілі» ретінде көрсеткені анықтап отыр. 2020 жылы өтетін келесі жалпыұлттық санақ та елең еткізерлік жаңалықтар әкеледі деген үміт бар.
«Қоғамдық пікір» зерттеу институтының мәліметінше, 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар үлесі 83,1%-ды, 2018 жылы – 85,9%-ды құраған. Ал орыс тілін меңгерген халықтың үлесі – 92,3%.
Сарапшылар ең бастысы, мемлекеттік тілге деген қажеттілікті тудыру керегіне екпін түсіреді. Мәселен, осы мәліметке сәйкес, екі жыл ішінде мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі небәрі 2,8%-ға ғана ұлғайған. Салыстыру үшін айтсақ, шет тілдерін білетін мамандардың мемлекеттік қызметте де, ұлттық компанияларда да, жеке секторда да жоғары бағаланып, қомақтырақ жалақы алатынын түсінген қоғамымыз ағылшын тілін белсенді игере бастады. Бұған «тілдің үштұғырлылығы» аталған білім саясаты да түрткі болды. Осылайша, егер 1991 жылы ағылшын тілін игерген қазақстандықтар үлесі 2% ғана болса, бүгінде олардың үлесі 25,1%-ға дейін жеткен.
Қазіргі кезде қоғамдық талқылауға шығарылып, жан-жақты пысықталып жатқан «Мемлекеттік тіл және Қазақстан халқының тілдері» мемлекеттік бағдарламасы алда қазақ тілін қорғау, ілгерілету, насихаттау, этносаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру, сыртқы әсерге қарсы тұру иммунитетін күшейту секілді сан-салалы жұмысқа серпін берсе жөн.
Мемлекеттік тілді түлетпесек, ел бірлігі бүлінеді. Тиісінше, мемлекеттік тілдің тұғырын көтерсек, тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыз да нығая бермек.