Бауырмалдықтан басталып кетіп ішкі ән бір, Ұшаққа мініп, ұшқыр деп біліп құстан бұл, Жеткенде жылдам, Туғалы біздер көрмеген Түріктер тұрды – құшақтарына қысқан гүл. Әуелден қаны, тамыры ортақ жандармен, Әуежайынан амандасады Стамбұл! Күләш АХМЕТОВА
Ақын апамыз айтқандай, тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген Стамбұлды көру бақыты бізге де бұйырды. Жақында қазақстандық бір топ тілші Turkish Airlines компаниясының қызмет сапасымен танысып, Стамбұлдың тарихи орындарын аралап келдік. Сонымен...
Әлемдегі көне шаһарлардың біріне жататын бұл қала – кезіндегі Рим, Византия, Осман империяларының астанасы. Ал 2010 жылы күллі Еуропаның мәдени астанасы атанған Стамбұл, бар әлемге өз жәдігерлерін паш етіп, түрік экономикасына туризмнен түскен табысымен елеулі үлес қосқан қала. Осыған қарап-ақ, өнеркәсібі өрге домалаған портты шаһардың одан бергі дамуын бағамдай беріңіз. Біз де биыл ғана іске қосылған жаңа әуежайға түстік. 200 миллион жолаушыға арналған әуежайдың талайдың таңдайында жүретіндей себебі де бар екен. Түркияның жалпы кірісіне бес пайыз табыс әкелетін әуежай 225 мың адамды жұмыспен қамтиды. Ең қызығы, бұл елді көруге асығып, ағылып келген адамдардан әуежайдың тым үлкендігі білінбейді. Біздің көңіліміздегі түрік бауырлардың беделін аспандатқан алғашқы көрініс еді бұл.
Алдымен, ел аузында «Көк мешіт» атылып кеткен атақты Сұлтан Ахмет мешітіне табан тіредік. І Сұлтан Ахметтің тапсырмасымен салынған мешіт – 6 мұнара мен биіктігі 43 метр, ал диаметрі 23,5 метр ауқымды алып жатқан ғажап көк күмбезбен көмкерілген. Аумақтан бірнеше алаң мен субұрқақтарды тамашалауға болады. Мешіттің мінәжат ететін қуысы михраб мәрмәрдан соғылып, Меккеден әкелінген қара тас қойылған. Сонымен қатар классикалық осман және византиялық шіркеулер үлгілері үйлестірілген. 260 терезесі бар.
Исі мұсылманның арманы Алланың үйіне кіріп, тәу ету бірінші мақсатымыз еді. Ол орындалды. Жалпы, тек осы Стамбұлдың өзінде 3000-ға жуық мешіттің барлығы жергіліктің халықтың дінге беріктігінің дәлеліндей.
Тағы бір ғажабы, қала қаншалықты үлкен болса да, жаяу жүруге соншалықты құмартасың. Аяқ талдыратындай аумақты алып жатқан шаһарды жаяу аралауға жалықпайсың. Көк мешіттен шығып, Осман патшаларының ордасы саналатын Топқапы сарайына біз де жаяу-жалпылатып жеттік. Сол аралықта қаланың бір-біріне ұқсас, әсем күмбезбен көмкерілген түрлі ғимараттарына қарап, керемет көшелеріне куә болдық. Түрік бауырларымыздың кез келгені саған мейман деп қарай алады. Құрметтейді. Тағы бір аңғарғанымыз, көшелері қаншалықты тар, ығы-жығы адам болса да адамдардың көңілі соншалықты кең, керемет бір тыныштыққа толы аура бар. Асығып-аптыққан адам көрмейсің. Бір-бірінен «кешірім» сұрап, ілтипат көрсеткен бір халық. Түріктер баланы қатты жақсы көреді. Баланы бағаламайтын ұлт жоқ шығар, бірақ ұлтына, ұлысына қарамай бірдей жақсы көріп, барлық жағдайды жасауға тырысатын ел екені сырт көзге анық байқалады. Өйткені қалада балаларға арналған ойын алаңдары мен демалыс орындары өте көп. Маған бұл қала құдды бір мейірім мекеніндей көрінді.
Осындай көңіл күймен әлемге әйгілі Топқапы музейіне де табан тіредік. Бізге қаланы таныстырып, тарихтан там-тұмдап әңгіме айтып жүрген Жемиле ханым туған тарихы туралы сөз еткенде, ерекше бір мейіріммен, махаббатпен жеткізеді. Біз де білмейтінімізді тәптіштеп сұрап, көңілге қонымды жауап ала алдық.
1453 жылы II Мехмет бастаған османлы әскері Константинополь қаласын басып алады. Сол кезде Топқапы орнында Византия императорларының сарайы болған екен. Бұл сарайдың қазіргі уақытта қалдықтары қалған жоқ. II Мехмет жеңістен кейін Византия сарайының орнына осы Топқапы сарайын салдыртқан. Ең алғашқы 50 жыл бойы бұл сарай сұлтандардың басқару резиденциясы болған. Алғашқы 50 жылда Топқапы сарайы сұлтандардың тек жұмыс орталығы ғана болған, осы жағдай II Баязит сарайы кезінде де орын алған. I Сүлеймен сарайды қайта салған. Бұл II Мехмет негізін қалағаннан кейін болған ең үлкен өзгерістердің бірі. 1854 жылы бұл сарайдың құрылысы жалғастырылған, 400 жыл бойы Ұлы Османлы мемлекетінің басты сарайы болып қалған. Ал 1923 жылы музей атаған. Міне, біз осы музейде тұрмыз. Жемиленің айтуынша, бұл аумақты толық аралап шығу үшін кемі 15 күндей уақыт керек. Өйткені бұл музейдің ауданы — 700 000 шаршы метр. Бұдан бөлек, музейдің сыртынан 1400 метр болатын қоршаумен айналдырыла қоршалған. Топқапы жәдігерлерінің саны 65 мың шамасында көрінеді. Ал біз жарты күнде ең қызықты орындарына ғана бас сұқтық.
Бұдан соң шағалалары шарқ ұрған Мәрмәр теңізінің үстінде, ақша бұлттай алаулаған көңіл күймен ақ кемеде отырып, балықтың түр-түрінен әзірленген ас іштік.
Екінші күні түске дейін Turkish Airlines компаниясы ұшқыштарының жаттығу орталығында болдық. Ұшқыштарды әзірлеу құрылғы технологиялары мен әдіс-тәсілдері жыл сайын жаңарып отыратын орталықта өзіміз де ұшақ симуляторларын жүргізіп көрдік. Бұл орталықтан жыл сайын 10 мыңнан астам адам ұшқыштыққа тәрбиеленіп отырады екен. Оларға еш дамылсыз, тоқтаусыз 24 сағат бойы сабақ жүргізіледі. Осыған қарап-ақ компанияның жолаушының сәтті жолы үшін істейтін жауапты жұмысына тәнті боласың.
Сонымен қатар бұл базада бортсеріктерді де тәжірибеден өткізіп, біліктілігін шыңдап, апатты жағдайларда қандай әрекеттер істеу керегін үйретеді. Біз барған тұста түркиялық әуе компанияда жеті жылдан бері қызмет етіп келе жатқан аға ұшқыш жас ұшқыштарға өз кеңесін беріп жатты. «Біріншіден жас ұшқыштарға берер кеңесім – қауіпсіздік. Жақсы ұшқыш экипаж үшін де және өз өмірін сеніп тапсырған жолаушылар үшін де жауапты екенін сезінуі тиіс. Командада жұмыс істеу өте маңызды. Ұшқыштың өмір сүру стилі ерекше. Ол күтінуі тиіс, физикалық қалпы жақсы болуы керек. Денсаулығы мықты әрі әрдайым біреулер үшін жауапты екенін ойдан шығармауы керек. Сол үшін де демалысы, әлеуметтік өмірі, өмірдегі белсенділігі оның кәсібіне тығыз байланысты», – деді ол.
Тurkish Airlines компаниясының ұшақтары 1992 жылдан бері Қазақстанға ұшып келе бастады. Қазіргі уақытта Астана мен Алматы қаларынан күн сайын Түркияның бірнеше қаласына тікелей рейстер ашылған. Шамамен әуекомпания жылына 120 мың қазақстандықты тасымалдайды екен.
Turkish Airlines компаниясы жыл сайын қатарынан Еуропаның ең үздік әуе компаниясы атағын жеңіп алады. Мұның сыры мен себебіне біз осы сапарымызда көз жеткіздік. Аузын айға білеген Еуропа елдері оңайлықпен мұндай мәртебені түркиялық компанияға жайдан-жай бермейді екен. Бұл компания сол атаққа сай халыққа қызмет етіп келе жатқан әлемдік үздік әуекомпания екеніне көзіміз жетті, көңіліміз сенді.
Сол күні журналистер Turkish Airlines компания басшылығымен кездесу өткізді. Компанияның Азия елдері және Қиыр Шығыста сату вице-президенті Тунджай Еминоглы әуе жолы компаниясының болашағы, оның даму сатылары мен мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, Turkish Airlines әуе компаниясы Еуропа, Азия, Африка аймақтарына тасымалдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Компания 1933 жылы 20 мамырда құрылған. Әуекомпания ең сапалы әрі ең жаңа технологиялар негізінде жабдықталған. Ұшақтарының орташа жылы – 3 жыл. Сондай-ақ Turkish Airlines Еуропа мен Азиядағы ең жоғары сапалы дайындық орталықтарына ие. 2006 жылы желтоқсан айында компания Star Alliance қатарынан көріне білді.
Тағы бір айта кетерлігі, журналистер жағы бизнес класпен ұштық. Компанияның жүзі жылы қызметшілері ерекше мәзірін ұсынды. Дәмі тіл үйірер дәмді тағамдар, жоғары сапалы қызмет, жайлы орын... барлық жағдай жасалған. Ұшақ ішінде өз үйіңде отырғандай сезінесіз. Қалаған киноңды көресің. Газет-журналдың түрлі-түрлісі бар. Ұшақтың ұшу ақпараты да (биіктік, температура, қашықтық т.б.) көз алдыңда тұрады.
Бизнес-кластың тамақтандыру деңгейі өте жоғары сапалы. Онда қалаған уақытыңызда көңіліңіз қалаған ас мәзірінің түрлеріне тапсырыс бере аласыз. Бизнес-класта ұшқан ұшақ жолаушыларына әуежайларда арнайы демалыс орындары ұйымдастырылған. Межелі орынға ерте бара қалсаңыз, әлгі демалыс орындарына қалағаныңызша ұйықтап алуға төсек жайлар да қарастырылған. Жуынып-шайынып алу үшін душ кабиналары да жұмыс істейді. Киіміңді де үтіктеп аласыз. Өзіңіздің сүйікті тамақ түрлеріне де тапсырыс бересіз.
Turkish Airlines компаниясы жолсеріктерді тек ағылшын мен түрік тілін білетіндерді ғана емес, ұшақ қатынайтын елдің төл тілін білетіндігіне қарап таңдайды. Мәселен, біз мінген ұшақта қазақ тілінде білетін жолсерік болды. Сондықтан тіл білмейтін елдің азаматы өзін емін-еркін ұстап, қалаған затына тапсырыс береді, жолаушы ұсыныс-тілектері мен сұрақтарына өз ойындағыдай жауап алуға толықтай мүмкіндік алады. Біз отырған бизнес-класта қазақ және орыс тілдерін жетік білетін жолсеріктер қызмет көрсетіп жүрді. Бұның бәрін әуе компаниясының ұзақ жылдар бойы жетілдірген тәжірибесі деп қана емес, өзге бәсекелес әуе компанияларынан басып озар артықшылығы деп бағалар едік.
Turkish Airlines – заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін толық пайдалана білетін, жолаушылар тасымалдауда барынша заман талаптарына сай жетістіктерді қолдана алатын бірегей компания. Ол қолжетімді билеттерімен қатар ол өз тұтынушыларына барынша жағдай жасауға тырысатындығымен-ақ халық ықыласына бөленіп отыр.
***
... Стамбұлдың сиқыры бар. «Сәулеті келіскен әсем шаһарды бір көрген адам қайтадан көргісі келіп тұрады» дегенді жиі еститін едім. Рас екен. Мәрмәр теңізі мен оның үстінде қалықтап қанат қаққан ақ шағалалармен мен де қимай-қимай қоштастым...
Нұр-Сұлтан – Стамбұл – Нұр-Сұлтан