Футболшының таныстырылым рәсіміне 50 мың жанкүйер келген
Бүгін Бельгия құрамасының футболшысы Эден Азар ресми түрде мадридтік «Реалдың» ойыншысы атанды. Футболшының таныстырылым рәсіміне 50 мың жанкүйер келген.
Корольдік клуб пен футболшы арасындағы келісімшарт 2024 жылдың 30 маусымына дейін жарамды.
«Мен бала кезімнен «Реалға» жанкүйер болдым, сол себепті осы сәтті ұзақ жыл армандадым. Ковачич арқылы Модричпен сөйлесіп, одан әзілдеп 10 нөмірді сұрадым. Бірақ ол бермейтінін айтты. Әлемнің үздік клубында ойнау арқылы үздік футболшыға айналғым келеді. Түптің түбінде «Реалда» ойнайтыныма сенген едім. Сол сенімім ақталды. «Реалмен» бірге көптеген трофей жеңіп алғым келеді. Зидан да бала кезімнен менің кумирім еді. Менің осында ауысуыма оның бас бапкер болғандығы да көп әсер етті» деді Азар.
Футболшы осыған дейін жеті жыл лондондық «Челси» сапында ойнаған. 28 жастағы шабуылшы биылғы маусымда АПЛ-да 37 матчқа қатысып, 16 гол соғып, 15 нәтижелі пас беріпті. Ол биыл «Челсимен» бірге Еуропа лигасын жеңіп алды.
Таныстырылу рәсімі кезінде Азар клуб нышанын сүйіп, құрмет білдірген.
https://youtu.be/1P2x8z-P45E