Қазақстан келесі ойынын Испанияға қарсы өткізеді
Футболдан Қазақстан жастар құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындары аясында өз тобының лидеріне айналды.
Біздің жастар алғашқы екі ойынды да сәтті өткізіп, 6 ұпай жинады. Бірінші матчты біздің құрама сырт алаңда Фарер аралдарына қарсы өткізіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Алдымен «Сочи» шабуылшысы Акмаль Бахтияров есеп ашты. Оған нәтижелі пас берген Еркебұлан Сейдахмет болатын. 68 минутта «Шахтер» шабуылшысы Дмитрий Бачек есепті еселей түсті. 94 минутта Владислав Прокопенко кездесу нүктесін қойды. Қарсыластар тарапынан тек Стефан Радосавлевич қана есеп айырмасын қысқартты.
Ал одан кейін сырт алаңда Черногория құрамасын 0:1 есебімен жеңіліп жатып, екі гол соға алды. 62 минутта Еркебұлан Сейдахмет дәл соққысымен көзге түссе, одан кейін Кәрімбаев жеңіс голын соқты.
Танымал бапкер Болат Есмағамбетовтың айтуынша, жастар құрамасынан үлкен жігер байқауға болады.
«Жігіттердің бұл нәтижесі көңіл қуантарлық. Бірақ алдын ала асығыс байлам жасамайық. Дегенмен олардың санасында жеңіс философиясының пайда болғаны қуантады. Екі кездесуде де тек жеңіске ойнады. Бұл ретте бапкер Москаленконың да еңбегін атап өту керек. Ол өте тәжірибелі бапкер. Командадағы Сейдахмет, Бахтияров сияқты талантты ойыншылардың болғаны да үлкен көмек» дейді маман.
Жастар құрамасының және қарағандылық «Шахтердің» ойыншысы Геворг Наджарян болса, тіпті Испанияны да жеңе аламыз дейді.
«Әрине, Испания – фаворит. Бірақ оларды да жеңуге болады. Ниет болса бәріне жетеміз. Үнемі фавориттер жеңе бермейді ғой» дейді ол.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 6 топта 6 ұпаймен көш бастап келе жатыр. Бізден кейін Черногория құрамасы орналасқан. Өзге командалардың еншісінде ешқандай ұпай жоқ. Оның бір себебі – Испания, Израиль, Македония сияқты елдердің әлі бірде бір кездесу өткізбегендігі.
Енді Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 6 қыркүйек күні Испанияға, 10 қыркүйек күні Израильге қарсы өткізеді.