Банктер енді борышкерге кепілге қойған баспанасын өз бетінше сатуға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Қазмедиа орталығында» халық алдында есеп беру кездесуін өткізген Әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді. Министр әділет органдарының қызметі туралы ақпараттандыра келе, жұртшылықтың және журналистердің сұрағына жауап берді.
М.Бекетаев өткен жылы өз ведомствосы әзірлеген маңызды бірнеше заңдар қабылданғанын айтты. Соның ішінде 2019 жылғы 21 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан ары ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Бұл құжат бірінші кезекте жеке және заңды тұлғалардың меншігін қорғауды күшейтуді мақсат тұтады екен.
– Нақтылай кетсек, біріншіден, жер учаскесін «мемлекет мұқтажы» үшін алып қою кезінде бұдан былай төленетін өтемақы мөлшері жер учаскесінің нарықтық бағасының негізінде анықталатын болады (бұған дейін кадастрлық бағамен белгіленетін). Екіншіден, борышкерге кепілге қойылған жылжымайтын мүлкін 3 ай мерзім ішінде өз бетінше сату мүмкіндігі беріледі. Үшіншіден, баланы күтіп-бағуға арналған алименттік төлем үшін ашылатын арнайы шоттағы қаражатты өндіріп алуға жатқызуға тыйым салынады. Төртіншіден, қарыз алып, борышкер болған адамның банк шотындағы ақшасын берешегі үшін тегіс алып қоюға шектеу енгізілді. Ол шотта айлық күнкөріс шегіне тең көлемде сома қалуға тиіс болады, – деді Марат Бекетаев.
Бесіншіден, мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылдағанға дейін қылмыстық процестің әрбір кезеңінде ол мүліктің қылмыстық жолмен табылғанын растайтын фактілер анықталуы қажет болады.
Қазіргі уақытта Әділет министрлігі 3 жаңа заң жобасы бойынша жұмысты жалғастыруда. Олардағы өзгерістер әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін жазаны жеңілдетуді, соттар мен меморгандар арасында өкілеттіктерді бөлуді, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс жүргізулерді электронды форматқа ауыстыруды, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша сот төрелігін жөнелтуді жақсартуды көздейді.
Өткен жылы ведомство заңгерлік қызмет саласында реформа жүргізді. Қабылданған шаралар заңгерлер қауымдастығында бәсекелестік ортаны құруға және адвокаттар санын көбейтуге мүмкіндік берді.
– Егер соңғы 4 жылда адвокаттар саны 300-ге ғана артса, заң қабылданғалы бергі жарты жылда олардың қатары бірден 400-ге көбейіп, 5 000 адамнан асты. Бұл үшін қорғаушы атануға кедергі болған «адвокаттар алқасына кіру жарналары» алып тасталды. Адвокаттардың алқа басшылығына негізсіз тәуелділігін тудырған адвокаттық ордерлер деген жойылды. Заң арқылы адвокаттарды тәртіптік жазалауды қараудың 2 деңгейлі жүйесі енгізілді. Жергілікті және республикалық деңгейде құрамы 6 адвокаттан, 3 қоғам өкілінен және 2 отставкадағы судьядан тұратын тәртіптік комиссиялар құрылды, – деді министр.
Адвокаттар алқасы қызметін ұйымдастыруда да өзгерістер болды. Алқа қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында олардың қаржылық-шаруашылық қызметі туралы есебі алқаның интернет ресурсында орналастырылады.
Адвокаттық қауымдастықты тиімді басқару үшін бір тұлғаның басқару органдарында бір мерзімнен көп болуына тыйым салынды.
Бұдан басқа, заң көмегінің сапасын арттыру шаралары қабылданды. Адвокаттар өз біліктілігін арттыруға және кәсіби ұйым бекіткен ереже мен стандарттар бойынша заң көмегін көрсетуге міндеттелді.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап адвокат пен заң консультантының кәсіби жауаптылығын міндетті сақтандыру институты енгізіледі. Яғни, келесі жылы адвокат не заңгер сапасыз көмек көрсеткен жағдайда азаматтар сақтандыру өтемақысын ала алады.
Енді дамыған елдердегідей, елімізде қорғаушыға төлер қаражаты жоқ азаматтар да ең қымбат адвокаттардың қызметіне жүгіне алады. М.Бекетаев биылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік және қаржылық жағдайы қиын азаматтар адвокат немесе заң консультантынан тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алып жатқанын айтты. Бұл жерде қорғаушы тегін көмектесу уақыты бітсе де, ақысыз алған ісін орта жолда тастап кете алмайды, заң бойынша ол қызметті шешім қабылданғанға дейін көрсетуі шарт.
– Нотариустардың қызметтеріне де өзгерістер кіруде. Бұрын соттар қараған 9 даусыз талаптар нотариустарға берілді. Тиісінше, бұдан былай Қазақстанда жалақыны, коммуналдық қызметтер берешегін, жалға алу төлемдерін өндіріп алушылар қарсы жақты сотқа бермей-ақ, нотариустарға жүгініп, өндірте алады, – деді Әділет министрі.
Ол «Электронды үкімет» порталында заңды тұлғаны тіркеу бойынша жаңа қызмет көрсету іске қосылғанын мәлім етті. Онда бизнес ашуды, банк шотын ашуды, сақтандыру шартын жасауды, салыққа қосымша құн салығын есепке қоюды бір мезгілде жасауға болады.