Алматыда Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының саяси кеңесінің отырысы өтті. Шараны партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Конкуров ашып, жүргізді.
Шараға қалалық мәслихат депутаты Рахман Алшанов, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, қалалық мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, басқа да партия өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Станислав Конкуров алғысөзде сайлау кезінде Алматы қаласының белсенді үлес қосқанын атап өтті.
– Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70 пайыздан астам дауысын жинады. Қазақстан халқы кезекті рет нағыз істің партиясы болып саналатын Nur Otan партиясын таңдады. Сайлау науқанының үгіт-насихат кезеңінде Алматы қалалық, аудандық штабтары жоғары деңгейде қызмет етті. Қала бойынша мыңнан астам түрлі шара өтіп, оны сайлаушылардың 90 пайызы қолдады, – деді ол.
Шараға арнайы қатысқан партия хатшысы Илья Теренченко сайлаудағы Тоқаев жеңісін – Елбасы қалыптастырған әділ саясат пен елдегі тұрақтылыққа берген әділ баға деп есептейді.
– Қазақстандықтар осы сайлау додасында Тоқаевқа дауыс беру арқылы – Елбасының тиімді саясатына, оның билікті әділ және тағылымды жолмен ауыстыруына ризашылығын білдірді. Сайлау кезінде шаһар белсенділігі үшін алматылық әріптестеріме алғыс білдіремін. Енді біз бүгіннен бастап президентіміз белгілеп берген бағыт бойынша тындырымды жұмыс атқаруға кірісуіміз керек. Бұл шаруалар – халықтың табысын арттыру, жемқорлықпен күресудің жаңа деңгейін көрсету, сот және құқық қорғау саласына реформа жасау, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғын үй мәселесін шешу, әділеттік әлеуметтік саясат жүргізу және өңірлік саясатта жаңа әдіс-тәсілдер енгізу, – деді партия хатшысы.
Жиынға қатысқан Қали Сәрсенбай жастар мәселесіне көңіл бөлу туралы ұсынысын жеткізді.
– Президент өз сөзінде қоғаммен ашық, әділ жұмыс істеймін деді. Солай болуы керек. Соның ішіне жастар мәселесіне ерекше назар аудару қажет. 90 жылдары Жапонияға барғанымызда «Жастар» ауданы дегенді көріп қалдық. Қарасақ, бір кемпір мен қыз бала, бір ақсақал мен бір жас жігіт отыр. Кейін сұрасақ, әр бейсенбі сайын сол жерге үлкен кісілер келіп жастармен кездесіп, өмірден көрген-түйгенін бөліседі екен. Адасып жүрген, жолы болмай жүрген жастар сол кісілерден ақыл-кеңес сұрайды. Ал бізде жастар мәселесімен тек қана жоғары оқу орындары ғана айналысатын сияқты көрінеді. Сондықтан осы мәселелер қолға алынса жастарға қатысты көптеген проблемалар шешімін табады деп ойлаймын, – деді Қали Сәрсенбай.
Жиынға қатысушылар сайлау нәтижесін бірауыздан қолдап, жақын арада тағы бір мәрте бас қосуға уағдаласып тарқасты.
Сондай-ақ осы күні Алматыға арнайы сапармен келген Nur Otan партиясының хатшысы Илья Теренченко «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ филиалдарының қызметімен танысты. Кездесудің мақсаты – қарапайым халық пен бизнес-қоғамдастық сынға алып отырған бағыттар бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру бойынша қалада жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерін жұртқа кеңірек жеткізу.
Бұл іске жауапты мамандардың мәлімдеуінше, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті Алматы қаласы бойынша, Мемлекеттік корпорацияның филиалдарында «Құпия сатып алушы» әдісімен тұрақты негізде рейдтер жүргізген. Рейд қорытындысы бойынша қызмет көрсету кезінде заңбұзушылықтар анықталып, нәтижесінде 11 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Шаһарда «Құпия сатып алушы» әдісімен «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-да мемлекеттік қызметтер көрсету саласында, сондай-ақ автокөлікке техникалық байқаудан өту қызметі саласында іс-шаралар өтіп тұрады.
Іссапар тамамдалар тұста Илья Теренченко партия жанындағы «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссияның көшпелі отырысына қатысты. Отырыс барысында комиссия Алматы қаласында мемлекеттік қызмет көрсету сапасының мәселелерімен егжей-тегжейлі танысты. Дәл қазіргі таңда мегаполисте 15 фронт-офис және 13 бэк-офис жұмыс істейді. Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КеАҚ филиалы қызметкерлерінің жалпы штат саны Алматы бойынша 1573 бірлікті құрайды.
Жиын соңында «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңда жедел түрде жаңарту ұсынылды. Отырысқа «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша республикалық және өңірлік комиссияның жұмыс тобының мүшелері, жергілікті мемлекеттік органдар басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.