Халық Nur Otan партиясының бастамасымен қолға алынған Birge акциясы шеңберінде әлеуметтік мәселесін, ұсыныс-пікірін айтты. Әсіресе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласы акцияға өте белсенді қатысты.
Birge акциясы аясында «Есіктен есікке» шарасы да өтті. Шалғайдағы елдімекендерді, қалада пәтерлерді аралап, халықтың ұсынысы жинақталды. Партия халықтың талабын сараптап, жүйелеп келешекте әлеуметтік бағдарламаларды толықтыруға қосылады. Басты мақсат – түйткілді мәселелер дер шағында шешімін табу үшін елмен етене жақын жұмыс істеу. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек көлемі ұлғаяды.
Birge жалпыұлттық акциясы – сайлаушылармен тиімді кері байланыс орнату үшін таптырмас тәсіл. Білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, жемқорлықты жою мәселелерін толықтай қамтыды.
Мәселен, акция аясында кәсіпкерлерден бизнесті дамыту үшін қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс түскен. Оларды салық жүйесіне өзгерістер енгізу, туристік нысандар салу, өндіріс орындарының құрылысын жүргізу мәселелері толғандырады. Мысалы, ақтөбелік кәсіпкерлер бизнесте заңбұзушылықтар орын алса, кәсіпкерлердің ортақ жауапкершілігін қарастыруды заңмен бекітуді ұсынады. Кәсіпкер жұмыс бабында тәртіп бұзса, заң алдында барлық азамат бірдей екенін білуі тиіс. Бұл олардың халық алдындағы жауапкершілігін арттырады деп санайды.
Ал солтүстік аймақтың кәсіпкерлері қаржылай төлемнің уақтылы жасалуын қамтамасыз ету проблемасының шешілуін сұрайды. Олардың пікірінше, дебиторлық қарызы бар адамдардың көпшілігі қызмет көрсетуді тауарға, тауарды қызмет көрсетуге айырбастайды. Мұндай жағдайда еңбекақы мен салықтарды уақытында төлеу мүмкін емес. Сотқа шағымданғанмен компанияның беделіне әсер етеді.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны жартылай өткізгіш технологияларды (процессорлар, жады чиптері, бір кристалды жүйелер) шығару бойынша озық кәсіпорын құру, ақпаратты бейнелеу жүйесі өндірісін ашу (теледидарларға, смартфондарға, планшеттерге арналған органикалық диодтардағы матрицалар), энергияны өндіру және сақтау технологиясы негізінде тауарлардың жаппай өндірісі (күн батареялары, аккумуляторлар, көлікті зарядтауға арналған стансалар), медициналық мақсаттағы технология саласындағы әзірлемелер бойынша кәсіпорын құру (сканерлеу және диагностикалаушы аппараттар) туралы ұсыныстарын жазған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерге ұдайы қолдау жалғасатынын бағдарламасында айтқан болатын. Ол: «Біз ұлттық бизнес пен азаматтардың жеке бастамаларын табанды түрде қолдаймыз. Кеңауқымды кәсіпкерлік ортаға ден қоямыз. Отандық бизнеске реттелмелі сатып алуларға жол ашамыз. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қаржысы – салық төлеушілердің ақшасы. Олар біздің экономиканы дамытуға, қазақстандықтардың табысы мен әл-ауқатын арттыруға жұмсалуы тиіс. Біз бизнеске қосымша талаптар қоятын заңнамалар мен реттейтін нормалар үшін өтпелі кезең енгіземіз. Жаңа кәсіпорындарға 3 жылға дейінгі инвестициялық-салықтық несиелер ұсынатын боламыз. Ол бизнестің аяқтан тұрып, нарықта нығаюына мүмкіндік береді» деген болатын.
Birge акциясы аясында келіп түскен азаматтардың ұсыныстарының көпшілігі тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне қатысты. Оның ішінде, жалдамалы қызметкерлердің құқығын қорғау, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру, жұмысшыларға лайықты сыйақы беру мәселелері жиі айтылған.
Атап айтқанда, Қостанай қаласынан Т.Шумейко, Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданынан Снежана Черепанова, Ақмола облысы Ақкөл ауданынан Виктор Данченко білім саласы қызметкерлерінің жалақысын жоғарылатуды сұрайды. Елордалық Жанат Үркімбаев еңбекақы төлеуді кешіктірген кезде жұмыс берушілерге қатаң шара қолдануды заңмен бекіту қажет деп есептейді. Семейлік Асқар Жампейісов апта сайынғы еңбекақы төлеу жүйесін қарастыруды ұсынды. Ең төменгі еңбекақы мөлшерін сағатына 1000 теңгеден кем емес етіп заң жүзінде бекіту қажет деп санайды.
Еңбек келісімшарты мен жалақы төлеу мәселесіне қатысты ұсыныстар мұқият зерттеледі. Акция асында халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінбек. Халықты тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру, ең алдымен, өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, іскерлік қызметтер, IT сала, туризмге ерекше басымдық беріледі.
Сондай-ақ халықты экологиялық проблемалар толғандырады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының тұрғындары шешімін таппаған мәселе көп екеніне назар аударса дейді. Сол себепті, алдағы уақытта өнеркәсіптік кәсіпорындар қоршаған ортаны ластамау үшін халықаралық стандарттар мен технологияларды енгізу міндеттеледі. Барлық ірі кәсіпорындар тазартудың жаңа технологияларын енгізу және қалдықтарды азайтудың нақты жоспарын әзірлеуі тиіс.
Birge акциясы аясында әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған әділдік, өрлеу, даму жобасының болашағы зор.
Жалпы, акция аясында 530 мыңға жуық өтініш келіп түскен. 1,5млн-нан астам адам ұсыныс-пікір айтқан. Әлеуметтік мәселелерге айрықша көңіл бөлінеді. Жастарды жұмыспен қамту, білім саласына байланысты түйткілді мәселелер шешімін табады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты жұмыс істейтін жастар мен аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға арнап баспана салынбақ. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, барлық санаттағы мұқтаж адамдарға берілетін әлеуметтік көмектің ауқымы көбейеді. Аймақтарда білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жобалар жалғасын табады.
«Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» бағдарламасы – Қазақстан халқының игілігі үшін тың бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыратын бірден-бір жоба. Бүгінгі күндегі ең өзекті мәселе – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Сондықтан акцияға қатысқан азаматтар қолданыстағы тұрғын-үй бағдарламалары біріктіріліп, бір жүйемен жұмыс істесе деген ұсыныс айтқан. Birge акциясы шеңберінде айтылған ұсыныс кезең-кезеңімен жүзеге асады.