Украина – чемпион! Олар жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды (фото)

Украина – чемпион! Олар жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды (фото)

Оңтүстік кореялық Ли Кан Ина осы турнирдің ең үздік ойыншысы атанды

Польшада өткен футболдан жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында Украина мен Оңтүстік Корея құрамалары кездесіп, алғашқы ұжым 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Мұндай жетістікке Украина өз тарихында тұңғыш рет жетіп отыр. Бұған дейін олар ширек финалдан аса алмай келген еді.

Украина – бұрынғы кеңестік елдер арасынан бұл турнирді алғаш рет жеңіп алған ұжым. Жастар арасындағы бұл доданың бәсі төмен деп айтуға келмейді. Мәселен, осы жарыстың бас жүлдесін Аргентина 6 рет, Бразилия 5 рет жеңіпті. Өз уақытында осы турнирде Марадона, Ромарио, Месси, Роналдиньо, Фигу, Касильяс, Ван Бастен, Роббен, Анри, Трезеге секілді жұлдыздар ойнаған.

Оңтүстік кореялық Ли Кан Ина осы турнирдің ең үздік ойыншысы атанды. 18 жастағы футболшы финалда Украина қақпасына пенальтиден гол соққан.


Ал норвегиялық 18 жастағы шабуылшы Эрлинг Холанд турнирдің үздік бомбардирі атанды. Ол өз еншісіндегі 9 голдың барлығын бір матчта соқты. Гондурас қақпасына. Сол кездесуде Норвегия 12:0 есебімен жеңіске жетті. Соған қарамастан бұл құрама топтан шыға алған жоқ. Олар Жаңа Зеландия және Уругвайға қарсы кездесуде жеңіліп қалды.

Украина алдымен өз тобында АҚШ, Катар құрамаларын ұтып, Нигериямен тең түсіп бірінші орын алды. 1/8 финалда Панаманы 4:1 есебімен жеңді. Әрі қарай Колумбияны 1:0 есебімен ұтса, жартылай финалда Италияны да минималды есеппен жеңді.


Украина сапындағы ең танымал ойыншы – Андрей Лунин. 2018 жылы «Реал» сапына өткен қақпашы биылғы маусымды «Леганес» қатарында (жалға алу) өткізген. Ол Польшада өте керемет өнер көрсетті: екі матчта қақпасын құрғақ ұстаса, қалған кездесулерде 1 голдан артық өткізген жоқ.
 


Сондай-ақ украиналық жартылай қорғаушы Сергей Булец (киевтік «Динамо») 3 гол, 2 нәтижелі паспен ерекше көзге түсті. Команданы 61 жастағы Александр Петраков баптайды. Бұған дейін ол танымал клубтарда жұмыс істемеген, соңғы 10 жылдан бері тек жасөспірім және жастар құрамасында жұмыс істеп келе жатыр. Жеңістен кейін ол: «Бірінші кезекте ойыншыларды, бапкерлерді және әкімшілік штабты құттықтаймын. Украина халқына да ерекше алғыс білдіремін» депті.