Қазақстанда ең төмен еңбекақы алатын бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қанша қаражат жұмсалғаны белгілі болды. Елбасы Н.Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап бюджет саласының еңбекақысы төмен қызметкерлерінің жалақысы артты.
Жалақының жоғарылауы 1-ден 8-ге дейінгі разрядтағы қызметкерлерге, көмекші (техникалық), әкімшілік және негізгі персоналдар қызметкерлеріне, сондай-ақ басқарушы персоналдың бірқатар қызметкерлеріне қатысты болды. Бұл қызметкерлердің жалақысы жұмыс өтіліне байланысты сараланған түрде ұлғайтылды.
Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2019 жылға 144,3 миллиард теңге бөлініп отыр.
– Мысалы, жоғары білімді және 2 жылдық жұмыс өтілі бар жоғары санатты әлеуметтік қызметкердің жалақысы биылғы 1 маусымға дейін 81 830 теңге болған. Ал 2019 жылғы 1 маусымнан бастап, 98 961 теңгеге дейін ұлғайды. Осылайша, жалақының өсімі 17 131 теңгені немесе 21%-ды құрады. Тағы бір мысал ретінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, бірақ санаты жоқ, тек арнайы орта білім ғана алған тәрбиешінің жалақысын қарастыралық. Егер 1 маусымға дейін оның жалақысы 58 984 теңгені құраса, 2019 жылғы 1 маусымнан бері 76 114 теңгеге жетті. Демек, жалақы өсімі 17 130 теңге немесе 29% болды, – деп түсіндіреді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жалақыны арттырудың игілігін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда жұмыс істейтін 1,1 миллион азаматтық қызметші көруде.