Nur Otan партиясының Nur Otan Talks алаңында Team Qazaqstan республикалық қоғамдық штабының жастар қанаты жастар ұсынысын бірге талқылады.
Жастармен жүздесуге Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, тележүргізуші Әйгерім Есенәлі, «Болашақ» корпоративті қайырымдылық қоры кеңесінің төрағасы Динара Шәйжүнісова, тележүргізуші Асхат Садырбай, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы баспасөз қызметінің жетекшісі Ақерке Берлібай, «Қазақстан жастары конгресі» республикалық жастарды дамыту орталығының жетекшісі Ерғазы Әзімханұлы қатысты.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жастардың ұсынысын жүзеге асыру арқылы қоғамның көптеген проблемасын шешеміз деген пікірімен бөлісті.
– Президент бағдарламасында жастар мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Жастардан кадрлық резерв дайындау жолға қойылып жатыр. Сайдың тасындай білімді, талантты жастарға әрдайым жол ашық. Олардың айтар ойы, ұсынысы қоғам үшін өте маңызды. Team Qazaqstan – тек қана студенттер емес, барлық жастың пікір айтатын, ойын ортаға салатын бірден-бір алаң. Қоғамдағы әрбір жастың айтар ойы, ерекше ұсынысы, еліміздің дамуына ықпал ететін әрбір пікірі біз үшін өте маңызды, – деді Мәулен Әшімбаев.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы баспасөз қызметінің жетекшісі Ақерке Берлібай жастарды жігерлендіру қайрау емес, ойын ашық айтуға берілген мүмкіндік, жол көрсету деген ойымен бөлісті.
– Қазір жастарға жол нұсқаймын деген азаматтарға мүмкіндік көп. Әлеуметтік желі арқылы ақыл-кеңес айтып жататынның қарасы көп. Бірақ жастардың мәселесі шешімін таппайды. Неге? Өйткені ұраннан гөрі нақты іске көшейік. Қандай мәселе болса да, іс жүзінде анық-қанығын нақтылап, бірлесіп шешейік, – деді Ақерке Берлібай.
Жиынға қатысқан жастар көкейдегі сауалдарын қойды. Атап айтқанда, Team Qazaqstan әлеуметтік мәселені шешудің бір тетігі болса деген ойын айтты. Алдағы уақытта Team Qazaqstan жобасының өкілдері, әсіресе, шалғайдағы елдімекендерді тағы бір рет толықтай аралап шығуды жоспарлап отыр.
Әйгерім ЕСЕНӘЛІ,
тележүргізуші:
– Аймақтарды аралағанда жастармен жүздесіп, олардың пікірін тыңдап, ұсынысын жазып алдық. Атап айтқанда, жастарға ақпарат қолжетімді болғанымен, оның ақ-қарасын анықтап жеткізудің маңызы зор. Team Qazaqstan жобасы – толассыз ақпараттан, нәтижесіз насихаттардан шаршаған жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Олар өз ойын анық, нақты айтады. Жобалары жүзеге асқанын қалайды. Сондықтан Team Qazaqstan жобасы арқылы жастар қоғамның дамуына үлесін қосады.
Асхат САДЫРБАЙ,
тележүргізуші:
– Қазір ақпарат ағыны қатты, оның анық-қанығын саралап отыратын әрбір адам кәсіби сарапшы емес. Сондықтан жалған ақпаратқа сеніп, дүрлігіп кететін, әлеуметтік желіде қызуқандылыққа жол беріп, эмоциясын игере алмайтын қолданушылар көп. Тығырықтан шығар жалғыз жол – сапалы ақпарат тарататын кәсіби блогерді көптеп дайындауымыз керек. Ақпаратты әрбір адам тарата алады. Бірақ мәселе ақпаратты қалай таратқанда болып отыр. Жастарға қоғамды өзгертуге шақырғанда олардың нақты ұсынысы болғаны жөн. Ұрандаумен мәселе шешілмейді. Қазіргі жастар өзгеріске дайын. Мәселен, сайлауға дейін де қоғамда дендеп бара жатқан мәселелерді айтқаным да қолдау таппады. Кертартпа сын көп айтылды. Неге мәселені тек саяси науқан кезінде айтамыз. Жай күндері, тым құрығанда, бір мәселенің шешімі табылса, проблема жиналмайды.
Динара ШАЙЖҮНІСОВА,
«Болашақ» корпоративті қайырымдылық
қоры кеңесінің төрағасы:
– Біз жастардың пікірін тыңдаумен қатар, бізге көмектесуін, біздің жобаларға атсалысуын сұраймыз. Соңғы жылдары шетелдің мультфильмдерін қазақ тіліне аударып, халыққа ұсынып жүрміз. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру өзекті деп айта беруге болады. Бірақ нақты әрекет еткеніміз жөн. Мәселен, біздің аударған фильмдердің көрсетіліміне келіп, ұсыныс айтып, пікір білдірсін. Кемшіліктерді айтсын. Оны шешудің нақты тиімді жолын ұсынғаны жөн. Ана тілдің мәртебесін арттыруға кез келген азамат атсалыса алады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қандай бастама болсын жастар тарапынан қолдау тапқаны өте маңызды.
Ерғазы ӘЗІМХАНҰЛЫ,
«Қазақстан жастары конгресі» республикалық
жастарды дамыту орталығының жетекшісі:
– Жастар өте талантты дегенді жиі айтамыз. Бірақ оларға сенбейміз. Оны айтар себебім, ауылда спортты дамытайық деп жергілікті басшыларға айтсаң, немқұрайды қарайды. Салқын көзқарас көп жобаның жүзеге асуына кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, «ауылдан мықты футболшылар шығады, ойнайтын алаң керек» деген ұсынысыма салғырт қарап сенбегендер болған. Олардың мықтылығын, намысқа тырысып чемпион болатынын дәлелдегім келді. Ең бірінші, бірдей форма сатып алуға 2 000 теңгеден қаржы жинадық, команда құрдық. Нәтижесінде, сол команда облыста үшінші орын алды. Міне, нәтиже! Теп-тегіс футбол алаңына жете алмай жүрген қаншама талантты футболшы бар. Оларға жағдай жасайық, мүмкіндік берейік. Ауыл жастарына қаладағы замандастарымен бірдей көңіл бөлейік.