Автокөліктің өртенуі жиілеп кетті

Автокөліктің өртенуі жиілеп кетті

Батыс Қазақстан облысында автокөліктің өртенуі жиілеп кеткен. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, өткен жылы осы мерзімде 24 автокөлік жалынға шарпылса, биыл оның саны 28-ге жеткен. Ал тұрғын үй секторында жыл басынан бері 117 (өткен жылы осы мерзімде - 136) өрт болды. Департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 22 мамыр күні Ақжайық ауданы Алмалы ауылында «Фольксваген Пассат» автокөлігінің мотор бөлігі өртенген. Бұл туралы сағат 11.55-те хабар түскен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер барған жоқ. Сол сияқты кеше Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылында ешкім тұрмайтын үй (иесі бар) өртенді. Тасмағамбетов көшесіндегі 4А-үй өртеніп 42 шаршы метрді қамтыды. №23 өрт сөндіру бөлімінің күшімен (4 адам, 1 техника) өрт сағат 10.50-де оқшауланып, 11.35-те сөндірілді. Қазіргі кезде екі өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.