Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен бас редакторлар клубының ұйымдастыруымен ақпарат және байланыс саласындағы ең өзекті мәселелерді қамтыған семинар өтті.
Ozon интернет компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Мария Зайкина БАҚ өкілдері күнделікті жиі кездесетін проблемаларына тоқталды.
Оның айтуынша, ақпарат таратуда дәстүрлі БАҚ, әсіресе, телеарналар ақпаратты сүзгіден өткізбесе, қас-қағым сәтте беделінен айырылады.
– Бүгінде кез келген салада бренд қалыптастыру оңай емес. Оның ішінде, БАҚ саласында үздік атану екінің бірінің қолынан келуі неғайбыл. Себебі, көрермен мен оқырманды жіпсіз байлайтындай ақпарат тарататын арналар мен сайттар арасында бәсеке жоғары. Сондықтан әрбір ақпарат құралының тым құрығанда өзіндік бір ерекшелігі болуы қажет. Брендті сақтап қалу трендке тәуелді екенін де естен шығармаған жөн. Мәселен, бір ақпаратты әр БАҚ өз ұстанымы шеңберінде таратады. Оның ішінде, сол мәселені жан-жақты зерттеп ұсынған БАҚ-тың оқырманы, көрермені көп болады. Өйткені қазіргідей мыңдаған ақпараттың арасынан сұранысқа сай дереккөз атану да оңай емес. Себебі, қазіргі уақытта халық кез келген ақпаратқа сене бермейді, – деді Мария Закина.
Сонымен қатар жиында БАҚ өкілдері ақпаратты талдап ұсыну, ресми ақпараттың тым кеш жарияланатынын да талқылады. Журналистер мемлекеттік мекемелерден ресми жауап алудың ұзақтығын тілге тиек етті. Астана LRT мекемесінің өкілі Әлия Жарқымбекова кез келген ақпаратты халыққа жеткізуде жылдамдық қажет деген пікірімен бөлісті.
– Мәселен, бір оқиға болса, халық ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбес бұрын, әлеуметтік желіде жариялайды. Әр азамат қолында бар дерекпен жаппай бөліскен кезде ел нақтысын білмей шатасады. Кімге сенерін білмей дағдарып қалады. Сондықтан әр мекеменің баспасөз қызметіне оқиға орнынан немесе шұғыл ресми ақпарат таратуда жылдамдық қажет. Қазіргі кезде мекемелер арасында шұғыл ақпарат таратудан өзара бәсеке бар, – деді Әлия Жарқымбекова.
Сондай-ақ БАҚ пен баспасөз қызметі арасындағы тығыз қарым-қатынас орнату өзекті мәселе екені талқыланды. Мекемелер жұмысының жандануы, беделінің артуы БАҚ-пен тығыз байланысты. Журналистер мен баспасөз қызметінің өкілдері арасындағы қызу пікірталасқа түсті. Мекемелердің ресми өкілі «тосын оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап үлгергенше, әлеуметтік желі арқылы елдің хабардар болуы кері әсерін тигізіп отыр» деп санайды. БАҚ өкілдері «кез келген ақпарат әлеуметтік желі арқылы тез таралғанының пайдасы көп, сол арқылы ел оқиғаның анық-қанығынан тікелей хабардар болады» деп есептейді.
Семинар соңында БАҚ, мекемелер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері ең бірінші сапаға мән беру керек деген тұжырым жасады.