Nur Otan партиясы Орталық аппаратының партиялық бақылау қызметі Ақмола облысына арнайы сапармен келді.
Көкшетау қаласына ресми іссапар барысында облыс орталығындағы онкологиялық емхананың құрылысымен танысты. Құрылыс нысаны «Құтты мекен» жобасы бойынша жүзеге асып жатыр. Орталық партия аппаратының Партиялық бақылау қызметінің өкілдері Дәурен Бижұманов және Нұрлан Баймұрзаев құрылыс барысымен танысып, бөлінген қаражаттың нақты жұмсалуын тексерді.
Ғимараттың құрылысы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр басталған. 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінге дейін ғимараттың 4 қабаты салынып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, Ақмола облысы – қатерлі ісік аурулары асқынған бес аймақтың бірі. Жылдан-жылға бұл көрсеткіш артпаса, кеміген емес. Мәселен, 2014 жылы онкологиялық аурулармен 8 036 адам тіркелсе, биыл жылдың басында 8 888 адам тіркелген.
Мамандардың айтуынша, онкологиялық орталықта қабылдауды 5 маман жүргізеді. Дәрігердің қабылдауына кіру үшін мұнда кезекті сағаттап күтуге тура келеді. Бұл емделушілерге де, медицина қызметкерлеріне де қолайсыз. Сондықтан қатерлі ісік ауруын анықтайтын скринингтік тексерулер жүргізу үшін қосымша емхана қажет. Әрі облыстың түкпір-түкпірінен келген науқастар диспансердің тар кабинеттерінде сағатап кезек күтуге мәжбүр.
Онкологиялық аурулардың алдын алу, халықтың емделуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында былтыр республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Тәулігіне 150 адамды бір мезетте қабылдауға мүмкіндік беретін емхананың құрылысы таяуда аяқталады. Партияның орталық аппаратының партиялық бақылау қызметі құрылыс нысанына оң бағасын берді. Орталық жұмысын бастаған кезде скринингтік тексеру арқылы қатерлі ісіктің алдын алуға мүмкіндік көбейеді. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен кадр тапшылығы болмайды.