Ақмола облысы Зеренді аудандық соты аудан әкімі М.Мұстафинді 3 жылға бас бостандығынан айырды. Ал оның бір орынбасары 1 жыл 6 айға сотталса, екінші орынбасарына 4 млн теңге айыппұл салынды. Себебі, олар жеке компаниялардың директорларынан жер телімін жалға алу мерзімін ұзарту және оларға тиесілі емес телімде дәнді дақылдар егуіне «мүмкіндік беру» үшін 3 млн теңге сомасында пара алған. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқынан айырылды. Өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлер арасында осы тектес жемқорлық деректері, өкінішке қарай, жиі тіркеледі.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ақпарат құралдары арқылы парақорлар туралы жалпақ жұртқа жар салса да, шенеуніктердің сескеніп жатқаны байқалмайды. Мәселен, осы жылдың ақпан айының басында агенттік бес бірдей облысты қамтыған қылмыстық топты әшкереледі. Көліктік бақылау инспекциясы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен желілік полицияның лауазымды тұлғалары тұрақты түрде заңсыз ақша алып отырған. Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында ұйымдастырылған арнайы операция кезінде 50 жемқор (ревизор, көліктік бақылау қызметінің өкілдері, жекеменшік тасымалдаушы компаниялардың жұмысшылары, вокзал кезекшілері, желілік полицейлер мен алыпсатарлар) ұсталды. Логикаға салсақ, бұл оқиға өзгелерге сабақ болып, саладағы жемқорлық тыйылуы тиіс еді. Алайда көп ұзамай «Алтынкөл» теміржол стансасының бастығы да құрыққа түсті. Ол радиациялық көрсеткіші нормадан жоғары тауар (халық тұтынатын) тиелген вагондарды ішкі нарыққа кедергісіз кіргізу үшін сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларынан 17,8 мың АҚШ доллары көлемінде жүйелі түрде пара алып келіпті. Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары да өз кабинетінде парамен ұсталды. Ол жалпы білім беру мекемелерінің басшыларынан бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінген. Ақтөбе қаласында үш полицей бір азаматтың ұлын қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін 300 мың теңге сомасында пара алып жатқанда қолға түсті. Басшысының рұқсатынсыз жарты миллиард теңгені банк шотына аударып жіберген де қызметкер тұтқындалған. Жалпы, мұндай мысалды көптеп келтіруге болады.
Парамен ұсталу, сотталу оқиғалары өзгелерге неге сабақ болмайды? Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдердің мысалы, қорқытуға негізделген саясат нәтиже бермейтінін көрсеткен.
«Қазақстанда сыбайлас жемқорлық үшін жыл сайын орта есеппен мыңнан астам лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бас бостандығынан айырудың ұзақ мерзімі, миллиондаған айыппұлдар, мүлікті тәркілеу, мемлекеттік аппаратта жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салу – осының барлығы шенеуніктерді ар-ожданымен мәміле жасауға әкелмей отыр. Заңнаманы одан ары қатаңдатудың келешегі жоқ. Одан да «Біреудің ала жібін аттама» деген қазақ мақалына сүйеніп, отбасында балаларға тазалық пен әділдік туралы берік ұстанымдарды ерте жастан бастап сіңіруіміз керек», – дейді.
Балабақшадан бастап, ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіру, мектепте – көзбояушылыққа жол бермеу, университетте – баға мен дипломды сатып алуды жою, кәсіпкерлердің бизнесті әдепсіз жүргізуден және шенеуніктерді сатып алудан бас тартуы сияқты дағды қалыптасуы тиіс.
«Бір мысал, емханалардағы медициналық анықтама саудасын бәрі жақсы біледі. Жемқорлықты туындататын мұндай қажетсіз құжаттарды қолданыстан алып тастауды ұсынамыз. Себебі, алдыңғы қатарлы елдерде №083, №086 анықтамаларының бірі де жоқ. Бұл анықтамалар шешімге ықпал етпейді. Абитуриенттің көзі нашар көрсе де, ЖОО-ға ала береді. Біздің елде, дәл осы анықтамаларды жасайтын тұтас индустрия бар. Одан да бұл құжаттарды электронды түрде қарайтын мүмкіндік ашу керек. Электронды мемлекеттік қызметтерді дамыту – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жеңудің бірден-бір жолы», – дейді агенттік төрағасы.
Мемлекеттік қызметкерлердің ел ішіндегі іссапарлар кезіндегі теріс қылықтарынан мезі болған облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер агенттікке жиі шағымданып жатыр екен.
«Әрбір іссапар үшін тексерушілерге логистика, тұру және тамақтану шығындарын жабатын жеткілікті қаражат бөлінеді. Алайда тексерушілер өңірлерге жол жүргінде, бөлінген қаражаттан бір тиын жұмсағысы келмейді. Жақсы қонақүй нөмірі, күнделікті түскі ас пен ең жақсы мейрамханадағы кешкі ас, қымбат сыйлық, монша және аң аулау – осының барлығы тексерілетін әріптестерінің жеке ақшасының есебінен жұмсалады. Бақылаушылардың тәбетін білетін жергілікті басшылар бизнесмендерге жүгінеді. Мұндай көмек ешқашан тегін болмайды және ары қарай кәсіпкер шенеунік тарапынан ерекше қамқорлыққа айналады. Мұның бәрі қалай аяқталатынын еске салудың қажеті жоқ», – дейді А.Шпекбаев.
Оның айтуынша, өңірлік іссапарларға, түрлі конференция мен семинарға шығатын барлық мемлекеттік қызметші мен оларды құрақ ұшып күтіп алатын қабылдаушы тарап жоғарыда айтылған «дәстүрден» арылмаса, жұмыстан босатудан бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады. Себебі, агенттік бұл мәселені жүйелі бақылауға алған, жекелеген өңірлерде кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылып та жатыр.
«Бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатында біз Үкіметке қашықтан мониторингке көшуді, көшпелі тексерулерді оңтайландыру жөнінде ұсыныстар енгіземіз. Бұл жұмысты сапалы жүзеге асыруда азаматтық қоғам институттары маңызды рөл атқарады. Барлық қоғам белсенділері мен немқұрайлы қарамайтын азаматтар осындай фактілерге мұқият назар аударып, бізді кез келген ыңғайлы тәсілмен: менің поштама жазбаша түрде жүгіну alik.shpekbaev@gmail.com, әлеуметтік желілерде хабарлау немесе Агенттіктің 1424 call-орталығына қоңырау шалып, хабардар етуге шақырамын», – деп жазды агенттік төрағасы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қалай десек те, жемқорлықты азайтуда қоғамның белсенді азаматтары кіріссе, нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл ретте қоғам белсенділерінің, мониторинг топтардың жұмысының арқасында бүгінде нақты нәтиже бар. Мәселен, соңғы екі жылда Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың деңгейі 23 пайызға төмендеген. Енді жемқорлыққа немқұрайлы қарай алмайтын азаматтар үшін Қазақстанның барлық өңірінде «қоғамдық бақылау картасы» енгізіледі. «Қоғамдық бақылау картасы» азаматтардың белсенділігін арттырудың жаңа құралына айналып, жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, жергілікті жерлерде мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Айта кетерлігі, Нидерландының елшілігі мен Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қорының қолдауымен «Астана қалалық қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы» іске қосылған. Карта шынайы уақыт режимінде Астана қаласының құрылыс, жөндеу және әлеуметтік нысандарды күтіп ұстауға бөлген жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын бюджет қаражаты туралы ақпаратты еркін алуға мүмкіндік береді. Кез келген адам тәулігіне 24 сағат бойы аталған процесті бақылап, оларды құжаттармен салыстыра алады. Бұл мемлекеттік органдар қызметін тексеру ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік сатып алуларға қатысатын бизнестің бюджет қаражатын тиімді игеруіне мониторинг жасау мүмкіндігі. Биыл бұл жоба еліміздің барлық өңірінде іске қосылады.
Сыбайлас жемқорлық ел дамуына кесе-көлденең тұрған үлкен кедергі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президенттік қызметіне кірісу салтанатында сөйлеген сөзінде де ерекше атап өтіп, бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалатынын жеткізді.
«Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деді Президент.
Бұл айтыла салған сөз емес. Өткен аптада Мемлекет басшысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде құрылымдық өзгеріс жасайтын шешім қабылдады. Сөйтіп, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екіге бөлінді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың басым бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді іске асырудың бастауы. Осы өзгерістен кейін сыбайлас жемқорлықпен күрес күшеймесе, әлсіремесі анық.