Елімізде карантин талаптарына бақылау күшейтіледі

Елімізде карантин талаптарына бақылау күшейтіледі

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясының пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ел тұрғындарының бекітілген карантиндік режимді қатаң сақтауды бақылауға алу мәселесі қаралды, - деп хабарлады primeminister.kz.

«Біршама өңірлерде ауруды жұқтыру саны көбейіп отыр, бұл тікелей карантиндік талаптардың орындалмауына байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай өңірлер санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын бақылауды ұйымдастырып, оларды орындамаған азаматтарға, мекемелерге, өндіріс объектілері мен кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тиісті шаралар қабылдауы керек», - деді Е. Тоғжанов.
Осыған орай, өңірлердің әкімдіктері мен мемлекеттік органдарға тапсырылды:
  • еңбек ұжымдарында әлеуметтік қарым-қатынастың деңгейін барынша төмендету (қызметкерлердің  50% қолдану);
  • жұмыс күні барысында бетперде тағу және уақтылы ауыстыруды бақылауда ұстауды ұйымдастыру;
  • әлеуметтік ара қашықтықты сақтау мүмкіндігін жасау;
  • қоғамдық көлікке жолаушылардың тек арнайы отыру орындарына сәйкес және міндетті түрде маскасы бар болған жағдайда ғана мінуін қамтамасыз ету;
  • қорғаныс, ішкі істер қызметкерлерінің қатысуымен қоғамдық және өндіріс орындарын, мекемелер мен объектілерді дезинфекциялау шараларын күшейту.
Берілген тапсырмалардың орындалуы Үкімет тарапынан тұрақты бақылауға алынады.