Солтүстік Қазақстан облысында тасымалдаушылар үшін тиімсіз бағыттарға автобустар жіберуге биыл 270 млн теңге субсидия бөлінді. СҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асқат Бакеевтің айтуынша, басқарма 4 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Солардың ішіндегі сұранысқа ие болып тұрғаны – облыс, ауданаралық әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау. Яғни шалғай жатқан, жолдары нашар ауылдарға автобус бағыттарын ашып, тасымалдаушылардың шығындарын өтеу. «Көптеген елді мекендерде алыс болғандықтан және сапасына байланысты автобус қатынасы жоқ, сондықтан халықты қолжетімді көлікпен қамтамасыз ету үшін осындай қызмет енгізілді. Былтыр бұл қызметті 84 тасымалдаушы пайдаланды. Биыл пандемияға байланысты екі ай көлік қатынасы үзілді. Әзірге бұл қызметті 24 тасымалдаушы пайдаланды», – дейді Асқат Бакеев. СҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 8 бағытқа 117 млн теңге демеуқаржы берілген. Биыл 10 бағытқа жергілікті қазынадан 270 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде, 66 елдімекен тұрғындары рейстік автобустармен қамтылып отыр. ҚазАқпараттың жазуынша, жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар тағы екі бағыт бойынша қоғамдық көлік жіберу жоспарда бар.